Музыкадағы өмір

Музыкадағы өмір

Қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған туындылары цифрлық форматтағы «Ұлы Даланың көне сарындары» жинағына топтастырылмақ. Бұл бағыттағы жұмыстар «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы аясында жүзеге асырылады.

«Ұлы Даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта «жаңа тыныс» алуға тиіс. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін көшпенділердің бай мұрасын жүйелеуге қабілетті ғана емес, сондай-ақ, оның өзектілігін арттыра алатын отандық және шетелдік кәсіби мамандарды тарту маңызды», – деген еді Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында.
Осы мақсатта биыл «Ұлы Даланың көне сарындары» жобасы қолға алынып, белгілі әншілер мен күйшілер, жыршылар ел аралап, дәстүрлі музыка фестивалін өткізді. Өнер керуені Қостанайға да ат басын тіреген. Сол кеште сахнаға өнерпаздарды белгілі жыршы, фольклор зерттеушісі Алмас Алматов бастап шығып: «ХХ жүзжылдықтың зор ғұламасы, француз дәстүршілі Рене Генонның пікірінше, жер бетіндегі музыка мен поэзия тек көшпенділер мәдениетінде ғана биікке көтерілген. Осындай тумысы текті, тұғыры биік, тамыры терең дәстүрлі музыканың бір мұрагері – қазақ елі. Біз осы жауапкершілікті қаншалықты сезініп жүрміз? Ойланатын сұрақ. Жаһандануға жұтылмау үшін, ұлттық болмысымызды сақтау үшін бізге ұлттық өнер керек. Бұл – бір. Екіншіден, қазақтың күйі небір симфониялардан ешбір кем емес. Дәстүрлі ән-жырымыз әлем мәдениетінің айнымас бір бөлшегі. Мұны дүниенің әр бұрышындағы мәдениеттанушылар айтып жүр», – деп тебірене сөйлеген еді.
Расында, қазақтың дәстүрлі ән-күй өнері әлем деңгейінде насихатталуға лайық туындылар. Соның ішінде күй-аңыздар хақында азды-көп сөз қозғаудың реті келіп тұр.
Күй-аңыздар – қазақтың музыкалық мәдениеті дамуының ең бағзы кезеңі. Басты және анағұрлым маңызды тұсы – әуен мен сөздің ажырамас біртұтастығында. Сонау есте жоқ ескі замандарда құр аспаптық пьесаны орындап бере салған емес, ұсынып отырған шығармасының идеялық мазмұнын айқын, көркем, бейнелі, бедерлі етіп әңгімелеп беріп, содан соң ғана ойнап, тыңдаушының разылығын алатын адам нағыз музыкант болып саналған. Осылайша, музыка әңгіменің айнымас жалғасы ретінде қабылданған және әңгімесіз ол идеялық-көркемдік мағынасын жоғалтып алған.
Қазіргі таңда, өкінішке қарай, әңгімеден тек бағдарламалық атауы ғана қалды. Қазақтың барлық аспаптық пьесаларының атауларының болуы кездейсоқтық болмаса керек. Күй-аңыздар функциялық маңызына қарай әрқилы, оны музыкатанушылар бірнеше топқа бөледі:
Біріншісі – қасиетті аңдар мен құстардың образдарымен байланысы бар күйлер. Бұларда ең бірінші орында дыбыстық бейнелеу тұрады;
Екінші топ – барлық жануарлар әлеміне музыканың сиқырлы әсері байқалатын күй-аңыздар;
Үшіншісі – жақын адамнан көз жазумен байланысы бар күй-жоқтаулар.
Сақталып қалған күй-аңыздар көп емес. Олардың ішінде қобызбен, домбырамен және сыбызғымен орындалатындары аз да болса осы күнге жеткен.
Қобызға арнап күй-аңыз шығарушы – VIII-IX ғасырлар бедерінде оғыздар астанасы Жаркентте өмір сүрген әйгілі Қорқыт болып есептеледі. Мұхтар Әуезов Қорқытқа бүкіл саналы ғұмырында өлімнен қашып ғайып іздеген тұлға, музыканың аты аңызға айналған атасы деп баға берді.
Қорқыт ата 20-дан астам күй шығарған, бірақ, өкінішке қарай, оның 11-і ғана бүгінге жеткен. Қазір тартылып жүрген күйлері: «Желмая», «Башпай», «Ауппай», «Қорқыт», «Ұшардың ұлуы». Бұл шығармалар жоғарыда айтылған күй-аңыздың барлық топтарының сипатына ортақ келеді.
