Майкөлде бар жайлы орын

Майкөлде бар жайлы орын

Nur Otan партиясы республика бойынша «Қазақстан кітапханалары» бастамасын қолға алған болатын. Екі жылға есептелген жоба аясында кітапханалар жанынан коворкинг орталықтары құрылып жатыр. Былтыр жергілікті бюджеттен 2,3 млн теңге бөлініп, Қостанай ауданында тұңғыш орталық ашылды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал», – деген еді. Осы міндетті жүзеге асыру барысында бастау алған «Руханият ошағы» жобасы кітапханалар жұмысын ілгерілетуге бағытталып отыр.
Бұл жоба көздеген негізгі бір мәселе – коворкинг-кітапхана ашу. Коворкинг – ағылшын тілінен аударғанда бірге жұмыс істеу деген сөз. Ал, кітапхана жағдайында арнайы бір бөлмені оқырмандарға сай етіп әзірлеу. Яғни, мобильді стандарт бойынша жабдықталады. Көбіміз кітапханадағы коворкинг орталығын жаңа және өзекті құбылыс деп қабылдап жүрміз. Алайда, ежелгі рухани ошақтардың бірі саналатын Египеттегі Александрия қаласындағы кітапхана – сол замандағы философтар мен математиктерге «коворкинг орталығы» болған деседі.
Америкалық программист Бред Ньюберг 2005 жылы коворкингті бүкіл әлемге танымал етті. Ол өзі сияқты фрилансерлермен (тапсырыс алып жұмыс істейтін адамдар) кеңсе жалдап, жұмыс орындарын ұйымдастырудың жаңа жүйесін көрсетті. Еркін және бір-бірінен тәуелсіз адамдардың бір алаңда бірігу моделі кейін бірқатар мекемелерде қолданыла бастады.
Бүгінгі таңда кітапханадағы коворкинг орталығын коммуникативтік алаң деп айтуға болады. Бұл жерде достарыңызбен бос уақытты бірге өткізіп, көптеген қызықты іс-шараларға: акциялар, мерекелер, шығармашылық кездесулер, шеберлік кластар, зияткерлік ойындарға және өзге де шараларға қатыса аласыз. Сондай-ақ, кітапхана ресурстарын пайдалану мүмкіндігіңіз бар. Кез келген цифрлы форматтағы интеллектуалды контент қолжетімді (кітаптар, мерзімді басылымдар, аудио, бейне, ойындар және т.б.); білікті мамандардан консультациялық көмек алу мүмкіндігі берілген және интеллектуалдық немесе эдьютейментік (ойын арқылы оқу) тікелей қарым-қатынас жасауға алаң бөлінген.
Осындай коворкинг орталықтардың бірі Қостанай ауданының Майкөл ауылдық кітапханасында жұмыс істеп жатыр. 2018 жылдың соңына таман ашылған. Эксперименттік жоба ретінде ұйымдастырылған бұл орталық қазір елді мекендегі ең танымал орындардың бірі. Мұнда әр жастағылар бас қосады. Оқушылар мен жастар жағы көбіне емтиханға дайындалуға, интернеттен ақпарат іздеуге барса, үлкендер шахмат, дойбы ойнауға, газет-журнал оқуға жиналады. Қолөнермен айналысатындар да ұшырасады.
Кітапхана саласында 14 жыл қызмет етіп келе жатқан Елена Рооде аталған орталық ауылдастары үшін үлкен сый болғанын айтады.
«Шеберлік-кластарын ұйымдастырып тұрамыз. Балаларға ұсақ моншақтардан түрлі кәдесыйлар құрастыруды, тоқыма тоқуды үйретеміз. Қолөнермен айналысуға үлкен кісілер де ынта білдіріп жүр, олардың да бетін қақпаймыз», – дейді Елена Рооде.
Коворкинг орталығы алты аймаққа бөлінген. Балалар мен ересектерге арналған екі оқу залы, интернетке қосылған компьютер (сканер, принтер, скайп), өлкетану алаңы бар. Сондай-ақ, семинар, тренинг, ойын өткізетін зал, WI-FI аймағы, кино әуесқойларына арналған экран да орталыққа келушілердің қатарын көбейтуде. Жалпы орталықта барлық санаттағы келушілерге жағдай жасалған.
Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәліметіне сүйенсек, қазір ауданда 35 кітапхана жұмыс істеп тұр. Оның ішінде алтауы модельді кітапхана. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директоры Татьяна Ликаеваның айтуынша, ауданда жалпы кітап қоры 276 мың 913 данаға жеткен. Биыл қор 2356 кітаппен толықты, оның 1652-сі мемлекеттік тілде жарық көрген еңбектер.
Асыл ҚАСЫМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!