Жаңа биіктерге жол ашқан еңбек

Жаңа биіктерге жол ашқан еңбек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласы қазір жұртшылық тарапынан қызу талқыланып жатыр. Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейлі датасына арналған көлемді шығарма жөнінде біз зиялы қауымның пікірін білген едік.

«Бес дұшпанмен» күресте белсену керек»
Президент мақаласы қазіргі Қазақстанның өзекті мәселелерін көтеруімен ерекшеленді. Ұлы данышпанның көзқарасы мен бүгінгі Қазақстанның тұрмысын, тынысын, саяси-әлеуметтік жағдайын саралай отырып жазылған мақала. Абай не деді, біз қалай өмір сүріп жатырмыз деп таразылайды, ой салады.
Мақала жөнінде философия ғылымдарының докторы Сафар Қолдыбаев пікір білдірді.
«Абай дана анықтамасын беріп кеткен толық адамды қалыптастыруда біз неге қол жеткізе алдық дегенде, әрине, кемшіліктің әлі де жетіп артылатынын жасыра алмайтынымыз белгілі. Біріншіден, халық бойындағы көп кемшілікті жойып болған жоқпыз, екіншіден, сол жоятын жүйені қалыптастырып та болмадық. Себебі, бізде әлі адамдар арасында адал еңбекпен, ақыл-біліммен емес, түрлі теріс жолмен байлық мен билікке жету, көздеген мақсатын орындау белең алғаны өтірік емес. Абай айтқан сол қателіктерді жөндемедік.
«Бес дұшпан – өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ», бұлар – біздің ең осал тұстарымыз. Осы кемшіліктерден арылмадық. Ас беріп, той өткізсек те, шынайылықтан гөрі, атаққа құмартып кетеміз. «Мені жомарт деп ойлаңдар» дегендей, бір-бірінен асып түсуге ұмтылып, байлық арқылы өзіне имидж жасаушылар көбейді.
Алға кеткен елдер өтірікке, коррупцияға, мақтаншақтыққа жол бермейді, сол қасиетінің арқасында ұлт болып ұйысып отыр. Олардан біздің ақыл-ойымыз немесе биологиялық жаратылысымыз кем емес. Олай болса, бүгінгі кемшіліктеріміз қайдан, қалай шықты? Мұндай кемшілік ұлт ретінде әлсіздік танытып алған кезде пайда болады.
Жас ұрпаққа не қылсаң да байып ал деген теріс мораль ұқтырамыз, жекелеген пысықайлардың жолы болғанымен, ұлт ретінде алға шыға алмайтынымызды ұғатын күн жетті. Абай ойынан қазіргі тіршілігімізді сараптап, қателігімізді жөндейтін, қоғам, ел, ұлт болып өмірге, білімге көзқарасымызды қалыптастыруымыз керек. Мақала осындай ойға жетеледі», – дейді ғалым.

«Жас ұрпаққа жаңаша ұғындыру маңызды»
Мақалада «Абай мұрасын қазір қалай игеруіміз керек, болашақта халық кәдесіне қалай жаратуға болады?» деген ежелден келе жатқан сауалға қазіргі заман тұрғысынан жауап берілген.
«Абайдың биылғы 175 жылдық мерейтойында абайтану бұрынғы абайтанудан өзгеше болуы тиіс», – дейді қоғам қайраткері Қалқаман Жақып. Оның айтуынша, Абай мұрасына тәуелсіз көзқарастың алдыңғы кезекке қойылуы заңды. Президент осы мәселені мақаласында жан-жақты көрсете білген.
«Абай – ұлттық болмысымыздың биігі. Тұлғаны жаңаша танып, жас ұрпаққа жаңаша ұғындыруымыз керек. Осы тұрғыда Президенттің «Қазіргі мемлекет және Абай мұрасы» деген тақырыпты қозғағанын бөле-жарып айтуға болады. Бұл мақаладағы «Мемлекет ісінің мүдделісі» бөлімінде көрініс тапқан. Халықты жақсы өмірге қалай жеткізу керек деген мәселені Абай өз заманында терең қозғаған, бұл бүгін де өзектілігін жоймаған. Президент өзінің бағдарламасын Абай ілімімен байланыстырып, біраз мәселенің басын ашты. Мысалы, Президент Жолдауында айтылған «Халық үніне құлар түретін үкімет» құру идеясы», – дейді қоғам қайраткері.
Абай туындылары елді ынтымаққа, бірлікке шақырады. Қалқаман Жақып осы жөнінде де айтып өтті: «Ақынның «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген сөзі бізді әрқашан ойландырып отыруы тиіс. Мемлекет тұтастығы сақталуы үшін қазақ әуелі өзі біртұтас болуы керек. Бір идеяға ұйып, тұтас халық болып қалыптасуы қажет. Осыдан келіп Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым» деп аталатын екінші үлкен идеясы шығады. Ол үшін адамға өз мүддесін адамзаттың мүддесімен бір деңгейде қоя білетіндей үлкен, биік парасат керек. Осы тұрғыдан келгенде, Абайдың толық адам ілімі бір-бірімен кешенді түрде байланысып отырған дүние екенін көруге болады».

