Сәуле ҚАСЫМОВА Маман тапшылығының бір себебі – үй-жайдың болмауы

Сәуле ҚАСЫМОВА Маман тапшылығының бір себебі – үй-жайдың болмауы

Жақында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кеңейтілген үкімет отырысында елдегі жұмыссыздық мәселесін көтерді. Өңірлерде жұмыс орындарын ашу баяу жүріп жатқанын сынап, үкіметке тапсырма берді. Бұл мәселе Қостанай ауданында қалай шешімін тауып жатыр? Осы сұрақ төңірегінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Сәуле Қасымовамен сұхбат жүргізген едік. Сұхбат барысында Бірыңғай жиынтық төлем турасында да әңгіме өрбіді.

– Сәуле Шүкірқызы, Қостанай ауданында жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр ма? Қолға алынып жатқан қандай нәтижелі жұмыстарыңыз бар? Әуелі осы жөнінде білгім келіп тұр…
– Қазіргі жағдайды саралау үшін кейінгі екі-үш жылдағы көрсеткіштерден бастайын. 2017 жылғы ауданда жоспар бойынша 567 жаңа жұмыс орнын ашу керек болатын. Алайда, 225 жұмыс беруші 914 жұмыс орнын құрып, жоспар артығымен орындалды. Яғни, 546 тұрақты, 368 уақытша жұмыс ұсынылған.
2018 жылы тура осындай жоспар енгізіліп, 1609 жаңа жұмыс орны құрылды. 268 жұмыс беруші 888 адамды тұрақты, 721 адамды уақытша еңбек етуге шақырды.
Биыл жылдық жоспардың жартысынан астамы орындалды. 162 тұрақты, 225 уақытша жұмыс орны құрылды. Жоспар – 567.
Осы сандардың өзі бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын көрсетеді. Әрине, Мемлекет басшысы айтқандай, әлі де жетілдірер тұс көп.
Қостанай ауданында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы белсенді жүзеге асырылып жатыр. Оның бірінші бағыты жұмыссыздарды кәсіптік-техникалық мамандықтарға оқыту болса, екінші бағыты – кәсіпкерліктің негіздерін білу үшін «Бастау Бизнес» жобасына жолдау. Арнайы курсты бітіргендерге жеңілдікпен несие беріледі, грант ұтып алуға да мүмкіндік бар. Үшінші бағыты – қос қолға бір күрек іздегендерді әлеуметтік бос жұмыс орындарына, жастар тәжірибесіне, қоғамдық еңбекке, тұрақты жұмысқа орналастыру. Бұл шараларға ауданда «Арвис» серіктестігі белсенді атсалысып келеді.
– Сіздің сөзіңізден аңғарғанымыздай, жұмыс ұсынушылар да көп, жұмыссыздар да азаймай отыр. Меніңше, оның негізгі себептері – нағыз мамандардың тапшылығы, жұмыс берушілердің қолайсыз талаптары мен мардымсыз жалақы және қоғамда белең алған масылдық психология. Ауданда жұмыс берушілер көбіне қандай мамандарды сұрайды немесе қай салада кадр тапшы? Олар қандай көлемде жалақы ұсынып отыр?
– Жұмыссыздық пен кадр жетіспеушілігінің бірқатар себебін айтып өттіңіз, мен Қостанай ауданына қатысты бір мәселені қоса кетсем деймін. Біздің ауылдарда маман тапшылығының негізгі себебі – үй-жайдың болмауы. Бәрінің сұрайтыны – баспана. Басында тұрақ болмаған соң, жақсы кадрларды ұстап қалу қиын, әрине. Сондықтан, жергілікті кәсіпкерлер, жұмыс берушілер осы жайтқа да назар бөлуі тиіс.
Бүгінгі таңда жұмыспен қамту орталығына тіркелгендер саны – 313 адам. Соның ішінде белсенді шараларға (әлеуметтік бос жұмыс орындары, жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыстар) 147 адам жолданды.
Ауылдық округтерге көбіне механизаторлар, ветеринарлар мен барлық санаттағы дәрігерлер жетіспей жатыр.
Әрине, қоғамда масылдық түсінік бары рас, дегенмен, еңбек етуге талаптанып жүргендер де аз емес. Қазір ауданда жұмыс берушілер ұсынып отырған ең төменгі жалақы – 50 мың теңге шамасында.
– Мамандарды қайта да- ярлау курстары жөнінде білгім келіп отыр. Кәсіптік-техникалық қайта даярлауға бюджеттен қанша қаражат бөлінді? Осы кезге дейін қанша маман оқып, олардың нешеуі жұмысқа тұрғызылды?
– 2019 жылы қысқа мерзімді оқуды 147 адам бітірді. Бұл мақсатқа 33 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Биыл оқығандардың 25-і еңбекке араласып, қоғамнан өз орындарын тапты. Қатысушыларды жұмысқа орналастыру жұмыстары әлі жалғасуда.
