«ҰЛТТЫҚ ӨНЕРІМІЗ ӨГЕЙСІМЕСЕ ЕКЕН»

«ҰЛТТЫҚ ӨНЕРІМІЗ ӨГЕЙСІМЕСЕ ЕКЕН»

ҚР Презитентінің жарлығымен шілде айының бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып бекітілді. Көпшілік бұл жаңалықты жаһандану заманында дәстүрлі өнерімізге, мәдениетімізге қоғам назарын аударудың тамаша үлгісі деп қабылдап жатыр. Бүгінде дәстүрлі өнеріміздің бірі – қазақтың классикалық әнін тыңдайтындар азайып кетті. Мұндай үрдістің белең алуына не себеп болды? Халықаралық байқаулардың бірнеше дүркін лауреаты, Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының әншісі Манапбек Кәдіров осы мәселе төңірегінде ойларымен бөлісті.

Дәстүрлі әнді тыңдайтын орта жоқтың қасы. Тіпті, халық әндерін, халық композиторларының шығармаларын құлақ салып тыңдайтын ақсақалдардың өзі сирек. Соған қарамастан, қолынан домбырасын тастамай жүрген өнерпаздардың еңбегіне бас июге болады. Нарық заманы, сұраныс жоқ деп, ұлттық өнерімізді кейінге шегере берсек, нағыз қиянат сол. Эстрада қалмас, қазіргі эстрадамыз ертең мүлдем басқаша болып өзгерер. Ал, классикалық өнер өзгермейді, ол – мәңгілік!

Біз кінәні заманға артамыз. Сол заманға өзіміз иеміз ғой. Ешкім дәстүрлі әнді тыңдауға шектеу қойған жоқ. Жалпы, бұл өзі адамгершілікпен де байланысты. Дәстүрден қол үзу, тамырыңнан ажырау адамдықтан кету емей немене?! Бұл қазақтың ғана басындағы мәселе емес, бүкіл әлемге ортақ мәселе.

Келесі жылы Нұржан Наушабайұлы атамыздың мерейтойы – 160 жылдығы. Соған байланысты, біршама азаматтар Қостанайдан ақынның атына бір көше беру, республикалық дәстүрлі әншілер байқауын өткізу деген сияқты бастама көтеріп жатыр. Қос қолдап қолдаймын. «Өлі разы болмай, тірі байымас» деген.

Қазақтың дәстүрлі өнері небір жұлдызсымақтар пайда табатын тойда да босағадан сығалап жүр. Әрі кеткенде домбырамен бір-екі ән айтылады, сонымен тоқтайды. Қуаныштарын үйдің ішінде, коттедждерде өткізетіндер, қалтасы жұқалар ғана домбырамен ән айтатындарды шақырады. Оның өзінде классикалық қазақ әнін сұрап жататындары аз. Яғни, ұлттық өнеріміз арзанға бағаланып жүр. Оған да шүкір дейміз кейде.

Әнді айтамыз-ау, қазақтың салт-дәстүрлері де бұрмаланып жатыр. Беташарсыз той өткізетіндер шығыпты. Масқара!

Бет ашатын жігітпен «түскен ақшаны бөліп аламыз» деп немесе белгілі сомаға келісіп алатындар да бар. Біреудің сұраған азғантай көрімдігін өйтіп талан-таражға салуға бола ма? Қазақта бет ашу құрметін белгілі өнерпазға берген. Қазір домбыра тарта алмайтындар да бет ашып жүр.

Телеарналардың да назары эстрадаға ауып кеткен. Таусылмайтын қайырмасы бар әнсымақтар беріледі де жатады. Тұтас бес-алты буынды, бәлкім одан да көп болар, тәрбиелеген теледидар еді ғой. Осы жайттар неге ұмыт қалып жатыр?

Кеңес үкіметін қанша жамандасақ та, сол кезеңде туыпөскен ұрпақ дәстүрлі әндерді тыңдайды, түсінеді. Демек, жаңа заман деп жүріп, біздің ұмыт қалдырған нәрсеміз көп.

Жақында «Қазақстан» арнасында «Мен қазақпын» деген бағдарлама жүрді. Тамаша жоба. Бірақ, бұл – жеткіліксіз жарнама. Қазақ өнерін алға сүйрейтін жақсы менеджер керек. Академиялық классиканың атақ-абыройы аспанда. Ал халық классикасының деңгейі фольклорлық ансамбльдерден аспай жүр.

Халық классикасын үйретейін деп қаншама жастарды тарттым. Немесе консерватория бітіргендерді де шақырамыз. Келгісі келмейді. Бәрі Алматы мен Астанадан шықпайды. Өзіміз қиын кезеңде ештеңеден қорықпай келіп едік. Олар сылтауларын айтып, қашқақтайды. Қазір үй алу үшін неше түрлі бағдарламалар бар. Әуелі еңбек етіп, өздерін көрсетсе, басшылық та оның жағдайын жасайды ғой. Айналайын-ау, бұл өнер дегенің сайыс. Сайыста адал еңбек еткендер жеңуі тиіс. Бәрі шоу-бизнес дейді. Той-томалақ қуып, қашанғы жүреді? Бізде, филармонияда ансамбльдің, оркестрдің сүйемелдеуімен дәстүрлі ән орындайтын қыз жоқ. Кәсіби әнші жігіттер де керек. Менің өзім елуге таядым. Дәстүрлі ән өнерін өңірлерде дамыту үшін консерватория сияқты оқу орындарының түлектерін аймақтарға баруға міндеттеу керек.

