Жақын әрі жарқын болашақ

Жақын әрі жарқын болашақ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын ел экономикасын дамытуда қолданудың маңызы туралы: «Біз тәуелсіздік жылдары әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылдық. Қазір дамыған озық 30 елдің қатарына ену міндеті тұр. Ол Қазақстаннан жаңа инновациялық дамуды және жедел технологиялық жаңғыруды талап етеді. Сондықтан мен Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда Үшінші жаңғыру жөнінде жарияладым. Оның негізі – цифрландыру», – деген еді.

Цифрландыру кәсіпорындар мен жалпы еліміздің бәсекеге қабілетін, сондай-ақ, халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін қажет. Бұл орайда алдымен, ақпараттық қауіпсіздігімізді арттыру маңызды. Ұлттық кодымызды толық түсініп, оның дәнегін келешек ұрпақ бойына сіңіру керек. Әйтпесе, жаһандану дейтұғын аждаһаға жұтылып кетеміз.
Бүгінгі таңда әлем халқын алаңдатып отырған түрлі дағдарыстар кезінде тығырықтан амал тауып, ұтыспен шығу оңай болмасы анық. Мұны Елбасы әріден бағамдап: «Болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді. Әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер әрі тарихи сын-қатер, әрі ұлтқа берілген мүмкіндік», – деп елді жігерлендіре түсті.
Жаһандағы дамыған елдердің баршасы осы жолдардан өткен. Бүкіл әлем басшыларының басын жыл сайын Давоста қосып жүрген Дүниежүзілік экономикалық форумның құрылтайшысы әрі басшысы Клаус Шваб өзінің «Төртінші индустриялық төңкеріс» атты еңбегінде: «Индустриялық революцияның символы – электр қуатынсыз әлемнің 17% халқы немесе 1,3 млрд адам күн көруде. Әлемнің жартысының немесе 4 млрд халықтың ақпараттық заманның игілігі саналып отырған интернетке әлі қолы жете қойған жоқ», – деп жазды.
Жаңалыққа жаны құмар елдер ойлап тапқан игілікті алдымен өзгелерден бұрын өздері көретіні белгілі. Технология мен энергия көзін игерген халықтар да өз жаңалықтарын алғашқы болып өздері тұтынады. Мәселен, Аграрлық қоғамның құралы – арба мен соқа, ал қуат көзі – жан-жануар күші болса, Индустриялық қоғамның технологиясы – электромеханика, қуаты – қазба байлықтары: көмір, мұнай, көгілдір отын, уран. Сол сияқты бүгінгі Ақпараттық заманның еңбек құралы – компьютер, цифрлы технология, қуат көзі – жасыл энергетика күн, жел, судан алынатын электр энергиясы болып отыр.
Әлеуметтану ғылымында қоғам дамуының тарихын Аграрлық, Индустриялық және Ақпараттық қоғам деп үшке бөліп қарастыру дәстүрі бар. Егер әр қазақстандық осы бөлімде ұсынылған саланы тұтасымен қабылдап, жаңа қоғамда табысты өмір сүру кілті деп қабылдаса, онда жеке сананың трансформациялану нәтижесі ретінде қоғамдық сана жаңғырады. Эволюциялық дамудың осы заңдылығын түсінген адам табиғаттағы секілді, қоғамда да барлығы өзара сабақтас, бір-бірімен тығыз байланысты екенін терең сезініп, анық білетін болады. Бұл туралы Қазақстан басшысы талай рет айтқан болатын.
Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында: «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды орындауға тиіспіз. Бұл – маңызды, кешенді міндет. Елде 3D-
принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек», – деген еді. Елбасы тапсырмасына орай, елімізде «Цифрлы Қазақстан» жобасын жүзеге асыру қарқынды түрде қолға алынды. Қазір бағдарламаға байланысты төрт негізгі бағыт бар: біріншісі – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттыру, екіншісі – барлық салада цифрлы технологияны енгізу, үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру болса, төртіншісі – ІТ мамандарды даярлау.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша елде 2021 жылы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында 182 мың адам жұмыс істеуі керек, бұл саланың табысы жалпы ішкі өнімнің 4,9% тең болуы тиіс. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі төрт жылдан кейін Қазақстанда интернет желісінің пайдаланушылар үлесі 81%, халықтың цифрлық сауаттылығы деңгейі 81,5% жетеді деп болжап отыр

