Бизнеске ашылған даңғыл

Бизнеске ашылған даңғыл

Биыл Қазақстанда «Жастар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Жас кәсіпкер» жобасын іске қосты. Мақсат – кәсіп бастап, өзінің бағытын тауып, табысты болғысы келетін жастарға қолдау көрсету. Бастама ел ауқымында тиімділігін көрсеткен, танымал «Бастау Бизнес» жобасы аясында іске асырылады.

Соңғы екі жылда (2017-2018) «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бастау Бизнес» жобасын сәтті жүзеге асырды. Оның аясында ауылдық және аз қоныстанған елді мекендерде 43 мың тұрғын бизнес негіздерін оқыды. Биылдан бастап, Президент тапсырмасымен жастарға арналған гранттық қаржыландыру екі есе көбейтілетін болды. Осының нәтижесінде үш жыл ішінде 300 мың жас кәсіпкерлік әліппесін үйреніп, кем дегенде 80 мың адам өз ісін бастайды деген болжам бар.
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша, осы жылы Қостанай ауданында 115 адам сертификатқа ие болса, қыркүйек, қазан, қараша айларында тағы 155 адам үш топқа бөлініп оқытылады. Биылғы түлектердің ішінде 35-і жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп кәсіптерін бастап кеткен. Сондай-ақ, 7 адамның бизнес жобасы мақұлданып, олар да тиесілі қаражатқа қол жеткізгелі отыр.
Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының мәліметінше, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы үлестірілген кредиттердің дені елді мекендерде мал өсірумен айналысамын деушілер берілген. Сонымен қатар, жүк тасып, жолаушыларға қызмет көрсетуді қолға алып жатқандар да бар.
Кәсіпкерлік негіздерін оқып шыққандардың 12-сі 252 мың 500 теңгеден грант ұтып алған. Олардың ішінде жастар да кездеседі.
Жастарға тағы бір жол ашылды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Жас кәсіпкер» білім беру жобасына қатысушылардың алғашқы легін оқытуды бастады. Оған 18 бен 29 жас аралығындағы жұмыссыз, тұрақты табысы жоқ қыз-жігіттер тартылып жатыр. Тыңдаушылар екі апта бойы кәсіпкерлік негіздері, тайм-менеджмент, жобалық менеджмент, маркетинг, құқықтық және қаржылық аспектілеріне қатысты білім алып, бухгалтерлік есеп жүргізуді меңгереді. Яғни, бизнес-тренер болашақ кәсіпкерлерге бизнесті жүргізу машықтарын үйретіп, кейін жеке кәсіп құру, жаңа жұмыс орындарын ашуға көмектеседі. Қаржыландыруға қол жеткізу, соның ішінде нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының шарттары бойынша несие алуға жәрдемдесіп, жүзеге асқан бизнес-жобаларын сүйемелдейді.
Қостанай ауданында жобаға қатысушылардың алғашқы сабағы 24 шілде күні басталды. Мұнда болашақ кәсіпкерлер бизнес-тренер Ақмарал Бекмырзаевадан тәлім алады. Оның бұл бағытта тәжірибесі жеткілікті. Кәсіпкерлерді оқытып жүргеніне үшінші жыл.
Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының биылғы жоспары – аталған жоба бойынша 130 жасты оқытып шығару. Әзіргі бірінші лекке 70 адам тест арқылы таңдалып алынды.
«Талап білдірушілер көп. Міне, 70 адам кәсіппен айналысудың қыр-сырын үйренуге партаға отырды. Тамыз айының 13-інде кезекті тест сынағы өтіп, тағы 60 жас іріктеліп алынады. Оған 18 бен 29 жас аралығындағы жұмыссыз немесе өзін-өзі еңбекпен қамтыған ауданның кез келген тұрғыны қатыса алады. Көп құжат та керек емес, жеке куәлігі мен мекенжай анықтамасы болса жеткілікті», – дейді жобаның координаторы Әлия Шалабаева.
Оның айтуынша, жобаға қатысушыларға берілген сертификат екі жылға жарамды. Жас кәсіпкерлер сол уақыт ішінде 6% жеңілдікпен 2 млн теңгеге дейін несиеге қол жеткізіп, оған қоса, 200 айлық есептік көрсеткіш есебінде, яғни, 550 мың теңге қайтарымсыз қаражат ұтып алу үшін конкурсқа қатыса алады.
