Жарасымды салт жадымызда жүрсін
Енді бір ширек ғасырдан соң, қазақы салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді сақтай аламыз ба? Қазір әлемде батыстану, яғни, мәдениетті батыстық үлгімен, стандарттар қалпында дамыту моделі жүргізілуде. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Ұлт өзінің әдет-ғұрпымен, салт-дәстүрімен ғана ұлт болып дамиды.
Тәуелсіздігіміздің бір мүшелінде Батыс әлемі біздің ойлау машығымыз бен салт-дәстүрімізді әбден зерттеп, тәжірибе де жүргізді. Швецияның үлкен бір ғалымы Моңғолияда, Қытайда және Түркияда өмір сүріп жатқан мұсылман халықтарын зерттеп, оның ішіңде қазақтардың өзін-өзі сақтау қабілетіне таңғалыпты. Ол қазақтардың салт-дәстүрін сақтаудағы пәрменділігін дастарханынан байқаған. Рас, қазақта дастархан тек тамақ ішетін орын емес, шешімі қырық рулы елге жететін саяси, әлеуметтік мәселелерді шешетін киелі орын. Дастархан басы тентекті тезге салатын, жастарға үлгі боларлық бата берілетін, жанашырға ырым
-жоралғы жасалатын «штаб пәтер» де болған. Кейінгі кезде сол әдемі дәстүріміз бұзылып, сұйылып барады. Бата орнына тост айтатын ақсақалдарымыз көбейіп тұр. Бұрын жастар ақсақалдарға үйір еді, енді олар жастарды төңіректейтінді шығарды. Бата мен ықыластан артық құндылық жоқ. Бәрін жоққа шығармағанымыз абзал. Ықылас пен ниеттен туындап жатқан дәстүр жалғастығының әдемі бір үлгісін ағаларымыз күні кешеге дейін жалғастырып келді. Ол нені қамтиды?
Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматы облысының Талғар ауданы, Асы жайлауында қойшылардың тойы болып, оған даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлы қонақ ретінде шақырылыпты. Атасымен бірге тойға барған келіні Зейнеп Ахметова өзінің әдепті қалпымен дастарханның аяқ жағына отыра бергенінде Баукең: «Әй, балам, сен бұл үйге қонақсың, бері отыр» деп енесінің жанына отырғызыпты. Әдеміше келген бір келіншек жайлап тізе бүгіп, шай құйып беріпті. Арқасына тастай салған қос бұрымы, шашын астына келтіріп байлаған орамалы жарасып тұрған көрінеді.
«Шай кұйғаны керемет екен. Оның өзі де бір өнер ғой. Шорылдатпай құю, ұсынғанда бетіне көбік шығармай, оң қолымен ұсынып, сол қолыңмен демеп беру дегендей, енді бір әдемі болды, – дейді Зейнеп апамыз әңгімеге көрік беріп. – Атаның отырған жері ду-ду әңгіме, кейде әзіл-қалжыңмен күлдіріп қойып отырады. Бір кезде ата өзінің бәйбішесі Ғайникамал апайға: «Әй, Маржабай, қолындағы сағатты шеш» дейді. Ал, апайдың қолындағы оңай сағат емес. Алтын болғанда да бетіне гауһартастарды шашып жіберген, сондай қымбат сағат еді. Ол кезде ондай сағат табу қиын болатын. Ана кісі аңтарылып тұрып қалған. «Шеш дедім ғой!» деп еді, ол кісіге де жан керек, шешіп бере қойды. Ата әлгі шай құйған келінге «әй, балам, бері кел» деді. Келін қысылып, козғала қоймап еді, «қысылма, балам, бері кел» деді. «Соз қолыңды» деп әлгі сағатты келіннің колына тағып тұрып: «Балам, ата-анаңа рахмет. Өнеге көрген, жақсы ұядан шыққан бала екенсің, лайым құдайым жолыңды ашып жүрсін. Осы әдебіңді ұрпағыңа үйрет. Мынау саған берген біздің сыйымыз!», – деді. Бір кезде қант-кәмпит салынған табақты дастарханға