Нұржанның мұрасы

Нұржанның мұрасы

Биыл «тақтақ ақын» атанған Нұржан Наушабаевтың туғанына 160 жыл. Осыған орай, тұлғаның атындағы Затобол мектеп-гимназиясында «Нұржан Наушабайұлының шығармашылық мұрасы» атты конференция өткізілді.

Нұржан Наушабайұлы – кітаби ақындардың көрнекті өкілі, композитор, балуан да болған. Ол жастық, жігіттік шағын ел аралап, ән салып, серілікпен өткізеді. Ыбырай Алтынсаринмен кездесуі оның ақындық талабына елеулі бетбұрыс әкеледі. Замана жайын, ел өмірін жырлауға көшеді. Адам мінезіндегі артық-кем жайттарды тұспалдап теңейді. Өз бетімен көп оқып, білімін жетілдіреді, әсіресе, шығыс әдебиетін, шағатай тіліндегі кітаптарды шұқшия оқиды. Шығыс ертегі-аңыздарының сюжетіне ұқсатып бірқатар мысалдарды дүниеге әкелген. Сонымен қатар, халық ауыз әдебиетін жоғары қадірлеп, өзі де мақал-мәтелдер жазған. Назымдары түгелдей дерлік ауыз әдебиеті үлгісінде, нақыл сөздер түрінде жазылған. Тағылымды жиында ақынның осындай еңбектері айтылды.
Конференция Н.Наушабаев атындағы Затобол мектеп-гимназиясы директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Нұрзия Саржанованың «Нұржан ата, өзіңнің мектебіңненбіз» атты баяндамасымен ашылды. Оқушылар ақынның шығармаларын ерекше тебіреніспен жатқа оқыды.
Ақын, филология ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры Ақылбек Шаяхмет «Діндар дәуірдегі әдебиеттің көрнекті өкілі» тақырыбында мазмұнды пайымдарымен бөлісіп, тұлғаның тағдыры, шығармашылығы жөнінде де құнды деректерді ортаға салды.
«Қалай дегенде де, Нұржан шығармашылығының басты жемісі – діни тақырып. Ақын өлеңдерінің өзегі, айтар ойы осыған келіп саяды. Ол дінге, жалпы дүниеге, өмір мен өлімнің арақатынасына диалектикалық тұрғыдан қараған ақын. Ислами білімі жетік болғанымен, ақын дінге соқыр сеніммен, ессіз фанатизммен берілмейді. Өлеңдерінде «Құран-Кəрімнің» маңызын, қадір-қасиетін толық түсіндірген ақын мұсылманның парыз-уəжіптеріне де талдау жасайды, əрі ол мұсылманның қырық парызын жеке-жеке талдап, көлемді «Қырық парыздың баяны» деген өлең жазады. Профессор Қ.Жұмалиев Нұржан шығармашылығындағы Ислам мəселелерін сөйлете келіп: «Нұржан Наушабаев бұл мəселені Əбубəкірден гөрі тереңдетіп, «Қырық парыздың» əрқайсысына жеке тоқтап, оның мəні мен тұтыну жолдарын өлеңмен үгіттеді», – деген бағалы пікір айтады. Бір сөзбен айтқанда, оның шығармашылығында дін тақырыбы ерекше орын алады», – Ақылбек Шаяхмет.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, фольклоршы-ғалым, «Парасат» орденінің иегері Алмасбек Алматов Нұржан атамыздың термелерін нақышына келтіре орындап, көрермендердің құлақ құрышын қандырса, Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының ғылыми қызметкері, жас ғалым Батырлан Сағынтаев көптен зерттеп жүрген тақырыбы – Нұржан атамызға байланысты тың мәліметтерін көпшілік назарына ұсынды.
«Нұрхан Ахметбеков қолданған мақамдар турасында анықталмай жүрген кейбір жайлар бар. Нұржантанушы А.Шаяхмет Нұрхан қолданған «Қос айқай» деп аталатын мақамды Нұржанның әуезі деген пікірде. Біздің білуімізше, «Қос айқай» мақамы Нұрханның туысқаны Ақназар Сапардың (Ақназар, Есназар Шақшақтан тарайды. Нұрханның руы Есназар) мақамы. Оңғарбайдың Сапары атанған бұл кісінің Нұрхан Ахметбеков, Ахметхан Әбіқаев секілді ақындарға үлгі бергені туралы Мәлікзада Нұрханұлы жазған еді. Сапардың «Үш ғұлама», тағы басқа әндерін Нұрхан мен Ахметхан орындап жүргені жөнінде белгілі жыршы Сардан Әбікеев те өз жазбаларында атап өткен. Сондықтан, «Қос айқайды» Нұржанға телу – ағат пікір», – деді Батырлан Сағынтаев.
Осы және өзге де деректер тыңдаушы қауымды бейжай қалдырған жоқ. Оқушылар өздерін толғандырып жүрген бірнеше сұрақтарын қойып, қонақтармен қызу пікір алмасты.
Әсем ЖАҢБЫРШИНА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!