Күй-аңыздар туралы айтқанда домбыра мен сыбызғы үшін шығарылған туындылардың көбі халықтың атынан (белгілі бір авторсыз) өмір сүргенін атап өту керек. Олардың мазмұндары сол дәуірлердегі көшпелілердің тұрмыс, қағида, сенім-нанымдарымен байланысты заңдарын айқын көрсетті. Яғни, аңшылық тақырыбы, сенімнің ескіше формасының жаңғырығы, тотемдік ұғым, еңбек мотивтері. Домбыра мен сыбызғыға арнап шығарылған музыканың анағұрлым көне нұсқаларында құстардың, аңдардың атауларына қатысты күй-аңыздар – «Аққу», «Қаз», «Нар», ақсақ аяқты тіршілік иелері мен қайғылы аңшылыққа қатысты күйлер – «Ақсақ қыз», «Ақсақ құлан», «Бөкен жарғақ», суға батып кеткен балалар мен аң төлдеріне қатысты күй-зарлар – «Жорға аю», «Зарлау», «Жетім қыз» және басқалары жатады.
Осы ретте «Нар идірген» күй-аңызын айта кетейік.
Есте жоқ ескі заманда кең медиен далада бір жалғыз киіз үй болыпты. Онда шал мен кемпір ай десе аузы бар, күн десе көзі бар сұлу қыздарымен тұрыпты. Күндердің күнінде отбасының басына қайғының қара бұлты үйіріледі: ағын беріп асырап отырған жалғыз нарының ботасы төтеден жабысқан белгісіз аурудан өліп, енесі иімей қалады. Олардың үйіне алыстан құдайы қонақ – жас жігіт пен ақсақал түсіпті. Екеуінің де асынғадары бір-бір домбыра екен.
– Қабақтарыңыз неге қаяулы? – деп сұрайды меймандар үй иелерінен.
– Қайдан қаяулы болмасын? Жалғыз асыраушы нарымыз ботасынан айрылып, бізге сүт беруін доғарды. Біз әне-міне аштықтан өлетін шығармыз, – деп жауап береді шал.
– Ал, егер біз оны сауып берсек, ақысына бізге не бересіздер? – деп сұрайды жігіт.
– Үрерге иті жоқ, сығарға биті жоқ біз бейбақта сіздерге берер қолма-қол не бар дейсің? Көңілдеріңіз қалағанды алыңыздар, – дейді үй иесі.
Қонақтар сәл жымиысып алып:
– Қызыңыз бойжетіпті. Былай болсын, қайсымыз нарды идіріп сауамыз, сонымыз бұл қызды жар етіп аламыз, – дейді.
Шарасыз отырған үй иелері суалып кеткен түйені сауудың мүмкін болмасына сенгендіктен, келісім бере салады. Өткені, шал одан тамшы сүт ала алмай, қаншама күн әуре-сарсаңға түскен.
Қыз қолына шелегін алып, нарды саууға дайындалады. Қарт қонақ қолына домбырасын алып, құйқылжыта тартып жөнеледі. Домбыра дыбысы ботаның дауысын есіне түсіріп, нардың жүрегі бүлк етіп, өне бойы иіп, шелекке сүтін құйып жібереді. Бірақ, қыз түйенің желіндерін саусақтарымен қысып тоқтатып тастайды, өйткені, шалға тұрмысқа шыққысы келмейді. Сол кезде домбыраны бозбала қолына алады. Ол ойнай бастағаннан-ақ қыз түйені сауа бастайды, ол сүт манадан жиналып тұрған еді.
Қарт домбырашы күйін бірнеше рет қайталайды, себебі ол орындаған әуен сай-сүйекті сырқыратардай, барлық жануарлар әлемінің еміреніс сезімін тудырардай мұңды еді. Нар қарт домбырашыға таяп барып, алғыс сезімін білдіргендей, оны иіскей бастайды. Сол кезде бәрі түйені кімнің сауып, кімнің отбасыны аштықтан құтқарғанын түсініпті. Ал, қыз жас жігітке тұрмысқа шығады.
Бұл тәмсілді оқып (естіп) болғаннын кейін «Нар идірген» күйін тыңдасаңыз, әсерлі әрі түсінікті бола түседі..
