ТАҒЫЛЫМҒА ТОЛЫ КЕЗДЕСУ – ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ ТІРЕГІ

ТАҒЫЛЫМҒА ТОЛЫ КЕЗДЕСУ – ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ ТІРЕГІ

Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтау, жас ұрпақтың бойына адамгершілік пен ізгілік қасиеттерін сіңіру қоғам алдындағы маңызды міндеттердің біріне айналып отыр. Осындай кезеңде ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ұрпақ тәрбиесіне өмірін арнаған тұлғалармен жүздесудің мәні ерекше. Өйткені ұлттың рухани қазынасы кітап беттерінде ғана емес, өнегелі адамдардың өмір жолында, айтқан ақыл-кеңесінде, көрген тәрбиесінде сақталады.

Осы мақсаттағы тағылымы мол кездесулердің бірі Қостанай қаласында өтті. Зерделі сөздің зергері, белгілі жазушы, этнограф, қоғам қайраткері, қазақтың салт-дәстүрін насихаттаушы Зейнеп Ахметовамен «Өнегелі өмір: еңбек, тәрбие, тағылым» тақырыбында ұйымдастырылған рухани кездесу көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Кездесу барысында Зейнеп Ахметова ұлттық тәрбие, рухани құндылықтар, салт-дәстүрдің өміршеңдігі туралы кеңінен сөз қозғады. Өзінің өмірлік тәжірибесі мен көрген-түйгендерін ортаға салған жазушы жастар тәрбиесінің бүгінгі қоғамдағы маңызына тоқталды. Сонымен қатар атасы – даңқты қолбасшы, халқымыздың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлы туралы тағылымды естеліктер айтып, батыр тұлғаның көпшілік біле бермейтін қырларын әсерлі жеткізді. Оның елге, ұрпаққа қалдырған өнегесі мен өмірлік ұстанымдары жайлы әңгімелері тыңдаушыларды ерекше толқытты.

Отбасы тәрбиесі туралы ой қозғаған Зейнеп апа анасы мен қайын атасынан көрген қатал да тағылымды тәрбиенің өзін өмірдің талай сынағынан сүріндірмей өткізгенін, тұлға болып қалыптасуына зор ықпал еткенін айтты. Қазақ халқы ежелден «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айтпаған. Шынында да, отбасы – тәрбиенің алтын бесігі. Ал ұлттың келешегі сол бесікте тербелген ұрпақтың қандай тәрбие алуына байланысты.

Зейнеп апаның інжу-маржандай төгілген әрбір сөзі жүректерге жол тауып, тыңдаушылардың жан дүниесін байыта түсті. Оның даналыққа, адамгершілікке, ізгілікке үндеген ойлары санаға сәуле құйып, рухани серпіліс сыйлады. Айтқан сайын жаныңды нұрға бөлеп, бойға қуат, жүрекке сенім ұялататын сөздері көпшіліктің көңілінен шықты. Залдағы әрбір жан оның сөзінен тәлім алып, ұлттық тәрбиенің терең тамырын тағы бір мәрте сезінгендей болды.

Кездесуге келген қауымның арасында «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қостанай облысы бойынша филиалының аналары да болды. Бұл ұйымның қызметі мен мақсаты Зейнеп Ахметова көтеріп жүрген ұлттық құндылықтармен үндесіп жатыр десек артық айтқандық емес.

Бүкіл өмірін, шығармашылығын қазақ халқының салт-дәстүрлері мен отбасылық құндылықтарын насихаттауға арнап келе жатқан Зейнеп Ахметова – бүгінгі қоғамдағы рухани тәрбие мәселесіне өлшеусіз үлес қосып жүрген тұлға. Оның еңбектерінде ата-баба мұрасы, имандылық, әдеп пен тәрбие мәселелері кеңінен көрініс табады. Жазушының өзі де бұл бағыттағы көзқарасының қалыптасуына қайын атасы Бауыржан Момышұлының ықпалы зор болғанын жиі айтып келеді.