Ағымдағы жылы тағы қосымша 114 адам оқуға жіберіледі. Әрине, олар бірінші кезекте қоғамда сұранысқа ие мамандықтарды игереді.
Салыстырмалы түрде айта кетейін. 2018 жылы 26 млн 831 теңге қаржы бөлініп, оған 164 адам кәсіптік-техникалық білім алған еді. Барлығы да жұмысқа тұрып, жоспар 100% орындалған болатын.
– «Еңбек» бағдарламасы- ның бір міндеті – өзге өңірлердегі азаматтар мен оралмандарды көшіріп алу арқылы жұмыс күшін арттыру. Қостанай облысы 2019 жылы 970 көшіп келуші мен 605 оралманды орналастыруға дайын. Осы жылдың алғашқы үш айында екі жүзге тарта қоныс аударушы мен 470 қандасымызға квота берілген. Біздің ауданға қанша адам қоныс аударды? Көшіп келушілер қай елді мекендерді таңдады және оларға қандай көмектер берілді? Кейбір өңірлерде барлық жеңілдікті иеленіп алған соң, көшін кері бұрғандар туралы айтылып жатыр. Қостанай ауданында мұндай жайт болды ма?
– Қосымша жұмыс күшін шақыру үшін облыстық делегация құрамында оңтүстік аймақтарға барған едім. Ол жақта Тобыл-Торғай аймағына бет бұрғысы келетіндер көп екен. Қостанай ауданына ерікті қоныс аударушылар негізінен Затобол кенті мен Айсары, Владимиров, Половников ауылдық округтерін таңдайды. 2019 жылы Жамбыл, Маңғыстау, Алматы һәм Түркістан облыстарынан 4 отбасы, яғни, 21 адам көшіп келді.
Сонымен қатар, өзге елдердегі қандастарымыз да атамекеніне оралып жатыр. Осы жылы Моңғолия мен Өзбекстаннан құрамында 25 адам бар 5 отбасы біздің ауданға тұрақтады. Ерікті қоныс аудару ережелеріне сәйкес, барлық отбасыларға қажетті субсидиялар мен квоталар бөлініп, үй жалдауға бір реттік қаржылай көмек, жұмысқа тұруға жәрдем берілді. Жалпы, Қостанай ауданында қоныс аударушылардың жерсінбей, қайта көшіп кету фактісі тіркелген жоқ.
– Бүгінде халыққа Бірыңғай жиынтық төлем туралы кеңінен түсіндіріліп жатыр. Ол төлемнің төрт міндетті түрін біріктіреді: жеке табыс салығы (ЖТС); мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар; БЖЗҚ-ға зейнетақы төлемдері; міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына аударымдар. Осы жөнінде, аудандағы жағдай турасында айтып өтсеңіз…
– 2018 жылдан бері халық арасында Бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) енгізу туралы ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі.
Бүгінге дейін Қостанай ауданындағы ауылдық округтерде БЖТ ақпараттық баннерлері қойылып, әлеуметтік ғимараттар мен сауда орындарына хабарландырулар ілінген. Сондай-ақ, түрлі жарияланымдар мен құлақтандырулар, 34 рет халықпен кездесу өткізгенімізді де қоса кетейін.
Жұмыспен қамту орталығы мен Затобол кентінің мамандары қазір үй-үйді аралап, БЖТ жөнінде ақпарат таратып жүр.
Қостанай ауданында тұрғындар арасында әлеуметтік мәртебесі анықталмаған, өзін-өзі жұмыспен қамтыған немесе белсенді емес топтар санатына жататын 2903 адам бар. Олар да Бірыңғай жиынтық төлем төлеуі қажет. Ал, сол санаттағы жоспарға енген 638 адамның бүгінде 468-і (73,4%) БЖТ төлеп үлгерген. Салыстыру үшін қоса кетсем, облыс бойынша жоспар – 6454 адам, оның ішінде төлегені – 2956 адам (45,8%).
Ауданымызда БЖТ түсін- діру жұмыстары әлі де жалғасуда.
БЖТ-ді табыс алынған әр ай үшін жеке-жеке төлеу қажет. Сондай-ақ, келесі айларға аванс төлеу мүмкіндігі қарастырылған.
Төлеуші төлеуге тиіс бірыңғай жиынтық төлемнің мөлшері: республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстық маңызы бар қалаларда айлық есептік көрсеткіштің 1 еселенген мөлшерін; басқа елді мекендерде айлық есептік көрсеткіштің 0,5 еселенген мөлшерін құрайды.
Бұл ретте бірыңғай жиынтық төлемді төлеу кезінде «Республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің мөлшері қолданылады.
Аслан ҚАНҒОЖИН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!