Тіл саясатының жаңа дәуірі

Тіл саясатының жаңа дәуірі

Қостанай ауданының тілдерді оқыту орталығында тыңдаушылар мен жергілікті тұрғындарға латын графикасымен жазуды үйрету басталды. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бекболат Уәлиевтің айтуынша, осы жоба аясында ауданның екі мыңға жуық ересек тұрғыны қамтылмақ.

Үш кезеңде үлкен жұмыс күтіп тұр
Аудан әкімдігінде өткен жиында Бекболат Уәлиев руханияттағы белсенді бетбұрыс турасында айта келіп, «Қазақстан латын графикасына көшу арқылы тəуелсіздікті баянды етуге, өркениетті елдердің қатарына қосылуға құштарлығын, рухани жаңғыруға қоғамның дайын екенін көрсетіп берді» деді. Сондай-ақ, ол баяндамасында қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру барысына тоқталып өтті.
Бірінші кезең 2018-2020 жылдарды қамтымақ. Осы кезеңде нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жөніндегі дайындық жұмыстары мен ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары жүргізіледі. Латын негіздегі жаңа қазақ әліпбиінің жазу ережелері, мәтінді аударуға арналған қосымшалар әзірленіп жатыр.
Екінші кезең – 2021-2023 жылдар. Төрт жылда ұйымдастыру, әдістемелік іс-шаралар өткізу жоспарланған. Яғни, оқыту, семинар-тренингтер арқылы тұрғындарды жаппай бейімдеу жұмыстары. Азаматтардың жеке басын куәландыратын барлық құжаттарды латын қарпімен жазу осы кезеңде басталады.
Үшінші кезең – 2024-2025 жылдар. Жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының іс-қағаздарын латын графикасына аудару рет-ретімен жүргізіледі. Сонымен бірге, бұл үрдіске білім беру ұйымдары да қосылмақ.
Бұған дейін жазғанымыздай, Қостанай ауданында қазақ тілінің латын қарпіне көшуін іске асыру жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері мен спикерлері, іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмыстары жалғастыруда. БАҚ-та олардың түрлі сұхбаттары, мақалалары жарық көрді. 2018 жылы осы жөнінде 300-ге тарта дөңгелек үстелдер мен кездесулер өткенін де айта кетейік.
Сондай-ақ, өткен жылы «Рухани жаңғыру» тақырыбында жалпыхалықтық диктант ұйымдастырылған еді. Диктанттың мақсаты – латын негізіндегі қазақ әліпбиін, «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері» жобасының практикалық тұрғыда меңгерілуін саралап, нақтылай түсу, өзін-өзі бағалау, бейімдеу. Жалпыхалықтық диктантқа ауданымыздың 4,5 мың тұрғыны қатысты.
Өткенімізге үңілсек…
Араб жазуынан латыншаға жиырмасыншы ғасырдың басында көшкеніміз белгілі. Сол дәуірде де түсіндіру жұмыстарына көп мән берілген. 1923-1927 жылдары жаңа әліпби төңірегінде жан-жақты талқылау, қызу пікірталастар қыза түседі. Осы кезеңде бастамашыл, ынталы топ – «Жаңа әліпби үйірмесі», «Латын тілі үйірмесі» деген курстар ашып, орталықтар ұйымдастырып, жазудың мән-маңызына, табиғаты мен тағылымына мықтап назар аударған. Сөйтіп, оқу-білімге, сауаттандыруға, оны жүзеге асыру бағыттарына батыл бет бұрады. Осы тұста Нәзір Төреқұловтың «Жаңа әліпби туралы» кітапшасы қалың көптің қолына тиді (1925).
Солтүстік Кавказда, Якутияда да латын қарпіне көшу науқаны жүріп жатты. Түркітілдестер Орталық Азияда, оның ішінде Самарқан қаласында жиналады. Ұйымдастырушы – Өзбекстан. Оның жұмысына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан өкілдері қатысқан. Жиналыста жаңа әліпби, оқып-үйрену, емле, ереже бойынша бірқатар шешім қабылданды: латын графикасы негізінде жаңа әліпби қабылдау; жаңа әліпбидің сингармонизм заңына негізделуін ескеру; жаңа әліпбиде бір дыбыс пен бір таңба принципінің сәйкестігін көздеу; түркітілдес халықтарда таңба біркелкі болғанын назарға алу. Бүгінгі қолға алынған бастамада да осылар ескеріліп отыр.
Тағы шегініс жасасақ. Бірінші дүниежүзілік түркология құрылтайының маңызы зор болды (Баку, 1926, 26 ақпан-6 наурыз). Түркология құрылтайына түркі халықтарының 600-ден астам зиялы топ өкілдері қатысты. Оған делегат ретінде Қазақстаннан А.Байтұрсынов, Е.Омаров, Б.Сүлейұлы, Н.Төреқұлов және оқу-ағарту қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері қатысып, әліпби мәнін, табиғаты мен тағылымын кеңінен сөз еткен. Дауыс беру нәтижесі бойынша 101 адам латын әліпбиін қолдаса, 7 дауыс араб графикасына беріліп, 9 делегат қалыс қалған. Қорытындысында латын әліпбиі қабылданды.
Жаңа әліпби нұсқасы – «Еңбекші қазақ», «Советская степь» газеттерінде басылады. Әртүрлі бағыт, көзқарас, пікірталастар орын алады. Халық ағарту комитеті (Наркомпрос) мен Орталық Комитеттің Жаңа әліпби жөніндегі ғылыми-әдістемелік Кеңесінде ғылыми-орфографиялық бағытта конференция ұйымдастырылады (1929 жыл, 2-4 маусым). 1928 жылдан орта және жоғары мектеп жүйесі жаңа әліпбиге ауысты. Осы жылдан бастап «Жаңа мектеп», «Жаршы» журналы, «Қызыл әскер» газеті эксперимент түрінде жаңа әліпби үлгісіне көшіп, көпшілікке жетті.
1930 жылдың ақпан айынан бастап «Әйел теңдігі», «Қызыл Қазақстан», «Жаңа әдебиет» журналдары жаңа әліпбиге көшті. Негізінен, латын әліпбиіндегі жазу үлгісі 1929-1940 жылдар арасында қолданылған. Қазіргі кезеңде еліміз осы бағыт, жүйеге қайта оралып отыр.
1940 жылы 10 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізінде жаңа әліпбиге көшіру туралы» қаулы қабылданады. Бұл кезең де едәуір уақытқа созылды…
Тарих көрсетіп бергендей, әліпби ауыстыру, таңдау мен оны жүзеге асырудың маңызы зор. Оның, сөз жоқ, әлеуметтік мәні, саяси себептері мен қоғамдық мәні айрықша. Осы реттен келгенде, Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында (2006), «Қазақстан-2050» даму стратегиясында латын қарпіне көшудің қажеттілігін, әлемдік үдерістегі орын-үлесін, бастысы Түркі әлемі үшін маңызды қадам екенін қозғады. Одан соң, баршамызға белгілі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазақ тілінің әліпбиін өзгерту мен оның арғы-бергі тарихына, қоғамдық мәні мен саяси себептеріне, ақпараттық-әлемдік бәсекелестік кеңістігіне кеңінен тоқталды. Жазу реформасы – ұлт айнасы, рухани жаңғырудың жарқын көрінісі екенін кең көлемде сөз етті.