төңкеріп, ата орнынан тұрды. «Ал, қанеки, баламның сағатына көрімдік беріңдер», – деді. Отырғандардың ең шені төмені – аудандық атқару комитетінің төрағасы. Бір-бірімен жарысып, он сомнан кем тастаған жоқ. Он сом дегенің ол кезде қыруар ақша. 25, 50 сомнан тастағандар да болды. Ел енді не болар екен деп ойлап отыр. Бәрінде «бұл кісі ақшаны не істер екен, әлгінде ғана сағатынан айырылған апамызға бере ме, жоқ, қалтасына сала ма?» деген ой болды білем. Ата болса қызыл-жасыл ақшаны реттеген де жоқ, шемішке орайтын қағаз сықылды орады да, «анау ошақтың басында жүрген кейуананы шақырып келіңдер» деді. Әлгі апаға «жүріңіз, сізді Момышұлы шақырады» десе, әлгі кісі қорыққанынан құлап қалыпты. Есі шығып, «мені не істейді?» десе, бір қу жігіт «атайын деп жатыр» деп қалжыңдапты. Алып келгенде дір-дір етеді. Өзі өңі сынық кейуана екен. «Келіңіз, бізбен бірге дәм татыңыз, бүгін той ғой» деп ата ол кісіге қарамай, жанындағыларға әңгіме айтып отыра берді. Қазір ойласам, әлгі кісінің қорыққанын біліп, сабасына түсіп алсын дегені екен. Бір-екі пиала шәй ішкен соң, «апа, мына бір ауыз менің шақырғанымды елеп, бізбен дәмдес болғаныңызға рахмет. Халық өзі ананы сыйлап жүрген, сізді шақырған себебім, шәй құйып беріп отырған келініңіз жаңа қолына сағат тағып, соған мына өңкей байлардан көрімдікке жиналған тиын-тебенді сізге ұсынайын деп едім», – дейді. Ол кәдімгідей әжептәуір ақша. Ана кісі «жоқ, жоқ» деп шошып кетті. «Ал!» деп қалып еді, кемпір байғұс қорыққанынан бас салды. Ата: «Рахмет сізге, жұмысыңыздан қалмаңыз», – деді. Әлден уақытта үйдегілер: «Ой, Бауке, алатұғын қол бізде де бар еді ғой», – деп шулап жатты. «Ей, өңшең шуылдақ. Ештеңе түсініп отырған жоқсыңдар. Мен бағанадан бері қарап отырмын, ол қамкөңіл ана. Қазір мұндай қариялардың барлығы немерелерін жетектеп, ана жақта қызық көріп жүр. Егер де алды-арты тіреліп тұрған кемпір болса, қазан-ошақтың басында жүрмес еді. Бұның сүйенері жоқ. Солай деп түсінем. Ал енді анықтап келіңдер!», – деді. Сөйтсе, әлгі кемпір шалы екеуі 1956 жылы Қытайдан көшіп келіпті. Ағайын-туысы, не бала-шағасы жоқ кісілер жер ауып, атажұртқа табан тірегенде, шалы 63-ке келгенде 58 жастағы кемпірі ұл туыпты. Қырык үйге кіріп, қырық үйден бір жапырақ шүберек алып, қырық құрақтан балаға итжейде жаялық тігіпті. Ол аздай атын Құрақбай қойыпты. Баласы оныншы бітірген кезде шалы қайтыс болады. Өлерінде: «арманым жоқ, баламның мектеп бітіргенін көрдім», – деп кетіпті. Біз барғанымызда баласы оқуға кетіп, кемпірдің жалғызсырап жүрген кезі екен. Осыны естігенде үйде отырғандар таңырқасып, атаның тылсым бір қасиетіне бас игендей болды. Ақшаны мына отырғандардың біріне бергенімен, ол «көлге жауған жаңбырдай көрінбейді», өзі әңгіме айтып отырса да, соны байқап, асқан сезімталдықпен жалғызын күткен жанға беруі – шөлге жауған жауындай болды», – дейді Зейнеп апамыз өзінің бір сұхбатыңда. Осы бір әңгімеде дәтке қуат берер қаншама рухани күш бар. Дәстүрдің өшпес жарасымды үлгісі мен Пайғамбарымыздың бір хадисіндегі «бір мүмінді тойдырып, өзіңмен бірге отырғызып, тамақ ішкізу де үлкен сауапты іске саятын» сыйласым жатыр емес пе?!