Құрманғазы Сағырбайұлының шығармашылығын ХІХ ғасырдың атақты күйшісі, аспапты музыка классигі, домбырамен орындаудың теңдессіз шебері, төкпе стилінің жарқын өкілі, домбыра өнерінің новаторы ретінде таныстыруға толық негіз бар. Құрманғазының өмір сүрген жылдарын таныстырар кезде бұған қатысты деректердің әртүрлі екеніне мән қою керек. Оның құлпытасында 1806-1879 жылдар таңбаланып тұр, ал шәкірттері күйшінің өмір жылдары 1818-1889 жылдар екенін айтқан (кейбір еңбектерде 1923-1896 жылдар көрсетіледі).
Құрманғазы халық арасында ерекше сүйкімі, сыйы болды, сондықтан оны ел-жұрт «күй атасы», «жалды», «қара» деп сыйластықпен атаған. Ол туралы жұрт «бұл жігіттің арқасы бар» дейтін көрінеді. Қанатты сөз нақ осы Құрманғазының арқасында елге жайылған, өйткені, куәгерлердің айтуынша, оның арқасы түкті болған деседі.
Күй жанрында оның 100-ден астам шығармасы бар. Ол бұл жанрда сан алуан музыкалық-поэтикалық образды салаларды қозғады: сыршыл лирика – «Айда, бұлбұл, Айжан-ай», «Маната», табиғаттың көркем образдары – «Бұлбұлдың құрғыры», «Аңшылық», тұрмыстық суреттемелер – «Машина», «Арба соққан», «Демалыс», терең күйзеліс – «Көбік шашқан», «Салық өлген», «Кісен ашқан», әзілді, юморлық – «Бұқтым-бұқтым», «Айқайлама-шулама», лирикалық-философиялық – «Алатау», «Бозқаңғыр», «Қызыл қайың», қаһармандық-драмалық – «Адай», «Серпер», «Саранжап», «Төремұрат».
Алайда, Құрманғазының шығармашылығын басты ерекшелеп тұратыны – жарқын, динамикалы, жасампаз күйлері.
Ұлы халық күйшісі туралы көптеген аңыз шығарылды. Солардың кең тараған бірі «Ертең кетем» күйінің шығуымен байланысты. Мұнда айтылатындай, Құрманғазы отырған түрмеде қазақ күзетші жұмыс істепті. Ол қабырғаның арғы жағынан Құрманғазының домбыра ойнағанын естіп, қызметтестеріне күйшінің әдеткіден ерекше бірдеңе ойнап жатқанын, оқыс жайт болуы мүмкін екенін айтады. Оның сөзіне ешкім мән бермейді. Таңертең күзетшілер тексеруге барса, Құрманғазы камера терезесінің торын аралап кесіп, қашып кеткен екен. Ол сол түні «Ертең кетем» күйін ойнаған көрінеді.
ХХ ғасыр басындағы фольклоршы А.В. Затаевич: «Құрманғазы романтикалық қатпарларға шабуылдаушы және тонаушы болды, тіпті нағыз жанкешті болды. Үйінде тұрмай, иығына домбырасын асып алып, ұдайы оқиға соңында, ат үстінде жүрді», – деп жазады.
«Кісен ашқан» күйінің образдық құрылымына қатысты А.Затаевич күйдің бостандықты жырлауы керектігін, ал Құрманғазынікі өкініш көрінісі екенін айтады. «Әлде бейбақ Құрманғазыны, қылмыстық қалыптың кешіккен романтигін, шынымен де, түрмеде әбден қалжырап, босап шығудың өзі қуанта алмады ма екен…», – дейді ол.
Затаевич осыны айта отыра, ең бастысын аңғара алмады: Құрманғазы бостандыққа шығысымен өзі туралы ойлаған жоқ, ол халықты құлдықтан қалай құтқарсам деп қиналды. «Алғашқы істе жандарын қиған қолбасшылар, әйгілі батырлар Исатай мен Махамбеттен кейін халықтың құлдануына қарсы күресті кім бастайды?» деген ашыныс апшысын қуырды. «Кісен ашқан» күйі мазмұнының тұңғиық ойларға және тұла бойы трагедияға толы болуының мәнісі осында еді.
Күй-аңыздар жөнінде деректер мен тәмсілдер өте көп. Біз шамалы бөлігін ғана қамти алдық. Құрметті оқырман, күй-аңыздар жөнінде сіздің де естіген-білгеніңіз болса, aslan.kangozha@gmail.com поштасына хат жолдаңыз.
Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!