Біз бен қазіргі ұрпақты салыстырып қараңызшы. Бір әнді үйрену үшін радиодан, телеарнадан берілетін хабарларды күтіп жүретінбіз. Әннің сөзін табу да қиын еді. Сол бағдарламалардан магнитофонға жазып алып, жаттайтынбыз. Оның өзінде сөзі анық естілмейді, бірақ сұрап, ізденіп жүріп, үйрендік. Әнге, өнерге деген махаббатымыз сондай еді.

Әлемге қазақ атымыз шыққаны болмаса, болмысымыз жойылып бара жатыр. Дінді бір жаққа тартып, тілді шұбарлап біттік. Ұрпағымыз халық классикасына мұрын шүйіретін деңгейге жетті. Міне, дәстүрімізге, өнерімізге басты жау өзіміз болып отырмыз.

Үйде қазақша сөйлесек, баламызға қазақтың дәстүрлі әнін тыңдатсақ, текті ұрпақ солай қалыптасады. Өзіміз баламызбен орысша сөйлессек, қазақтың жанышырымын, қазақ өнерін қолдаймын деп қалай айта аламыз? Бұл әрқайсымызға сын.

Ақан сері, Біржан сал әндеріндегі толғанысты немесе буырқанысты қарапайым тыңдармандар байқай бермеуі мүмкін. Ән мәтінін толық түсінгісі келгендер оның тарихын немесе авторының тағдырын білуі керек. Егер әнді түсінсең, сол кездегі оқиғаны, тіпті тұтас дәуірді көз алдыңа әкелуі мүмкін. Қазақтың классикалық әнінің бір құдіреті осы. Ондай өнердің өміршең болатыны да сондықтан. Ал, қазіргі «сүйіп қалдым, күйіп жандым» деген әндер жастардың билеуіне жақсы демесеңіз, ешқандай күйге бөлей алмайды, өмірі ұзаққа бармайды. Негізі арқаны кеңге салған отырыстарда әннің тарихын, шығу тегін айтып орындаған дұрыс. Концерттерде ондай мүмкіндік жоқ.

Біз дәнекерміз. Сонау ғасырлардан жалғасқан өнерді осы күнге жеткізушіміз. Қазақ классикасының қасиетін таныту үшін барымызды салып жүрміз.

Бапсыз әнші – әнші емес. Тыңдаушың болмаса, өзіңді баптап жүру де қиын. Әрине, жұмысымыз болған соң, сахнаға шығып тұрамыз. Соның өзінде бірқатар әндерді ұмыта бастадық. Өйткені, төрт қабырғаға қарап, қашанғы сарнайсың?!…

Таңды таңға ұрып шырқайтын, дауысы ля-сиден түспейтін Ғарифолла Құрманғалиевті Италияның музыка зерттеушілері арнайы келіп зерттеген. «Бұл әнші қалай шаршамайды?» деп таңданыпты. Олардың опера әншілері әрі кеткенде 2-3 сағат ән шырқайды, арасында басқа партияларды орындайтындар бар әрине. Бірақ, соның өзіне шаршап қалады. Сол секілді Жүсіпбек Елебековке де қатты таң қалған. Жыршылар да талай зерттеушілердің таңдайын қақтырған. Жамбыл атамыз 30 күнге дейін жырлаған дейді. Жеті-сегіз дастан білсең, арасында ауқаттанып, малыңды жайлап келіп дегендей, бір апта жырлауға болады екен. Дегенмен, классикалық әндерді тоқтамай айту өте қиын. Қазақтың мықты әншілерінің бірі Қалибек Қуанышбаев жүз әнді тоқтамай айтамын деп, 63-ші әнге келгенде көмейінен қан кеткен екен. Сөйтіп, дауысын жоғалтып алыпты. Сондықтан, қазақ классикасын абайлап, шамаңа қарай, бабы бар адам ғана айтуы керек. Той-томалақтарда, 5-6 сағат ішінде әрі кеткенде жиырма шақтысын шырқасаң жетеді. Оның өзі біраз жерге апарып тастайды. Өйткені, оған үлкен күш-қуат керек. Дауысыңды, деміңді бәрін бақылауда ұстап отырғаның жөн. Әйтпесе, далада қаласың. Бұл жерде жеңіл-желпі қазіргі әндерді айтып отырмағанымды тағы бір еске салып қояйын.

Әміре Қашаубаев пен Қали Байжанов екеуі үш сағат әнмен айтысқан екен. Бір байқау өтсе керек. Қазылар алқасы бірінші орынды Әміреге, үшінші орынды Қалиға беріпті. Қали Байжанов – әйгілі «Шама» әнімен белгілі, Жарылғапберді Жұмабайұлының шәкірті. Осал емес. «Мына бірінші орын алған әншің кім? Сонымен айтысамын» депті. Сөйтіп, үш сағат жарысқан екеуін қазылар тоқтатып, екеуіне бірінші орын беріпті.

Аслан ҚАНҒОЖИН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!