Кезінде мұндай жарасымды істі халқымыздың ардақты ұлдарының бірі Дінмұхаммед Қонаев та жасаған көрінеді. Өзіне сәлем беріп барған кісілерге қоштасар кезде ырым ретінде кәде, сый жасап, құрметтеп шығару Димекеңнің ең сүйікті ісі болыпты. Өмірден өтерінің алдындағы Қапал-Арасанға демалысқа барар сапарында сол жердегі бауырындай болып, араласып кеткен інісі Тұрсынғазыға өзінің 80 жылдық мерейтойынан «мынау сыбағаң, тойдың сарқыты» деп, түйе жүнінен жасалған әдемі шапанды иығына жауып, батасын беріпті, келініне өзінің жазған кітабын ұсынып, ризашылығын білдірген.
Халқымыздың қанына сіңісті мұралық құндылықты болашақ ел азаматтарының санасына жеткізу жолында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан да көп нәрсе үйренуге болады.
Тұңғыш президентіміз елордада өткен бір концертте ризашылығын білдіру үшін әнші Мейрамбек Беспаевқа «қазақтың ырымы» деп 200 доллар мен қалам сыйлайды. Мейрамбек оны ырымға балап, жұмсамай сақтап қойыпты. Кейін, уақыты келгенде қалыңдығына сырға сатып алыпты. Ал неке куәлігін аларда оған Елбасы сыйлаған қаламмен қол қойған. Қандай жарасымды! Сондай-ақ, бірде өнер тарланы, ұлт мақтанышы Асанәлі Әшімов Қазақстан Президентінің қабылдауына барады. Сол заматында Асағаңмен бірге барған Бағдат жеңгеміз Елбасыға құрметпен сәлем салады. Сөйтсе, Нұрсұлтан Әбішұлы: «Жоқ, сіз сәлем салмайсыз. Сіз маған жеңге боласыз. Маған ғана емес, жалпы халқымызға жеңге боласыз», – дейді. Сол қабылдауда бірге болған кіші Асанәлі Нұрсұлтан атасына ақын Фариза Оңғарсынова апасының «Перзент сәлемі» деген өлеңін оқып береді. Кішкентай Асанәлінің өнеріне тәнті болған президент ризашылықпен оған өзінің қаламсабын сыйға тартады. Мәселе, қанша немесе қандай бұйым сыйлағанда емес, бұл жерде ниет және дәстүр жалғастығында болса керек. Шетелдіктердің бізге қызығатыны да осы тұсымыз. Сондай-ақ, кезінде Өзағаңның (Жәнібековтің) баласы үйленерде «егер келінім өзіме ұнаса, сәукелені өз қолыммен пішіп, оны өзім әспеттеймін» деуінде қандай үйлесімділік жатыр?! Өзі жоқ болса да, ғұламанын өз қолымен қабыстырған сәукелесі Жәнібековтер отбасының құнды дүниесі ретінде үйдің төрінде әлі де сақталып тұр.
Бата – қашан да жақсылыққа шақыратын ұран, аманат, тілеуші! Ол көңілді марқайтады, жолыңды ашады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп бітіріп, Мәскеуге оқуға жүргелі жатқанда Кемел аға (әкесі) өзінің жақсы көретін досы Мүсілім Базарбаевты үйіне шақырып: «Мүсеке, Жомарт (Кемел аға қысқартып Жомарт деп атайды екен) бүгін Мәскеуге жүргелі тұр, соның тоқымқағарын жасайық, үйге жігіттер жиналып қалды. Тұраш дастархан жайып жатыр, тез жет, бәрін ырым көріп, сендердің жолдарыңды берсін деп, өзіңнің «Волгаңмен» аэропортқа шығарып салсақ деп шештік, шопырдың институт директоры, ғылым докторы болғаны жаман ба?», – дейді. Ақ бата айтылып, Қасым-Жомарт Кемелұлының сол жолы ісі оңға басқаны да елге аян. Мүсілім Базарбаев ағамыз сияқты Қазақстан Сыртқы істер министрі болғанын бәріміз жақсы білеміз. Қызмет бабында талай елдерде болдық. Түркия президенті Сүлеймен Демирель мен Татарстан президенті Шынтемир Шаймиевпен кездесіп, сұхбаттасудың сәті түсті. Түркия президенті естелік сыйлыққа сағат ұсынса, Татарстан президенті өзінің кітабын сыйлады. Олар менің отбасымның қасиетті құндылықтары ретінде төрімде сақтаулы тұр.
Жалпы, әлемді жайлап бара жатқан жаһандану саясаты да біздің осы жоралғыларымыз бен ақ батамыздан үркіп, айналшықтап жүрген іспетті.
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ
Добавить комментарий