Ұмытыла бастаған салт-дәстүрлер

Ұмытыла бастаған салт-дәстүрлер

Салтыңды сақтау – ұлттық болмысыңды жоғалтпау. Өзім дәстүрлерді бұлжытпай орындауға тырысамын. Оны дәріптеп, айналамдағы адамдарға ой салып, замандастарымның есіне түсіріп жүремін.

Салт-дәстүрлер ата-бабаларымыздың баяғы замандағы іс-әрекетінен, тұрмыс-тіршілігінен, тәлім-тәрбиесінен хабар береді. Өкінішке қарай, қазір соның көбі ұмытылып барады.
Тұрмыстық салт-дәстүрлердің бірі – Ерулік беру. Ол ауылға жаңа көшіп келген отбасын құрметтеп, қонақ асына шақыру. Отбасы жаңа ортаға тез үйреніп кетуі үшін беріледі. Жаңа көшіп келген отбасыға отын-су әкеліп, көмек көрсетеді. Бұл – адамдардың сыйластығын нығайтып, бірлігін, қарым-қатынасын жақсартады.
Тоқымқағар – ақ ниеттен, адал көңілден атқарылатын ата-аналық парыз. Ауыл-үйдің қарттары жол жүрерде немесе жас жеткіншек тұңғыш рет атқа мінерде, жол жүрерде «тоқымқағар» деп аталатын тамақ пісіріліп, дастарқан жайылады. Бір жағы сапарға шыққан адамның жолы болсын деген тілектестік, екіншіден, жас баланың азамат болғанына қуаныш білдіру белгісі. Осыдан кейін қазақ бұл балаға арнайы айыл-тұрман, ер-тоқым, жүген-ноқта, шідер мен кісен, арқан дайындаған. Былайша айтқанда, бәсірені жабдықтау шарты.
Ақсарбас атау дәстүрі. Адамдар қауіп-қатерге ұшырағанда: «Алла Тағала, мені осы қиындықтан құтқара гөр, Ақсарбас» деп үш рет айқалаған. Кейін қауіп-қатерден аман қалған әлгі адам ауыл-аймағын шақырып, ас берген. Ақсарбас – тілеу тілеп, ақ ниетпен құдайыға сойылатын мал. Ерекше қуанғанда, қатты шошығанда немесе әлденеден тосын қатерге тап болғанда жаратқанның жебеуі үшін арнайы атап шалынады. Ерте заманнан келе жатқан бұл ғұрып табиғат құбылысына, тылсым күшке иланудан пайда болған. Ақсарбасқа түсі бірыңғай ақ не боз, басы сарғыш не қасқа мал аталады. Ақ түс қазақ сенімінде пәктіктің, адалдықтың, әділдіктің нышаны.
Қапқағар – қыстан қалған азын-аулақ артылған етті асып, жақын, сыйлы кісілерді шақырып, қонақ ету дәстүрі.
Мойнына бұршақ салу. Ертеде баласы жоқ адамдар мойнына көгеннің бұршағын салып, Құдайдан перзент сұрап жалбарынған, жылаған. Мойынға бұршақты бала тілегенде ғана салады.
Енші беру – ата-анасы баласы үйленген соң, отау тігіп, бөлек шығарады. Сонда малынан – мал, мүлкінен – мүлік бөліп береді, ыдыс-аяқ сыйлайды. Мұны «енші беру» деп атайды. Жас отбасының мал-мүлкіне келіннің төркінінен келген дүние қосылып, толыққанды жеке шаңырақ болып шыға келеді. Ата-анасы қайтыс болса, олардың малы мен дүние-мүлкінен үйдің үлкені інісіне еншібас беруге тиіс.
Аунату. Қазақтар үйіне қонаққа келген қадірлі адамдардың отырған, жатқан жеріне «баламыз осы атасына тартсын, бойына осы кісінің қасиеттері қонсын» деп балаларын аунатып алатын болған. Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жеріне келгенінде халық, туған-туыстары, дос-жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған. Қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов үйіне әйгілі қаламгер Мұхтар Әуезов келгенде, ол отырған орындыққа ұлын аунатып алған деседі.
Қазан шегелеу. Жақын туыс, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдардың шаңырағына екі-үш адам бірге барып: «Осы үйдің қазанын шегелей келдік» дейді. Бұл – олардың түстеніп, ет жеуге келгені. Үй иесі оған әзілмен жауап қайтарып: «Жақсы болды, қазан шегелейтін адам таба алмай отыр едік», – деп қонақжайлық танытады. Әйелі ет асып, қонақасы береді.
Жылу жинау – тұрмыстық қажеттіліктен туындайтын дәстүр. Табиғат апатына ұшыраған, өрт, су тасқыны, жер сілкінісі, тағы басқа да бақытсыздыққа душар болған адамдарға көрсетілетін көмек «жылу жинау» деп аталады.
Кеусен – егіннен мол өнім алған уақытта туысқандарына, дос-жолдастарына, ауылдастарына өзінен артылғанын бөліп беру. Бұл да қазақтың мырзалығын көрсетеді.
Осындай жақсы іске итермелейтін салттарымыз қалып барады. Көршілер бірін-бірі танымайтын, сыйласпайтын дәрежеге жеттік. Осы ескі салт-дәстүрімізді жаңғырту үшін мемлекетте көптеген шаралар ұйымдастырылып жатыр. Мысалы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында қолға алынған бағдарламаларды айтуға болады.
Осы мақалаларды оқыған әр адам әр тармағы бізге рухани байлық сыйлайтынын түсінеді. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы қазақ халқының өзге халықтардан ерекшелігі мен артықшылығын айтарлықтай көрсеткен. Бұл еңбекті оқыған әрбір азамат мол мұраны, өшпес тарихты бойына қалыптастырады деп ойлаймын. Басқа жұрттан қазақ халқын айрықшалар тұратын салт-дәстүрі, тәлім-тәрбиесі.
Әрбір салт-дәстүр жастарға мәдениетті, мейірімді, жігерлі, қайратты болуға, айта берсе, көп нәрсені қалыптастыруға бағытталған. Осы болмысымызға тән дүниелерді құрметтеп, дәріптеп, ұмытпау керек. Осы іске біз, болашақ ұрпақ кіріскені абзал.
Гауһар САПАБЕК,
Еңбек НМ оқушысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!