КИЕЛІ МЕШІТ
Ұлы Жыланшық бойын ғасырлар бойы жайлаған байлар мен бектер, діндарлар мен тахуалар талай тарихи орындарды салдырып, халықтың игілігіне пайдалануға берген. Соның бірі де, бірегейі Жыланшық өзенінің бастауындағы бір саласы Дулығалы бойына салынған киелі қызыл мешіт. Халық Дулығалы мешіті деп те, Бердікей ишан мешіті деп те, Қызыл мешіт деп те атайды. Осы киелі өңірді ғасырлар бойы Бердікей руынан шыққан ишандар әулеті мен Бегімбет рулары мекен еткен. Кешегі XIX ғасырдағы Торғай облысының Қайдауыл болысына қараған осы өңірді Аманкелді, Кейкі, Әбдіғапар, Әлібилер мекендеген. [...]












