Әлем елдері Жаңа жылды қалай қарсы алады?

Әлем елдері Жаңа жылды қалай қарсы алады?

Бұл мерекені әлем халқы әртүрлі уақытта атап өтеді. Қазақ халқы Ұлыстың ұлы күнін ерекше күткен. Жаңа жыл мерекесін көшпелілердің көктемде тойлауы жөнінде көне қытай жазбаларындағы деректерде сақталыпты.

Ресейде Жаңа жылдың басты кейіпкері – Аяз ата. Ежелгі Русь христиан дінін қабылдағанға дейін Жаңа жылды наурызда қарсы алып келген. Мейрам күндері Құт құдайының құрметіне арналған шырақтарды шие ағашының бұтақтарына іліп, түрлі аурулар мен пәледен сақтайды деген сеніммен дастарқан басына жиналғандар алдына 3 бас сарымсақ, үстелдің қақ ортасына бетін шөппен жапқан 12 тал пияз қояды екен.
Аяз Ата жайындағы тікелей деректер славян халқының мифтік аңыздарында көрсетілмегенмен, оның пайда болуы жайындағы әртүрлі болжамдар бар. Солардың бірі сықырлаған түнгі аяз бен өлілер әлемінің қатыгез, қатал Аяз, Мұз есімді рухтары жайында кельт заманынан қалған аңыздар желісінде айтылады.
Аяз Ата мен Ақша қардың Жаңа жылды «бірігіп тойлауы» тек орыс елінде және ол екеуі 20-шы ғасырдың бас кезінде ғана «табысқан». Екеуінің тандем жасауы басқа христиан мемлекеттерінде кездеспейді.
Голландия мен Фландрияда Аяз Ата рөлін сомдайтын Қара Пит есімді сайқымазақ Қасиетті Николайдың көмекшісі болған деседі. Қасиетті Николай заманында тәртіпті балаларға сыйлық таратып, тәртіпсіз жеткіншектерді қамшымен сабап, олардың тәртіпті болуына уәдесін алатын қызметті қоса атқарады екен.
Ақсүйек ағылшындар Жаңа жылды 18-ші ғасырдың бас кезінде 2 наурызда тойлаған. Ашық хаттармен құттықтаулар алмасу дәстүрі де ең алғаш Англияда пайда болған. Алғашқы жаңа жылдық ашық хат Лондонда 1843 жылы басылып шығыпты. Осыдан соң Британ аралдарында бұл салт кең тараған. Сол үшін мұнда сағат тілі 12-ні соққанда ескі жылды шығарып жіберу үшін артқы есікті ашып, алдыңғы есіктен ішке Жаңа жылды кіргізетін дәстүр бар көрінеді.

Сыйлық түрі – тырма
Жапонияда Жаңа жылдың негізгі сыйлығы – тырма. Сірә, «бақытты тырмалап жинайды» дегенге саяды. Бұл дәстүр олардың өздеріне өте ұнайды. Себебі, ескі заттардан құтылу арқылы, олардың орнын жаңасы басады. Ал олардың жаңа жылдық дастарқанында міндетті түрде жаңғақ пен жүзім міндетті түрде болады. Бұл ұзақ өмір мен денсаулықтың белгісі делінген. Жапон балалары Жаңа жылды жаңа киім киіп қарсы алады. Денсаулық пен сәттілік әкеледі деп сенеді. Бұл күні орасан зор дабылдар соғылып, көшені у-шу қылады. Қоңыраудың 108 соққысы Жапонияға Жаңа жылдың келгенін хабарлайды. Ал таңертең жапондар күннің шыққанын қарсы алу үшін таза ауаға шығады. Таң шапағымен олар бір-бірін құттықтап, сыйлықтар алмасады екен.