«Грант ұтып алу үшін қандай да бір салаға басымдық берілмейді. Дәмхана немесе ателье ашам дей ме немесе тастөсеніш өндірумен, қоян өсірумен айналысамын дей ме, бастысы бизнес жобасы мықты жасалуы тиіс. Сондай-ақ, көп балалы немесе аз қамтылған отбасынан деп бөліп-жармаймыз. Бәрінің мүмкіндігі бірдей», – деді Әлия Шалабаева.
«Жас кәсіпкер» жобасы арқылы бизнес ашқысы келетін жастың бірі – Октябрь ауылының тұрғыны Әділ Нұрышев.
«Әзірге немен айналысатынымды нақтылаған жоқпын. Басымда сан түрлі идея бар. Дәрістен оқып-білгенімді саралап, қал-жағдайымды, әлеуетімді шамалап, іске кірісемін деп отырмын», – дейді 21 жасар жігіт.
Садчиков ауылының тұрғыны Зарина Зайнурова да жобадан мол үміт күтеді. Алғашқы сабаққа зор ынтамен келгенін айтады.
«Жасым жиырма төртте. Екі баланың анасымын. Күйеуім жұмыс істейді. Өзімнің бизнесімді бастап, жетістікке жеткім келеді. Мамандығым – аспаз. Дәмді тамақ істегенді жақсы көремін. Соған байланысты кәсіп ашсам ба деймін. Ауылға бір жақсы дәмхана керек-ақ. Оны да ойлап қоямын. «Жас кәсіпкер» жобасы арқылы бойымда ерік-жігер пайда болар деген сенімдемін», – дейді Зарина.
Біз әңгімеге тартып көрген жастардың бәрі әзірге нақты шешімге келмеген. «Алдағы мүмкіндікке қарай көреміз» дегенге саяды сөздері. Алайда, осы жобаның өзі үлкен мүмкіндік екенін айта кеткен жөн.
«Ақылды болсаң, неге бай емессің?». Еврей ұлтында осындай ұстаным бар. Оған назар аударып қарасақ, адамның ақылы мен ақшасының қатар жүргені керек.
Қазір кабинетке қамалып отырғысы келмейтін жастардың көбі бизнес ашуға өте құлықты. Енді олар шағын және орта бизнесті дамыту үшін «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 32 млрд теңге бөлінетінін естіген соң, тіпті құлшынып жүр.
Негізі Үкімет жұмыссыздарды азайтып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санын көбейту үшін осындай шешім қабылдады. Былтыр бөлінген 42 млрд теңгеге 7200 шағын несие беріліпті. Бұл қаражат сұраныстың артқанына байланысты жетпей қалған. Биыл жоғарыда аталған қосымша қаржыны қоса есептегенде 62 миллиард теңге бөлініп отыр.
Жалпы, Қостанай облысында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде шағын және орта бизнес субъектілерін микрокредиттеуге 2,1 млрд теңге қарастырылған. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» шеңберінде қосымша тағы 1 млрд теңге бөлінді. Қаражат толығымен игерілген. Бұл ретте 933 кәсіпкер шағын несие алып, кәсібін дөңгелетуде.
2018 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде облысқа 2 млрд 759 млн теңгеден астам қаражат қаралған. Осы арқылы кәсіпкерлердің 200-ге жуық жобасына қолдау көрсетілді. 2019 жылдың алғашқы тоқсанының өзінде шағын және орта бизнестің 80 жобасын қаржыландыруға 6 млрд теңге игерілген.
2016 жылдан бастап облыста кәсіпкерлерді өңірлік қаржыландырудың «Қос Қолдау» бағдарламасы жұмыс істеуде. Аталған бағдарлама бойынша екі жыл ішінде 1329 млн теңгенің 53 кредиті берілді, оның ішінде 2018 жылы қайта инвестицияланған қаражат есебінен сомасы 181 млн теңгенің 7 жобасы мақұлданды.
Міне, осы қомақты сомалар мен бағдарламалар бүгінде кәсіпкерлікке үлкен көңіл бөлініп отырғанын көрсетеді. Оның үстіне, биыл Жастар жылы аясында кәсіп бастауға құштар жастарға кең жол ашылатыны анық. Осы бір тамаша мүмкіндікті бос жіберіп алмайық, жас достар!
Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!