Наурыз – шаттық, Наурыз – той
Сап тыйылып Сарыарқаның бораны, Күн өрлейді күмбезінен жоғары. Наурыздың 22-сі толғанда, Тоғысады тоғыз жолдың торабы... Аймақ тұрғындары мерекені ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Барлық дерлік ұйымдарда Ұлыстың ұлы күні жаппай тойланды. Бір-біріне бірлік, береке, ынтымақ тілеген ағайын сағынысып көрісіп, мерекені әркім әртүрлі қарсы алды. Мәселен, шағын тәрбие мен білім ордасы «Гүлдер» бөбекжай-бақшасында Наурыз тойы 20 наурыз күні аталып өтті. Бұл тойда тәрбиеленушілердің әжелері негізгі кейіпкерлер рөлінде сыналды. Әже деген – асыл сөз, тәрбие көзі, мейірімділік пен сыпайылық символы, әдет-ғұрыпты жалғастырушы. [...]