Бүгінде 3D принтер қиял жетпес бұйым емес. Осыдан 10-15 жыл бұрындары қарапайым принтерлер тек кеңселерде, жұмыс орындарында ғана болса, бүгінде еліміздің әр тұрғынының үйінде принтер бар. Демек, ол қолжетімді. Сондықтан да алдағы уақытта 600-700 мың теңге шамасында тұратын 3D принтердің болашақта әр үйде болуы да жаңалық емес.
Келешекте 3D принтер көмегімен фабрикалар тұтынушылар үшін мейлінше арзан заттар шығарады. Тіпті дүкендердің өзінде жекелеген адамдардың сұранысын сол сәтте орындап, алдымен дене пішінін сканерге түсіріп алып, содан кейін қалаған түсінде, қалаған өлшемде және қалаған сән үлгісіндегі киімді принтер шығарып беретін болады. Көйлек, костюмдерді ғана емес, аяқ киімді өзіңіз қалағандай жасап, дүкеннен 3D принтерден жаңа ғана шыққан киімді киіп шығып кетуіңізге болады дейді мамандар. Сайып келгенде, 3D принтер арқылы жасалған көптеген құрамалы бөлшектер ұшақтарда, адамсыз басқарылатын аспаптарда және спутниктерде қолданылып келеді. Тұрмыс-тіршілікте, ғылым-білімде кең көлемде қолданысқа ие болатын 3 өлшемді игілікті медицинада пайдаланудың кеңістігі де аса зор болмақ.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізді үшінші жаңғыруға бастаған Жолдауында цифрлы индустрияны дамыту басқа салаларға да серпін беретінін айтқан еді. ІТ саласы айрықша мүмкіндіктер ашатын саланың бірі – медицина. Алдағы уақытта 3D принтердің денсаулық сақтаудағы соны жаңалыққа айналатынын айтуға болады.
Цифрлы технология аясында «Е-Халық» жобасы Қазақстанның еңбек нарығын талдау мен мониторинг жүргізуге көмектеспек. Халықтың нақты санын анықтау мен ішкі және сыртқы көші-қонға мониторинг жүргізуге, әлеуметтік әлсіз санатқа жататын және жұмыссыз жүрген, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар мен барлық мемлекеттік ақпараттық жүйелер мәліметін жандандыруға, тұрғындардың тұрмысы мен табысына байланысты дәлме-дәл деректер түзуге «Е-Халық» бағдарламасы жол ашады деп күтілуде.
Ақпараттың дәлдігін жүйелендіруге цифрлы технология ғана мүмкіндік бермек. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы – Қазақстандағы әрбір азаматтың әлеуметтік мәртебесін анықтауға, жергілікті басқару органдарының мүдделері мен қажеттіліктерін сараптау арқылы атқарушы биліктің жалпы мемлекеттік саясатын жүргізуге үлкен септігін тигізеді. Халықты еңбекпен барынша қамту арқылы Қазақстан экономикасының басқа сапаларының дамуына жол ашады. Осы жұмыстың нәтижесінде бәсекеге қабілетті мамандар шоғыры іріктеледі. Бәсекеге қабілетті мамандар даярлау арқылы еліміз бойынша еңбек өнімділігі артады.
«Цифрлы Қазақстан» еліміздің бір-бірімен тығыз байланысты бүкіл саласының жұмысын жаңа сапалы деңгейге көтереді деген сенім бар. Бағдарлама бойынша 2020 жылға дейін ІТ секторының ішкі жалпы өнімдегі үлесін 5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Осы мерзімге дейін елімізде 150 мың жұмыс орны ашылмақ.
Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы әлемнің озық елдеріне тән тың жатқан талай мәселелерді шешуге жол ашып берді. Оның «Экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы» деп аталатын бірінші басымдығы цифрлық технологияны қолдану арқылы жаңа индустрияларды өркендетуді мақсат етсе, «Бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейтуге» бағытталған екінші басымдық елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50% жеткізуді мұрат етіп отыр.
Асыл ҚАСЫМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!