Ережеде тілдік ерекшеліктер ескерілген
Жақында жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері әзірленді. Аталмыш Ереже 2019 жылы 18 қаңтарда «Egemen Qazaqstan» басылымында жарияланды.
Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері (Ереже) – латын графикасындағы қазақ әліпбиі бойынша дұрыс жазуды көрсететін құқықтық күші бар құжат. Сонымен қатар, латын негізді жаңа әліпби бойынша қазақ тілінің орфографиялық нормаларын тұрақтандыратын, дұрыс жазу мәдениетін қалыптастыратын басты нормативті қағидалар болып саналады. Ережеде алдымен ұлттық тілдің жазу-сызумен байланысты заңдылықтары мен ерекшеліктері ескерілген.
Негізгі ұстаным үшін фонематикалық принцип басшылыққа алынған. Сонымен қатар, қазақ әдеби тілінің лексикалық құрамындағы көне және кірме тілдік қабаттардың кейбір түрлерінің емлесіне қатысты дәстүрлі және фонетикалық, ал төл сөздердің күрделі түрлері үшін морфологиялық принцип те қолданылған. Ережеде: латын негізді әліпби бойынша қазақ тілі дыбыстарының мәнін білдіретін әріптердің үндестікпен, үйлестікпен жазылу нормасы көрсетілді; сөздерді бірыңғай жуан немесе жіңішке жазу, соған сәйкес қосымшалардың жуан немесе жіңішке жалғану үлгісі берілді; қосар дыбыстарды (ұу/үу, ый/ій) дара әріппен (у, и әріптерімен) таңбалаудың үлгісі ұсынылды; қазақтың әдеби тіліндегі емлесі қиын сөздердің орфографиялану ерекшеліктері көрсетілді; латыннегізді жаңа әліпбиде жоқ ё, й, ц, щ, э, ю, я, ь, ъ әріптерінің жазылу баламасы берілді; бейүндес буынды кірме сөздерге қосымша жалғаудың орфографиялану тәртібі көрсетілді; шеттілдік сөздердің орфографиялану үлгісі ұсынылды; біріккен, кіріккен, тіркесті және қос сөздердің емлесі, сондай-ақ бас әріппен жазылатын атаулардың жазылуы мен тасымалдың тәртібі көрсетілді.
Сонымен бірге, бұған дейінгі жазу тәжірибесі, тұрақталған нормалары, латын негізді әліпбиді қолданған және қолдана бастаған түркітектес халықтардың емле тәжірибелері ескерілген. Бұл Ереженің бастапқы нұсқасын түзу жұмысы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында атқарылған. Институт әзірлеген Ереже жобасын Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық және Әдістемелік жұмыс топтарының бірлескен ғылыми-практикалық семинар-кеңестерінде бірнеше мәрте қарап, талқылаудан өткізді.
Алдағы уақытта «Arna» газеті тұрақты айдар ашып, жаңа әліпби емлесінің ережелерін жариялап отырмақ. Сондай-ақ, редакция кейбір хабарларды латын графикасымен басуды жоспарлауда.
Асыл ҚАСЫМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!