Ән қалай патриоттық рухты көтеру құралына айналады?

Ән қалай патриоттық рухты көтеру құралына айналады?

Патриоттық әндердің құдіреттілігі сол, жұртты жұдырықтай жұмылдырып, рухын асқақтата түседі. Әр дәуірдің патриоттық әндері сол замандағы ұрпақтың Отан үшін оққа да, отқа да түсуіне себепкер болған идеологиялық қаруы. Бүгінгі ортада патриоттық әндер неге аз шырқалады, себебі неде?

Сіз қандай патриоттық әндерді білесіз? Қосылып шырқап көрейік! Ойланып қалдыңыз ба? Мен де әндердің сөзін бірден есіме түсіре алмадым. Көптен бері радио
-теледидардан да тыңдамаппын. Қазіргі таңда махаббат жайлы лирикалық немесе той әндерінен аз айтылып жүрсе де, қазақ эстрадасында патриоттық әндер жоқ емес, дегенмен жеткілікті деп те айта алмаймыз. Н.Тілендиевтің «Менің елім», Ә.Еспаевтың «Туған ел», «Бейбітшілік сақталады», Е.Хасанғалиевтің «Атамекен», С.Бәйтерековтың «Әлия» секілді біраз жылдан бері әншілердің бірнеше буыны және қарапайым халық ауыздарынан тастамай айтып келе жатқан бірегей шығармалар күні бүгінге дейін құндылығын жоғалтқан емес. Дәл қазір осы деңгейлес патриоттық әндер бар ма? Осы сауал туа қалғанда біздің есімізге Ж.Дәулеттің «Қазақтай ел қайда?», Е.Құдайбергеновтің «Қазақтың жігіттері», Е.Зейіпханның «Көк тудың желбірегені», «Отырардағы той», Ержан Серікбаевтың «Алға, алға, қазақ жігіттері», Маржан Арапбаеваның орындауындағы «Қазақ елі осындай» іспетті тыңдарман жүрегіне жол тапқан біраз әндер түседі. Осындай оншақты ән үлкен сахналарда орындалып, азын аулақ телеарналардан беріліп тұрады. Жүректі тербейтін, көңілде сөнбейтін, ешқашан өлмейтін құдірет осындай патриоттық әндерде ғой. Ғұмырлы ән – халықтың жаны. Бір кездері Кеңес заманында біздің ата-әжелеріміз «Партия қайда болса, Жеңіс сонда!», «Алға, комсомол!» – деп екпіндете шырқап, тың игеру жұмыстарына білек сыбана кірісті, еліміздің түкпір-түкпіріндегі ірі құрылыстарға аттанды. Идеологиялық үгіт-насихаттың арқасында жанқиярлық әрекеттерге барып, бір кісідей жұмыла еңбектенген еді сол тұстағы буын. Осы кезде патриоттық әндер үгіт-насихаттың ықпалын арттырып, жастардың жігерін жани түсті. Яғни, халықтың рухын көтеріп, азаматтық белсенділігін арттыруда патриоттық бағыттағы әндердің маңызы зор еді. Патриоттық әндер кеше де, бүгін де, ертең де ерекше бағалы бола бермек.Бүгін біз бейбіт елде, байтақ жерде өмір сүріп жатқан бақытты ұрпақпыз. Бірақ бізді осы күнге жеткізу үшін кешегі ата-бабаларымыздың Ақтабан шұбырындының азабын тартқанын, ашаршылықта қынадай қырылғанын, зиялыларымыздың репрессияға жазықсыз ұшырағанын, Ұлы отан соғысында кеуделерін оққа тосқанын естен шығармауымыз керек. Азаттық жолындағы еліміздің тарихы «Елім-ай», «Атамекен», «Жас қазақ» секілді әндер арқылы бізге жетті. Біздің алдымызда тұрған ендігі міндет, егемен елдің ертеңін сеніп тапсырар намысты, қайсар, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу. Осы орайда бізге патриоттық әндеріміздің молая түскені аса маңызды.
Қай заманда да патриоттық әндер ел тарихындағы елеулі оқиғаларға байланысты туып отырады, Айталық, ақтабан шұбырынды кезінде «Елім-ай» шықса, ұлт-азаттық көтерілісі барысында Махамбеттің өр рухты жырлары дүниеге келді. Сол сияқты Ұлы Отан соғысындағы майдан даласында шыққан «Свяшенная война» бүкіл одақтың ұранына айналды. Одан кейінгі Ұлы Жеңіс күніне орай жазылған «День победы» әнін көзінен жас алмай орындаған адам болмады.
Қазақ үшін ең Ұлық күн – азаттықтың ақ таңы атқан Тәуелсіздік мерекесі. Егемендікке, елдікке қолы жеткен қазақ Бекболат Тілеуханмен бірге:
«Арайлап таңым, асқақтап тауым,
Ән ойнап көгім, күй тартты көлім.
Қол жетті, міне, аңсаған күнге
Жасай бер, жаса, қазағым менің» деп шырқады.
Баршаға мәлім, 2006 жылдан бастап Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтың «Менің Қазақстаным» әні көгімізде әнұран боп қалықтады. Ал бұған дейінгі Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Жадыра Дәрібаева сынды ақындар сөзін жазған Қазақстан Республикасының алғашқы әнұраны да патриоттық әндердің қатарына жатады.
Бұл әндер Қостанай ауданында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында дәстүрлі түрде өтіп тұратын патриоттық әндер байқауында да шырқалалып, халыққа насихатталады. Мәдениет саласында 20 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Гүлжан Шалғымбаеваның айтуынша жастардың арасында өтетін бұл ән мерекесінің тәрбиелік мәні өте жоғары. Адамның рухын көтеріп, жігерлендіре түсетін әндердің өз тыңдармандары бар. Дегенмен, біздің тарапымыздан тыңдаушының намысын жанитын, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыратын әндерді көбірек насихаттап отырсақ, халық арасында кең тараларына сенемін.Әрбір ән халықтың жүрегінен орын тапса, патриоттық әнге айналары сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!