Өшпес даңқ, өлмес рухтың белгісіндей
Ертең – Жеңіс күні. Қуанышы мен қайғысы қатар айтылатын бұл мейрам биыл 74-ші рет тойланғалы отыр. Осыған орай Қостанайдағы және өзге өңірлердегі Жеңіс саябақтары, мәдени орындары туралы шолуымызды назарларыңызға ұсынамыз.Ертең – Жеңіс күні. Қуанышы мен қайғысы қатар айтылатын бұл мейрам биыл 74-ші рет тойланғалы отыр. Осыған орай Қостанайдағы және өзге өңірлердегі Жеңіс саябақтары, мәдени орындары туралы шолуымызды назарларыңызға ұсынамыз.
Қостанай: майдангерлер бюсті орнатылды
Мереке қарсаңында Қостанай қаласының тұрғындары мен қонақтарының ең сүйікті демалыс орнының өңі өзгеріп, сәні мен мәні арта түскен. Нақтылай айтқанда, от пен оқтың ортасына аттанып, жеңісті жақындатуға үлес қосқан қостанайлық майдангерлердің бюсті орнатылды. Мүсіншілер олардың кескін-келбетін көнерген фотосуреттеріне қарап келістірген. Ескерткіштер қоладан құйылды.
«Майдангерлер бюстін орнату – облыс әкімінің бастамасы. Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында осы идеяны іске асыруды тапсырды. Сондай-ақ, саябақта тас төсемелер де жаңартылды. Айта кету керек, бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 100 млн теңге бөлінген», – дейді Қостанай қалалық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары Қанат Нұралин.
Саябақ аумағында 19 ғасырдың соңынан елу жылдан астам уақыт бойы православиелік зират болған. 1949 жылы қалалық билік қорымды жабуға бұйрық беріп, ол қорымға адам жерлеу тоқтатылады. Парк құрылысы Ұлы Жеңістің 25 жылдығына орай 1965 жылы салына бастаған. Бір жыл өткен соң жергілікті сәулетшілер – Леонид Прокопьевич пен Муза Александровна Белоусовтардың жобасы бойынша паркте Ұлы Отан соғысынан оралмаған қостанайлықтарды еске алу құрметіне аты-жөндері жазылған Естелік қабырғасын орнату қолға алынды. Батырлар аллеясы құрылды. 1968 жылы мемориал салтанатты түрде ашылып, сол күні «Мәңгілік алау» жағылды.
1975 және 2014 жылдары Естелік қабырғасы жөнделіп, қостанайлық жауынгерлер есімі жазылған тақталар қосылған.
2006 жылы аталмыш саябақта ХХ ғасырдағы саяси құрбандарға арналған жаңа ескерткіш орнатылды. Жыл өткен соң Жауынгер-интернационалистерге монумент қойылды.
Тараз: Батыр атындағы саябақ
Салынғанына 34 жыл болған Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы Жеңіс саябағына былтыр 370 млн теңге бөлініп, түбегейлі жөнделді. Саябақта Кеңес Одағының Батыры атанған 48 жамбылдықтың есімі жазылған тақта қойылып, ҰОС қатысқан 105 мың сарбаздың аты-жөні тізілген «Жауынгерлік даңқ аллеясы» мемориалды композициясы бой көтерді. Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің, Семей ядролық полигоны мен Чернобыль апатының зардабын жоюшылардың құрметіне де ескерткіш салынды. Сондай-ақ, Бауыржан Момышұлының ұрпақ тәрбиесіне қатысты айтқан нақыл сөздері жазылған тақтайшалар орнатылған.
Парк аумағы – 15 гектар. Қазақстандағы ең үлкен саябақтардың бірі.
Тараздықтардың айтуынша, бұрын Жеңіс саябағы деген аты болмаса, мұнда ҰОС қатысқан жамбылдықтар туралы мәлімет, ескерткіш тақталары жоқ-тын. «Мәңгілік алау» да қаланың басқа тұсында еді. Былтырғы жөндеу жұмыстарынан бері бұл жер екі мың жылдық тарихи бар көне шаһардың тағы бір рухани демалыс орнына айналды.
Шымкент: шағын да болса шырайлы
Тараздағы саябақ ауқымдылығымен ерекшеленсе, Шымкенттегі Жеңіс паркінің аумағы 2 гектар ғана. 1945 жылы құрылған. Қаланың қақ ортасындағы басты демалыс орындарының бірі.
Кіреберісінде Кеңес Одағының батыры, үш бірдей дивизияны басқарған генерал-майор Сабыр Рақымовтың ескерткіші тұр. Мыстан соғылған мүсінде батыр қолына дүрбісін алып, шайқас барысын қадағалап тұрған сәті бейнеленген. Еңселі ескерткіштің биіктігі – 4 метр 20 см, ал тұғырымен қоса есептегенде 7 метрдан асады.
Сонымен қатар, саябақта 2012 жылы ашылған Ерлік мұражайы бар. Онда 2170 құнды жәдігер сақтаулы.