Есесіне үш король бар
Испаниядағы Жаңа жылдың белгісі – Санта Клаус. Ал ресми танылған Аяз Атаның есімі – Папа Ноэль. Бостандық аралында нақты Аяз Ата жоқ, есесіне жаңа жылда балаларға сыйлық тарататын үш бірдей Ғаспар, Мельхиор, Бальтасар есімді корольдері бар.
Кубалықтар Жаңа жыл қарсаңында үйдегі бүкіл ыдыстарды суға толтырып, түн ортасында оны терезеден сыртқа төгеді екен. Осылайша Бостандық аралының тұрғындары Жаңа жылға жылға таза су сияқты қарап, жарқын да ашық жол тілейді.
Италияда Жаңа жыл 6 қаңтарда басталады. Бұл елде аталған мейрам қарсаңында ескілерден арылып, жарқын өмір бастау керек деген сенім қалыптасқан. Сондықтан, Жаңа жыл түнінде бүкіл ескі заттарды терезеден лақтыру дәстүрі бар. Ырым бойынша босаған орындарды міндетті түрде жаңа заттар иемденетін көрінеді.

Сыйлықты бәтеңкеге жинайды
Грекияда тура сағат он екіде отағасы аулаға шығып, анар жемісін қабырғаға бар пәрменімен ұрып жарады екен. Дәндері бақшаға шашырап кетсе, сол жылы отбасы берекелі, тату өмір сүреді деседі. Гректердің ұғымындағы танымал тұлға – ұлы Василий. Бұл күндері балалар пеш түбіне аяқкиімдерін қойып, оған ұлы Василий сыйлық салады деген қиялмен өмір сүреді. Келген қонақтар өздерімен бірге дәу тас әкеліп, «үй иесінің байлығы осындай ауыр болсын» деп оны табалдырыққа тастайды екен. Ал кішкентай тас әкелсе, «тіл-көзден сақтасын» деп дұға етеді екен. Егер үлкен тас табылмай қалса, онда «Қожайынның көзіндегі теріскен осы тастай кішкентай болсын» дей отырып, табалдырыққа кішкентай тасты тастап жіберетін де ырымдары бар.
Вьетнамда Жаңа жыл ай күнтізбесі бойынша 21 қаңтар мен 19 ақпан аралығында аталып өтіледі. Мерекелік дастарқанға гүл шоқтары қойылады. Бұл түні барлық ұрыс-керістер ұмыт болып, өкпелеген жандар бір-бірінен кешірім сұрайды. Бұл күн – жылдан-жылға өзгеріп отырады. Сонымен қатар, олардың сенімінде бірінші табалдырықтан кірген адам сол үйге сәттілік әкеледі делінеді.
Болгарияда қонақтар, туған-туыстар Жаңа жылда мерекелік дастарқанға жиналады және бүкіл үйлерде үш минутқа жарық өшіріледі. Қонақтар қараңғыда қалатын сәтті жаңа жылдық сүйісу минуттары деп атайды, оның құпиясы – қараңғылық еншісінде.

Бұл күні дұғалар оқылады
Еврейлік жаңа жыл «Рон Ашан» деп аталады. Еврейлер ескі жылдың соңғы айында ғибадат етіп, дұғалар оқиды. Ал жаңа жылдық дастарқанда алма мен бал міндетті тағам түрінде қойылады. Алманы балға батырып жеу дәстүрі бар. Інжіл аңызы бойынша, Иса пайғамбардың дүниеге келгенінен хабар берген Вифлеем жұлдызын көрген бойда жұлдыздың соңына еріп, Иерусалим қаласына жол тартатын көрінеді.
Бирмада Жаңа жыл сәуірдің 12-сі мен 17-ci аралығында басталады. Оның нақты басталар күнін Мәдениет министрлігі бұйрықпен хабарлайды, сөйтіп, мейрам үш күнге жалғасады.
Қытайда Жаңа жыл 17 қаңтар мен 19 ақпан аралығында, аспандағы ай жаңарғанда келеді-мыс. Әлемдік стандарт қаншалықты өміршең десек те, көне өркениеттер орталығы болған бұл ел осылайша бағзыдан қалған дәстүрінен айнымай келеді. Мыңдаған шырағдан жағылып, Жаңа жылдың жолын ашу рәсімі жасалады. Қытайлықтардың пайымынша, Жаңа жыл залым рухтардың қоршауында болады. Сондықтан, оларды қорқытып, қуалау үшін түрлі жарылыстар жасалады. Кейде олар есіктер мен терезелерді қағазбен бітеп, ішке зұлым рухтардың кірмеуін қадағалайтын салт бар екен.

