Торғай геоглифтері – теңдессіз құбылыс

Торғай геоглифтері – теңдессіз құбылыс

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2018 жылы туризм саласынан Қостанай өңіріне 1,7 млрд теңге пайда түскен. Әрине, бұған қасиетті, тарихи жерлеріміздің қосып отырған үлесі бар екені сөзсіз.

Әлем назары ауып тұр
«2018 жылы аймаққа 193 мыңдай Қазақстан азаматы келген. Өсім – 10,8%. Сонымен қатар, 20,4 мың шетелдік турист қонақ болды, яғни, 13,1% көбейген. Осы жылы 220 мыңның астам турист келуі тиіс», – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Роза Горянная.
Оның айтуынша, шетелдік туристерді қызықтыруы тиіс тарихи орындардың бірі – Торғай геоглифтері. Қазақстанның киелі орындар картасына енгізілген ескерткіштер туралы ең алғаш қостанайлық ғалым Дмитрий Дей зерттеген. Оның табанды еңбегінің арқасында 2015 жылы NASA халықаралық ұйымының мамандары жұмылдырылып, The New York Times газетінде арнайы мақала жарық көрді. 2017 жылы Вашингтондағы Смитсон институтының ресми басылымы Smithsonian журналы жер шарында құпиясы ашылмаған ең көлемді геоглифтердің үздік бестігіне Торғай свастикасын кіргізген.
2014 жылы Түркияда өткен Еуропа археологтар қауымдастығы Торғайдағы жаңалықты әлемдік сенсация деп атаса, 2016 жылы Жапониядағы Fuji Television телеарнасы әйгілі «Mystery All the world» (Әлемнің тылсым сырлары) бағдарламасында көрсетті. Бұл хабардың 7 млн жуық көрермені бар екенін айта кетейік.
Сонымен қатар, қытайлық leaqu.com сайты Арқа төсіндегі аталған үйінділерді Азиядағы тылсым ескерткіштер тізіміне қосты. Ал, Үндістандағы The Hook news шығарылымының ашылмаған 10 үздік археологиялық құпия рейтингінде Торғай геоглифтері екінші орында тұр. Камбоджа үйінділері – бірінші орында.
Мұның барлығы біздің даламызға әлем назары ауды деген сөз. Менеджер мамандардың пікірінше, туризмді дамытуға жағдай жасай берсек, тарихи орындарымыз Мысырдағы пирамидалардан кем түспейді.