Демалыс орнына егілген көп жылдық раушан гүлдер түрлі-түсті сән беріп тұр. Ортадағы аллеяға 11 дана үлкен вазон қойылған. Ал ескерткіш аумағындағы вазондарға жазғы 3 мың дана шафран, сальвия және ханшайым атты гүлдер егілген. Отырғызғанына бірер жыл болған жүзден астам Эльдар қарағайы, 100 дана аққайың мен 200 дана емен ағаштары да бой тіктеп келеді. Көгал алаңдары айына 3 реттен орылып, тегістеліп тұрады.
Петропавл: саябақта спортпен айналысуға болады
Қызылжарда отбасыңызбен серуенге шығам десеңіз, Жеңіс саябағы – ең қолайлы орын. Бала-шағаңызға сол өңірден соғысқа аттанғандар жайында патриоттық сабақ өткізіп, спорт алаңдарында белсенді дене қимылын жасап қайтсаңыз болады. Есіл өзенінің жағалауындағы керемет көріністі тамашалай аласыз. Бірақ, бір қиындығы – қаланың шеткерек ауданында орналасқан. Саябақ 1967 жылы толықтай пайдалануға берілген. 1985 жылы ортасына ескерткіш қойылады.
Екінші дүниежүзілік майдандағы Кеңес Одағының жеңісіне 65 жыл толуына орай, 2010 жылы саябақ жаңартылған кейіпте қайта ашылған. 200-ге тарта қайың, емен, шырша ағаштары отырғызылып, іші түрлі тарихи композициялармен толықтырылады. Сондай-ақ, әскери техникалар мен тыл еңбекшілеріне арналған ескерткіштерден көптеген мағлұмат алуға болады. Мұндағы басты ерекшелік – соғыс жылдарындағы бір көріністі көз алдыңа әкелетін блиндаж.
Саябақ ішінде шағын футболға арналған жасанды төсеніші бар екі бірдей алаң тұр. Өзіңіз доп тебуге немесе басқалардың ойынын тамашалауға мүмкіндік бар. Одан әріректе баскетбол, волейбол ойнаймын дегендерге де алаңшалар ашып қойған. Жүгіріспен айналысам деушілер үшін арнайы жолақтар төселген.
Ақтөбе: Батырлар аллеясы бар
Ақтөбеде Батырлар алаңы Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналып ашылды. Қырық сегіз гранитті стелласында 35 Кеңес Одағының Батыры мен 9 «Даңқ» ордені иегерлерінің аттары жазылған. Әлия Молдағұлованың кешені екі жоғары гранит стелламен тұрғызылған.
Аллея ішінде аумағы 300 шарты метрді алып жатқан 25 гүл алаңы бар. Жалпы көлемі 3 мың шаршы метрге тротуар төселген. Демек, демалыс орнына бір мезетте мыңдаған адам сыйып кетеді. Түн мезгілінде де серуендеуге қолайлы. Жүзден артық түрлі шамдар орнатылған.
Мемориалды кешенді көріктендіруге 87,4 млн теңге жұмсалған.
Ақтөбеліктер Әлиядай атақты батыр қыздарымен мақтанады. Өңірде қайсар қыздың 80 жылдығына орай, 2005 жылы «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығы ашылған. Бұл жерде батырдың өмірі мен ерлік жолы туралы ақпараттар, жәдігерлер қоры сақталған. Музейде жеке заттары, фотосуреттері, әртүрлі құжаттар, тіпті майдан даласынан табылған қару-жарақ, құралдар да бар.
Ал батырдың кіндігі кесілген Қобда ауданына қарасты Бұлақ ауылында Әлия ескерткіші мен шағын саябақ бар. Көкмешіттегі қорымда анасы Маржан жерленген орын 80 жылдан кейін 2011 жылы табылып, онда мәрмәр құлпытас орнатылған.
Өскемен: шырақ жағу дәстүрі
Шығысқа саяхат жасасаңыз бұл мәдени орынды міндетті түрде көруіңіз керек. Әсіресе, 9 мамырда. Жеңіс күні мыңдаған өскемендік Даңқ мемориалды кешені жанында шырақ жағып, жерлес жауынгерлерді еске алуды дәстүрге айналдырып келеді. 2017 жылы ең көп қатысушы тіркелді. Жеті мыңнан астам адам жиналған.
Өскеменде Даңқ мемориалды кешені 1995 жылы ашылды. Майданда опат болған шығысқазақстандықтар құрметіне соғылған кешеннің авторлары – мүсінші В.Раппорт пен сәулетші С.Христофоров.
Аумағында символикалық қорым, ескерткіш, «Мәңгілік алау», еске алу алаңы бар. Батырлар қабырғасында екінші жаһанда ерлік көрсеткен өскемендіктердің есімдері жазылған. Композицияның негізгі мәнін ашып тұрған ол – биікке ұмтылысты бейнелеген стелла.
Аслан ҚАНҒОЖИН
Добавить комментарий