Түлектің көңілі Ресейде…
Ресей 2018 жылы Қазақстан абитуренттері үшін 10 мың грант бөлді. Осы гранттар арқылы көрші елдегі отыз оқу орнында оқуға болады. Қазіргі таңда Ресейде 70 мыңнан астам қазақстандық студенттер білім алып жатыр. Жылма-жыл бұл цифр өсіп барады.
Жоғары оқу орнына түсу үшін Қазақстандағы әр түлекке ҰБТ тапсыру міндеттеледі. Ресми мәліметтерге сүйенсек, былтыр мектепті 131 мыңнан астам оқушы бітірсе, соның тек 93 мыңға жуығы ғана тестілеуге қатысқан. Сол сынақты тапсырғаны бар, тапсырмағаны бар, көптеген түлек Ресейге аттаныпты. Ол елде жоғары білім алу үшін мектеп аттестаты ғана қажет, ҰБТ сертификатын сұрамайды. Кейін ескі жүйе бойынша қабылдау экзамендері өткізіледі.
Сенімді дерек көздеріне қарасақ, әрбір бесінші түлек Ресей мен Қытай оқу орындарын таңдайды екен. Соңғы жылдары, әсіресе, еліміздің солтүстік өңірлерінде туып-өскен, білім алған балаларымыздың көрші Ресейдің жоғары оқу орындарына құжат тапсыруы белең алғаны жиі айтылып жүр. РФ Білім министрлігіне қарасты әлеуметтік зерттеулер орталығының директоры Александр Арафьев: «Қазақстан Ресейде оқитын студенттер саны жөнінен ТМД бойынша бірінші орында», – дейді. Оның айтуынша, талапкерлердің көптеп келе бастауына 2014 жылы рубльдің құнсыздануы себеп болған. Қазақстан мен Ресей арасындағы Үкіметаралық келісімдер аясында 2003 жылдан бастап ҚР азаматтарына арнайы ресейлік оқу гранттары бөлініп келеді. Қазіргі уақытта Ресейдегі түрлі жоғары оқу орындарында білім алып жатқан Қазақстан студенттерінің саны 70 мыңға жеткен (РФ Білім министрлігінің мәліметі бойынша).
Ресейде оқыған жастардың көбі туған жеріне оралмай, сонда қалып қояды. Бұл дегеніміз – өзге мемлекетті асырау. Яғни, өзімізге пайдасы тиетін, экономикаға пайдалы жұмыс әлеуетінің басқа елге кетуі.
Қостанай қаласындағы мектептердің әрбір үшінші түлегі Ресейдің жоғарғы оқу орнын таңдайды. Мұны қалалық білім бөлімі мамандары растап отыр. Абитуриенттер көрші елді таңдаудың бір себебін болашағымен байланыстырған. Сол жақтан жалақысы жақсы жұмыс табамыз дейтін көрінеді.
Облыстық білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, былтыр 170-тен астам түлек Ресей Федерациясының білім грантын иеленіпті. Ұлттық бірыңғай тестілеуден бас тартып жатқандары да осымен түсіндеріледі. Мәселен, 2017 жылы ҰБТ-ға аймақтың 11 ауданынан түлектердің 50% жетер-жетпесі ғана қатысқан. 44 мектеп тестілеуге мүлдем қатыспапты. Жыл өткен сайын бұл көрсеткіштер көтеріліп барады. Бұндай мекемелер Ұзынкөл, Қарабалық, Федоров, Қарасу мен Қостанай аудандарында көп. Оның соңы түлектер туған елдерінде білім алудан гөрі, шетелдің оқу орнын таңдауына келіп тіреледі.
«ҰБТ-дан бас тартқан түлектердің 39,3 пайызы Ресей Федерациясындағы оқу орындарына түсуін алға тартқан. Ресейде білім алуды Лисаков пен Рудный қалаларының әр екінші, Қостанай, Қарабалық аудандары мен «Озат» мектебінің әр үшінші және Федоров ауданының әр төртінші түлегі таңдайды», – деген деректі Қостанай облыстық білім беру басқармасы жариялаған болатын.
Ресейлік жоғарғы оқу орнындарына құжат тапсырған түлектердің 60% екпінділер («төрт» пен «беске» оқығандар) мен үздіктер екені де үлкен мәселе. Яғни, Қостанай өзі тәрбиелеп шығарған зияткерлік әлеуетінен айырылып жатыр.
«Жастардың таңдауына, талап-тілектеріне қарсы шыға алмаймыз, әрине. Олардың өзге елдерге кетуі бізді де толғандырады. Осы мәселеге тосқауыл қою үшін түрлі кездесулер өткізіліп, еңбек нарығына қажетті салалар мен мамандықтарды таңдау бойынша ақыл-кеңестер берілді. Облыстың жоғарғы оқу орындарында жаңа мамандықтар ашылып жатыр, мемлекеттік университетте әскери кафедра бар. Мұның бәрін айтамыз», – дейді білім басқармасы мамандары.
Аймақта бұл мәселені шешудің бірнеше жолы қарастырылуда. Мысалы, облыс әкімі жергілікті бюджеттен де грант бөлуді ұсынды. Алдағы оқу жылына аймақ қаражатынан педагогикалық және техникалық мамандықтарға 48 грант бөлінуі жоспарланып отыр. Жыл өте бұл сан көбейе бермек.