Барлау жұмыстары жүргізілген
«Геоглиф» – ұзындығы 4 метрден асатын геометриялық немесе бейнелі айшықтар салынған жерлерді белгілеу үшін кеңінен қолданылатын термин. Геоглифтерді жасаудың екі тәсілі бар: топырақ немесе тас үю арқылы, айшықтың параметрі бойынша жер қыртысының жоғарғы қабатын алу немесе керісінше салынады. Әлемде көптеген геоглифтер соншалықты үлкен, оларды тек жоғарыдан көре аласыз. Мысалы, бұл ретте ең әйгілі Наска геоглифтерін айта кетсек болады.
Торғай өңірінің аумағындағы геоглифтер Google бағдарламасының ғарыштық түсірілімінің көмегімен 2007 жылы ғарыштық түсірілімдерді зерделеу нәтижесінде анықталған. 2007-2009 жылдары барлығы 10 геоглиф табылды. Бүгінде Қостанай облысының аумағында орналасқан геоглифтердің бірнеше түрлері белгілі: төрттаған (Үштоғай төрттағаны); свастика (Торғай свастикасы); Екідің кресі, Ащытасты крестер, сақина және т.б.
Археологтардың болжамдарына қарағанда, геоглифтер шамамен біздің жыл санауымыздан 2-10 мың жыл бұрын тұрғызылған. Олардың дәл жасы алғашқы артефактілік жәдігерлер табылғанда ғана анықталады.
2007-2008 жылдары жазда Торғай археологиялық экспедициясы үш нысанның (Үштоғай төрттағаны, Торғай свастикасы, Шіле төрттағаны) зерттеу бойынша барлау жұмыстарын ұйымдастырды.
Үштоғай төрттағаны Қостанай облысы Амангелді ауданының Үштоғай кентінің шығысында 15 км жерде орналасқан, қиғаш сызықты белгісі бар, төрттаған айшығы тәрізді. Диаметрі 10-12 м, биіктігі 1 м 101 үйіндіден құрылған. Төрттаған қабырғаларының ұзындығы 287 м, қиғаш сызықтың ұзындығы 406 м. Барлау жұмыстарын жүргізу барысында айшық қиғаш сызығында орналасқан бір үйінді қазылды (төрттаған ортасынан оңтүстік-батыс бағытқа қарай үшінші үйінді). Стратиграфияны зерделеу үшін 3-В желісі бойынша пішін қалдырылды. Нәтижесі: борылдақтың жоғарғы қабаты қуаттылығы 0,15 м дейін (құм қабат) тығыздалған саз; саздың төменгі қабаты жалпы қуаттылығы 0,6 м дейін қоңыр және сұрлау-қоңыр; төменгі қабат қуаттылығы 0,2 м дейін ақ қосылған сұрлау-қоңыр; оған материктік сары-қоңыр түсті саз төселген.
Үйіндінің астынан қалдықтардың құрылымы табылған жоқ. Сондықтан, ескерткіштің салынған күні дәл анықталмады.
Торғай свастикасы Қостанай облысы Амангелді ауданының Үрпек кентінің түкпірінде орналасқан. Геоглиф үш сәулелі свастика нысанында жасалған үйінді тәрізді. Әрбір сәуле ирек тәрізді пішінмен аяқталады, соңы сағат тіліне қарсы иілген. Үйіндінің биіктігі 0,3 м дейін, сәуленің ұзындығы шамамен 33 м, тұғырдың ені 13-15 м, аяқ жағының ені 10-12 м. Ирек тәрізді пішіндегі ойпаттың ұзындығы 4 м, тереңдігі 0,3 м дейін. Свастиканың айналасы шамамен 90 м қамтиды. Жақын маңда диаметрі 10-15 м, биіктігі 0,2-0,3 м шұңқырмен қоршалған кішкентай үйінділер бар. Ескерткіш қола дәуірінен орта ғасырға дейінгі аралықта тұрғызылған деген болжам бар.
Шиелі төрттағаны Арқалық қаласына қарасты Қайыңды ауылының батысында жатыр. Төрттаған қабаттарының ұзындығы шамамен 225 м. Күшті толқынның ені 10-12 м, биіктігі 1-1,5 м, шұңқырдың ені 10-12 м, тереңдігі 1 м дейін. Оңтүстік жағында шұңқыр тәрізді кіретін жері бар. Төрттағаннан солтүстікке қарай жүз метр жерде жазық шыңда дөңгелек толқын тәрізді алаңды білдіретін және төрттағанның параллельді сыртында желі орналасқан бес қорған салынған. Дөңгелектің диаметрі 30-35 м, валдың ені 4-5 м, биіктігі 0,2-0,3 м. Төрттаған ішіндегі алаңның жоғарғы жағы тегіс, көзбен қарағанда ешқандай іздер немесе құрылымдар байқалмайды, ал солтүстік-батыс жағында жинақталған керамикалар бар, болжам бойынша орта ғасырда үйілген. Кейбір фрагменттер алаңның қалған бөліктерінде де кездеседі. Зерттеушілер аталған нысанмен жұмыс жасаған кезде тарихи құжаттар, атап айтқанда, 1771 жылы капитан Николай Рычковтың Қырғыз-қайсақ даласына саяхатқа шығу кезінде жазба күнделігі қолданылғанын айтады.
Н.Рычков Қырғыз-қайсақ даласына саяхат жасай жүріп, «толқындар» мен шұңқырлардан құрылған қалашық табады. «Ол қала төртбұрышты сарай тәрізді салынған, барлық жақтарында тепе-тең вал кеңістігі бар. Шығыс жағында құлап жатқан валы бар жер қақпасы және шұңқырлар көрінеді, яғни, ол жердің ертеде салынғанына дәлел», – деп келтіреді ғалым. Қазіргі қолда бар деректерді сәйкестендіре қарасақ, қостанайлық зерттеушілер де, Н.Рычков та бір нысанды айтып отырғаны белгілі.
Ақшығанақ кресі Қостанайдың Жангелдин ауданындағы Ақшығанақ ауылының солтүстігінде 1 шақырым жерде. Крест 20 үйінді төбешіктерден тұрады, әрқайсысының диаметрі 5-6 метрден. Осы мәселемен айналысып, зерттеушілер (А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ археологиялық зертханасы қызметкерлері А.Логвин, И.Шевнина, Д.Дей) мақалаларында бұлардан бөлек, Торғай сақинасы деп атаған, 25 үйіндіден тұратын, диаметрі 170 метр қоршау-дөңгелекті де атап көрсеткен.
Үлкен Ащытасты кресі – 38 үйіндіден тұратын ескерткіш. Пішіннің ұзындығы 436 м. Ал, Оңтүстік-Торғай кресті 20 үйіндісі бар орын. Пішіннің ұзындығы 195 м. Торғай сақинасы 25 үйіндіден тұрады. Диаметрі 170 м.
Торғай геоглифтері – теңдессіз құбылыс. Ғалымдар алдағы уақытта нысандарды зерделеу кезінде табиғи-ғылыми әдістерді (георадар және т.б.) қолдануды көздеп отыр.
Асыл ҚАСЫМ
Интернет материалдары бойынша дайындалды

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!