«Абай жылын өткізудің бағдарламалық өзегі»
Жазушы-журналист Сәлім Меңдібайдың айтары бар. Ол мақала жөнінде былай деді: «Қазақ халқын әлемге таныту қандай жолмен жүзеге асады? Әр қазақ кеудесін соғып, мен қазақпын, мені таныңдар деп айғайлай берсе, әлем тани ма? Әрине, танымайды. Ұлт әлемге ұлы тұлғалары арқылы танылады. Әлемге Абайдың мерейтойы, ілімі арқылы бүкіладамзаттық идеялардың қандай деңгейде екенін көрсете алсақ ғажап емес пе! Абайдың ойы адамзатқа қосылған үлкен үлес. Бұл қазақ мәдениетінің үлесі. Абайды әлемге таныта отырып, өзімізді танытамыз. Осы тұста ақын шығармашылығын насихаттау мәселесі тындайды. Одан әрі барсақ, «Қазақ және әлемдік өркениет» деген дүние шығады. Абайдың 175 жылдық мерейтойын өткізу қазақ халқы үшін де, мемлекет үшін де үлкен сын. Мерейтой рухани деңгейімізді көтеретіндей дәрежеде өтуі керек. Тұлғаның туған күні қарсаңында 500-дей іс-шара өтеді екен. Саны аз емес, енді сапасын көтеру үшін Абай мұрасына тереңдеу, насихаттау, жаңа технологиямен таныту мәселесіне мән берілуі керек. Бұл орайда, Президент мақаласы Абай жылын өткізудің бағдарламалық өзегі боларына үміт артамыз».
Елдіктің темірқазығы
Президент мақаласының өзегі – қазақтың дана тұлғасы Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасындағы адам мен қоғамның үйлесімді дамуы жөніндегі көзқарастары. Мақалада біздің мемлекетіміз бен ұлтымыздың жаңғыруына бірден-бір бастар жаңа жол ұсынылды. Бұл жол – ұлтымызды жаңғыртудың бірегей құбылысы ретінде Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы, оның ілгері көзқарастар жиынтығының алынуы.
Абайдың қазақ қоғамы жөніндегі озық ой-тұжырымдары қазіргі қоғамымыздың дамуының тарихи заңдылығына сай және тың идеялар кеңістігі екені даусыз. Әрбір ұлт өркениетті даму жолында өз мемлекетінің дамуына айрықша ықпал ету қабілеті зор тарихи тұлғалар мұрасына қайта-қайта оралып, тұлғалар мұрасын үнемі зерделеп, оны қоғамдық өмір арнасына жаңғырта енгізіп отырған. Тұлғалардың әлеумет өмірінің әр алуан қырларын тереңінен қарастырып, адам мен қоғамның үдемелі даму негіздерін айқындап берген көзқарастарын басты құндылық ретінде жаңа заман лебімен үйлестіре жаңғыртудың үлгісі деп қабылдаған.
Уақыт өткен сайын, адамзаттың алып тұлғасы Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасының біздің қазаққа қызмет етер әлеуеті күшейе түсері сөзсіз. Біз оны мемлекет басшысының мақаласынан айқын аңғардық. Президент бұл жөнінде «Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады», – деп айшықтап көрсеткен.
Мақаладағы «Ұлттық болмыстың үлгісі» деген бастауында Абай Құнанбайұлының шығармаларындағы ұлттық жаңғыру негіздері – саналы, білімді, білікті және мәдениеті жоғары ұлтты қалыптастыру қырлары зерделенген. Бүкіләлемдік көштің басында болуға ұмтылуымыз керек деген тарихи тұжырым түйінделген. Президенттің біздің ұлтты қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алады деген пікірі тарихи шындық.
Президент мақаласындағы «Мемлекет ісінің мүдделісі» деген тұжырымдамасында елімізді нығайтуда Абай әділетті қоғам құру идеясы темірқазық ретінде алынған. Баршамызға мәлім, ол тек әділетті қоғамда ғана заң үстемдігі мен құқықтық қатынастар жүйесі тұрақты орын алады. Қазіргі мемлекетіміз ұстанып отырған құқықтық аспектілерімізбен бұл тұжырым әбден үйлесімді шыққан.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы түптеп келгенде бізге, қазақстандықтарға жаңа биіктерге ұмтылуға жол ашқан еңбек.
Асыл ҚАСЫМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!