Жеті жылдық ұрыстан аман оралған

Жеті жылдық ұрыстан аман оралған

Айсары ауылдық округінің әкімі Бауыржан Нұрғазин редакциямызға келіп, соғысқа қатысқан әкесі туралы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, майдангер әкесі жеті жыл ұрыс даласында болған. 18 жасында фин соғысына аттанып, кейін фашистермен шайқасқан.

Ерден Нұрғазин 1920 жылы 20 сәуірде Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Саға ауылында туып өскен. 1939 жылы әскерге шақырылып, фин соғысына жіберіледі. 1941-1946 жылдары екінші Белоруссия майданынан Берлинге дейін жеткен. Майдан даласында талай мәрте ерлік көрсеткен қазақ сарбазы аға лейтенант шенін тағынып, рота командирлігіне тағайындалады. Генерал И.Д. Черняховскийдің адъютанты бола жүріп, әскери тапсырмаларды ұйымдастыра білуімен көзге түскен ол соғыс біткен соң Германия жерінде қалып, 1946 жылға дейін Дрезден қаласында комендатура бастығы қызметін атқарады.
Ленинград, Сталинград қалаларын қорғау кезіндегі ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», «Даңқ» ордендерімен, ІІ дәределі «Отан соғысы», «Ерлігі үшін» алқаларымен марапатталған. Майдангердің ордендері мен құжаттары бүгінде қара шаңырақ иесі Бауыржан Ерденұлының үйінде сақтаулы.
«Әкем өте адал, қайратты, қатаң мінезді адам еді. Ұрыс даласында екі рет жараланған. Ол табандылығын, еңбекқорлығын соғыстан кейінгі жылдары да көрсетті. Қазіргі Әулиекөл ауданында кеңшардағы жұмыстарды ұйымдастыруға белсене араласып, басшылық қызметтер істеді. 1964 жылы туған жері Саға ауылына оралып, сонда еңбек етті. Қартайған шағында ардагерлер кеңесін басқарып, елдің ақылшысы, абыройлы ақсақал бола білді. Анамыз Мағыра екеуі 11 баланы өсіріп жеткізді. Мен әкемді әрқашан үлгі тұтамын әрі мақтан етемін», – дейді кенжесі Бауыржан Нұрғазин.
Ерден ақсақал 75 жасында, 1995 жылы кіндік қаны тамған ауылда өмірден озды. Ардагердің қанды қырғында мықты сарбаз болғанының тағы бір дәлелі – оның атаулы тапаншасы, қылышы, қанжары болған. Қаруларды өз еркімен әскери комиссариатқа өткізген. Оны айғақтайтын құжаттары бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!