«Қожаның достары» жеңімпаз атанды

«Қожаның достары» жеңімпаз атанды

«Алтын дән» мәдениет үйінде тұңғыш рет мектеп оқушыларының аудандық Жайдарман ойындары өтті. Сайыста төрт команда үш кезең бойынша мықтыны анықтады.

Әзіл кешіне ұйытқы болған – Қостанай ауданы әкімдігінің жастар ресурстық орталығы.
«Біздің ауданда КВН ойындары өткізіліп тұратын. Әрине, ол негізінен орысша. Енді, мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында Жайдарман ойындарын ұйымдастырып отырмыз. Егер тілек білдірушілер саны артып жатса, мұндай шара дәстүрге айналады», – дейді орталық мамандары.
Жарысқа облыс көлеміне танымал жайдарманшылармен қатар, аудандық мәслихат хатшысы Бауыржан Көпжасаров төрелік етті. Тұңғыш рет өткізіліп жатқандықтан, қазылар алқасы командалардың кейбір шикіліктеріне, артық-кем тұстарына көз жұма қарады. Қалай десек те, жас буынның өнерге деген талпынысы көрініп тұрды. Жастарына сай әзіл айтып, құралпыластарының көңілін көтеруге тырысты.

Командалардың дайындық деңгейлері «Сәлемдесу» кезеңінде-ақ байқалып қалды. Негізгі бәсекелестер – Н.Наушабаев атындағы Затобол мектеп-гимназиясы мен мемлекеттік тілде оқытатын Заречный орта мектебінің әзілкештері. «Бес жаңалық», «Сюжетті сөйлету» сайыстарындағы сәтті қалжыңдары екі команданың ұпайын еселей түсті.
Жарыс қорытындысында «Үздік ойыншы» номинациясы Семенов орта мектебінің оқушысы Мәди Мырзабекке берілді. «Үздік әзіл» аталымы «Fin fong» командасының (мемлекеттік тілде оқытатын Заречный ОМ) еншісінде.Соңғы кезеңге дайындықсыз келген «Семен» құрамасы (Семенов ОМ) үшінші орынды қанағат тұтса, екінші орынды «Алғырлар» командасы (Абай НМ) алды. Ал бірінші орын «Fin fong» құрамасына (мемлекеттік тілде оқытатын Заречный ОМ) бұйырса, бас жүлде – «Қожаның достарында» (Н.Наушабаев атындағы ЗМГ).

Асыл ҚАСЫМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!