Бүгінде бес жылдық тарихы бар «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің де негізгі мақсаты – ұлттық тәрбиені дәріптеу, қазақы болмысты сақтау, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру. Бірлестіктің Қостанай облыстық филиалының төрайымы Райхан Нарынқызы өз сөзінде мектептерде, арнаулы және жоғары оқу орындарында, әскери бөлімдерде және түрлі мекемелерде жастармен өткізілетін кездесулерде Зейнеп Ахметованың еңбектерін кеңінен пайдаланып жүргендерін айтты.

Атап айтқанда, жазушының қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, ырым-тыйымдары мен жөн-жоралғылары жан-жақты қамтылған «Күретамыр» кітабы мен тарих, педагогикалық-психологиялық тағылымға толы «Бабалар аманаты» еңбегі ұлттық тәрбиені насихаттауда маңызды құралға айналған. Бұл кітаптарда халық даналығы мен ұрпақ тәрбиесіне қатысты мол тәжірибе жинақталған. Сондықтан бірлестік мүшелері Зейнеп апаның аналық ақылын, өнегелі кеңестерін жастарға жеткізуді өздерінің басты міндеттерінің бірі санайды.

Кездесу соңында бірлестіктің белсенді аналары Айсұлу Нұрғалиқызы мен Зәуре Нұрышқызы қайраткер анаға жүрекжарды лебіздерін білдіріп, гүл шоғын тарту етті. Сондай-ақ зергерлік өрнекпен көмкерілген жамылғы жауып, құрмет көрсетті. Ал Ұлжібек Кенжеғалиқызы өзінің авторлық кітабын сыйға тартып, ықыласын білдіріп, замандасымен естелік суретке түсті.

Сұрақ-жауап барысында Зейнеп апа әрбір сауалға үлкен парасаттылықпен жауап беріп отырды. Сөздің мәйегін келтіріп, ойды әсерлі өрбітетін шешендігі мен сабырлы болмысы көпшілікті тәнті етті. Оның әрбір жауабы өмірлік тәжірибеден туған тұжырымдарға негізделіп, тыңдаушыларға терең ой салды.
Кеудесі алтын сандыққа тең абзал ана қыз тәрбиесі, отбасылық құндылықтар, қазіргі заман әйелінің қоғамдағы орны, жастар арасындағы кейбір келеңсіз құбылыстар туралы да өз пікірін білдірді. Әсіресе қыз баланың тәрбиесі мен ананың отбасындағы рөлі туралы айтқан ойлары көпшіліктің көңілінен шықты. Өйткені ұлт тәрбиесі ең алдымен ана тәрбиесінен басталады.

Қазақ халқы ежелден қариясын қадірлеген, үлкенін ұлықтаған халық. «Қарты бар ел – қазыналы ел» деген дана сөздің мәні де осында. Ақсақал мен ақ жаулықты аналардың өмірлік тәжірибесі, көрген-білгені мен өнегелі сөзі әрдайым жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп келген. Бүгінгі таңда қоғамға дәл осындай рухани сабақтастық ауадай қажет. Себебі ұлттық тәрбиенің әлсіреуі – ұлттың рухани тамырынан ажырауына алып келеді.

Сондықтан Зейнеп Ахметова секілді ұлт руханиятының жанашырларымен өткізілетін мұндай кездесулердің маңызы ерекше. Олар жастарды кітап оқуға, үлкенді сыйлауға, ата дәстүрін құрметтеуге, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге үндейді. Осындай тағылымды басқосулар ұлттың рухани иммунитетін күшейтіп, қоғамдағы адамгершілік құндылықтардың нығаюына ықпал етеді.
Зейнеп Ахметовамен өткен бұл кездесу Қостанай жұртшылығын шабыттандырып қана қойған жоқ, олардың рухани көкжиегін кеңейтіп, ұлттық тәрбиеге деген құрметін арттыра түсті. Ұрпаққа ізгіліктің дәнін сеуіп жүрген ел анасының өнегелі кеңестері әрбір тыңдаушының жүрегінен орын алды.

Зүмрет ЕРМҰХАНОВА,
ардагер ұстаз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!