«Бізден бөлек басқа да шекаралас аймақтардың тәжірибесіне қарау керек. Шығыс Қазақстан облысы жақсы жұмыс істеуде. Алдыңғы жылы ол облыстан Ресейдің оқу орындарына мыңнан астам түлек кетсе, былтыр бұл сан 30% азайды. Біріншіден, жергілікті бюджеттен грант бөлінді, екіншіден, жеке әңгіме секілді бірқатар жұмыстар жүргізілді», – деген еді Архимед Мұхамбетов.
Ел арасында «Арқада қыс жақсы болса, арқар ауып несі бар» деген қанатты сөз бар. Мектеп түлектерінің көпшілігі ҰБТ тапсыруға құлықсыз, себебі оның ережесі қиын, Ресей көп жеңілдіктер ұсынады, сондықтан жастарымыз сол жаққа қарай ұмтылады деген секілді пікірлер жиі айтылады. Бәрі жайлы, көңілдегідей болса, туған-туыстарын тастап, шекара асып кетпес еді деген сөздерді де естіп жатамыз. Сол себепті біз облыстағы мақтаулы мектептердің бірі – физика-математикалық лицей директорының ғылыми-әдістемелік жұмысы бойынша орынбасары Татьяна Климентьевамен әңгімелескен едік. Өйткені бұл мектеп – облыстағы маңдайалды ұжымдардың бірі. Физика-математика, жаратылыстану-математи-
ка бағыттарын тереңдеп оқытатындықтан, көршілеріміздің бұл мектеп түлектеріне сұранысы жоғары.
– Түлектеріміздің арасында елімізде білім алып жатқандардан гөрі шетелдердің жоғарғы оқу орындарын таңдағандар үлесі басым. Мәселен, былтыр бітірген 38 түлектің 8-і Ресейдің университеттеріне түсті. Олардың өкілдері біздің мектепке келіп кездесулер мен түрлі жиындар өткізеді. Қазірдің өзінде олармен ғаламтор арқылы байланыс орнатып отырамыз. Балалардың таңдауға толықтай құқықтары болғандықтан, оларға ешкім «жоқ» демейді. Көбісі, әрине, ҰБТ-дан қашқақтайды, – дейді Татьяна Климентьева.
Аталмыш мектептің түлегі Артем Нилов – ҰБТ тапсырмай, Ресейге оқуға кеткендердің бірі.
– Қазақстанда ҰБТ тапсырып, мүмкіндігіңді толық көрсете алмайсың. Маған жазбаша емтихан ұнайды. Ресейге оқуға тапсырғанда осындай сынақ тапсырып, білімімді толық көрсеттім. Кейін оқуға қабылдандым. Ал біздің ҰБТ білімнің көрсеткіші емес, – дейді Артем.
Талапты жастардың шетелге жаппай кетуі қалалық «Озат» дарынды балаларға арналған мектебінде де қалыпты үрдіске айналған. Мектеп директоры Ілияс Елжасовтың айтуынша, Ресейде оқу қостанайлық студенттер үшін мәртебе. Олардың шетелдердегі жоғарғы оқу орындарында білім алғандарында тұрған ештеңе жоқ деп есептейді. Тек оқып болған соң елге қайтса болғаны. Ал бұл еліміздегі әлеуметтік мәселелерге байланысты. Ресейдің ірі қалалары көп. Барлық университтерінде дәстүрлі жүйе сақталған. Яғни, дәрістер 1 сағат 30 минутқа созылады. Есесіне, дәріс оқушы профессор тақырыпты бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп шығады. Оларға түсу де қиын емес. Оқуға барлық жағдай жасалған. Көп жерлерде әр студентке жеке бөлме беріледі. «Бұның барлығы түлектерді қызықтырмай қоймайды» дейді мектеп директоры.
Шынымен, жоғарыдағы ци-фрларға қарасақ, құдды бір өзге елдер үшін шығындалып, солар үшін ұрпақ тәрбиелеп жатқандай әсерде қаласыз. Жастарды Қазақстанға қайтару мәселесі өткірленіп барады. Оған талдау жүргізіп жатқан бірде-бір мекеме көрінбейді.
Жақында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Артур Платонов еліміздің талапты, білімді жастарын өзімізде сақтап қалуға септігі тиер деген бірнеше ұсыныс тастады. Соның бірі – университтерге ҰБТ-дан тыс студенттерді таңдаудың балама жолын ұсыну. Сол секілді ол грантты облыстың экономикалық қажеттілігіне қарай бөлуді сұрайды. Тағы бір жолы – кәсіпорындардың өзі ұсынған грант. Кәсіпорын өзіне қажетті маманды өзі оқытып, өзі жұмысқа алады.
Ресейде білім алуға ниеттілердің көп болуы ҰБТ сертификатын талап етпеуден басқа, тілдік кедергінің жоқтығы, оқу ақысының арзандығы сияқты себептерімен де түсіндіріледі. Шекара аймағындағы облыстарда өткір тұрған түйінді мәселенің әзірге қашан, қалай шешілетіні белгісіз болып тұр.
Асыл ҚАСЫМ
Добавить комментарий