Ышқынып ысқырады
Венгриялықтар жаңа жылдың алғашқы секундтарында ышқынып тұрып ысқырады екен. Ысқырғанда балаларға арналған ойыншықтарды қолданады. Ырым бойынша ысқырықтың дауысы теріс күштерді қуып, қуаныш пен бақыт шақырады деседі. Дастарқандарына үрмебұршақ пен асбұршақ, алма, жаңғақ, сарымсақ, бал қояды.
Непалда Жаңа жылды күн шыға қарсы алады. Түнде, ай толысқан кезде непалдықтар алау жағып, оған керек емес заттарын лақтырады. Бояулар мерекесі – өзіндік бір ғажап көрініс. Адамдар беттеріне, қолдарына, кеуделеріне түрлі бояулар жағып алады да, көшеге шығып ән салып, би билейді.
Швед балалары бұл күні түстер ханшайымы Лючийді таңдап, оған ақ көйлек кигізіп, басын май шамдармен әрлейтін көрінеді.
Неміс елінде Рождество мерекесі Жаңа жылға қарағанда кеңірек тойланады. Бұл отбасылық мереке саналады. Жанұяның барлық мүшелері міндетті түрде дастарқан басына жиналуы тиіс. Осы күні Бешерунг – дәстүрлі сый-сыяпат, сыйлық алмасу үрдісі басталады. Жаңа жылдық мәзірдегі ең басты тағам – Лебкухен деп аталады. XVI ғасырда мейіз бен ұннан тұратын осы тағамның ұзындығы адам бойына жетеді деседі.
Эквадорда егер іш киіміңіз қызыл түс болса махаббатқа, сары түс ақшаға жол ашады деген ұғым қалыптасқан. Себебі, олардың наным-сенімдерінде махаббат пен ақша мол болады деген сенім ұялап қалған. Егер жыл бойы жер шарын аралап қыдырғыңыз келсе, онда сағат тілі 12-ні соққанша қолыңызға шабадан немесе үлкен сөмкеңізді алып, үйді айналуыңыз керек. Қайғылы сәттерді ұмыту үшін сағат 12-ні соға салысымен далаға суға толған стақаныңызды лақтыра беріңіз.
Финляндияда Жаңа жыл 25 желтоқсанда тойланады. Дәл осы күні Аяз ата ұзақ жол жүріп келіп, үй алдына үлкен себетке салынған сыйлықты қалдырады. Сондай-ақ, бұл түні финдер тағдырларын білу үшін бал ашады. Яғни, балауыз балқытып, оны суық суға құяды. Осыған байланысты алдағы тағдырларына қатысты мәліметке қанық болады-мыс. Панама халқы болса қатты айқайлап, шу көтеруді лайықты санайды екен. Көліктерінің қоңырауларын шыңғыртып, дауыстарын қатты шығаруға тырысады.

Парсылар жыл басын наурызда тойлайды
Иранда Жаңа жылды 22 наурыздың түн жарымында қарсы алады. Бұл күні мылтықтардан оқ атылады. Бұл елде Жаңа жылдың алғашқы күнінде үйдегі ескі қыш ыдысты сындырып, оны жаңасымен алмастыру дәстүрі қалыптасқан. Наурыз мейрамының 2 мың 500 жылдық тарихы мен өзіндік қайталанбас дәстүрі де бар.
Жаңа жылға бірнеше апта қалғанда адамдар ыдысқа әртүрлі дән егеді. Еккен дәннің өсіп жетілуімен алғашқы көктем мен келер жылдағы өмір бейнеленеді-мыс.
Уақыт безбенімен Аяз Ата мен Ақшақар «жазықты болып, жазаға да тартылған» кездер болған. 1930 жылы Аяз Ата мен Ақшақар саяси сенімсіздіктен «ақталды». Алғашқы мемлекеттік ресми Жаңа жыл Кеңес өкіметінде 1935 жылдың 31 желтоқсанында аталып өткен. 1937 жылдың қаңтар айында шырша тойында Аяз Ата мен Ақшақар табысып, содан бері жұбын жазбай келеді.
Ермек ЗӘҢГІРОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!