Ұлы ойшылды ұлықтау

Ұлы ойшылды ұлықтау

Абай Құнанбайұлының (1845-1904) туғанына 175 жыл толуы қарсаңында әлеуметтік желіде кең таралып жатқан эстафетаға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен сала министрлері де үн қосып жатыр. Ақын шығармаларын оқуды тоғыз жасар Ләйлім-Шырақ бастап берген еді. Белгілі әнші Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлеріне жолдауынан соң, бұл бастама әлемді шарлап кетті.

Қарқаралыда ескерткіш орнатылды
Елімізде Абай мұраларын насихаттау, ұлы тұлға есімін ұлықтау шаралары қарқын ала түсті. Бір мысалы, Қарағандының Қарқаралы ауданында Құнанбай Өскенбайұлы мен Абай Құнанбайұлының құрметіне ескерткіш орнатылды. Таза мыстан жасалған мүсіннің биіктігі 4 метрден асады.
«Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет», – деген еді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласының зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде.
Қарқаралының тарихы Құнанбай қажы мен ұлы ақын Абайдың есімімен тығыз байланысты. Бүгінде Қарқаралы төріндегі Құнанбайдың өзі салдырған мешіт пен Абай тоқтаған үй тарихи ескерткіштерге айналып, туристер қызығып тамашалайтын орындардың бірі саналады. Қос тұлғаның тасқа қашалған бейнелері Құнанбай қажы мешітінің жанына орнатылған. Қарқаралы ауданының әкімі қос тұлғаға ескерткіш қою жобасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын 19 жобаның бірі екенін айтады.

Қазаннан табылған қазына
Хакім Абайдың төбе би болып сайланған кезінде жазған «Қарамола жарғысының» 1885 жылы басылған кітабының көшірмесі Қазақстанға жеткізілді. Бұл жөнінде Семейдегі «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі директорының орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева хабарлады.
«Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің жылда ұйымдастыратын ғылыми-зерттеу іссапарларының бірі биыл Татарстанның астанасы Қазан қаласына бағытталды. Татарстанның кітапханаларында қазақ тарихына қатысты біраз дүниелердің бар екенін білеміз. Оның үстіне хакім Абайдың «Қарамола жарғысының» басылымы осы Қазан қаласында бар деген деректеріміз бұрыннан болған еді. 1959 жылы еліміздің Ғылым Академиясының қызметкері Қарта Қаңтарбайұлы деген кісі осы қалада болып, кітапты өз көзімен көріп, оны қадым жазудан аударып кирилл қарпіндегі қазіргі жазбада жазып алған болатын. Оның баспа машинасында терілген нұсқасы біздің музей-қорықтың мұражайында алпысыншы жылдардан бері сақталып келеді», – дейді Мейрамгүл
Қайрамбаева.
Жауапты тұлғаның айтуынша, аталмыш жарғы хакім Абай тарапынан «өгізді де өлтірмеу, арбаны да сындырмау» мақсатында жасалған көрінеді. Яғни, ол жарғыны сол кездегі Патшалық Ресей үкіметінің де, дала заңына бағынған қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпына қайшы келмейтіндей етіп құрастырылған.
«Әрине, «Қарамола жарғысы» туралы жазбалар да, ғылыми зерттеулер де жеткілікті. Дегенмен, біздің мақсат – оның Абай жазған түпнұсқадағы жазбасы мен осыған дейін біз оқып келген аудармасын салыстырып, түсіп қалған, болмаса жазылмай қалған тұстары бар ма екен деген күдікті сейілту болды. Жалпы, бұл жарғыны Абай жоғарыдан түскен тапсырмаға сай 3 күн ішінде дайындаған көрінеді. Алайда, мұны Абайдың жалғыз жазбағаны, кейбір кездері басқа билерді шақырып ақылдасқаны жайлы деректер де жоқ емес. Сонымен жарғы 1885 жылдың мамыр айында өткен Билер съезінде қабылданып, 1886 жылы Қазан қаласындағы Императорлық баспаханада жеке кітап болып басылып шыққан», – дейді Мейрамгүл Сейтжапарқызы.
Осылайша, ХІХ ғасырдағы адам құқықтарының сақталуы мен бостандығы бағытында жазылған жарғыны осыған дейін жай ғана естіп келген музей-қорық қызметкерлері бұл жолы оның шын мәнінде бар екеніне көз жеткізген.
Мейрамгүл Қайрамбаеваның мәлімдеуінше, бұл кітаптың бар екенін осыған дейін музейде көп жылдар еңбек еткен Мұздыбай Бейсенбаев айтып жүріпті. Ол кітапты 1980 жылдары Қазан қаласындағы кітапханадан көргені туралы есеп берген. Ресей тарапы кітаптың толық сканерлерген көшірмесін жасап, электрондық нұсқаға түсіріп жолдаған.
Қазан қаласындағы кітапханада қазақ халқының тарихына қатысты басқа да құнды жәдігерлердің бар. Семейліктер сонау Патшалық Ресей мен Кеңес Одағы жаңа орнаған кезеңге тұспа-тұс келетін бірегей материалдарды да өз көздерімен көргендерін алға тартты.
«Бұл кітапханада ХІХ ғасырдың соңында, ХХ ғасырдың басында жазылған көптеген дүниелер бар екен. Кеңестік кезеңде «ерекше бағалы» деген мөрі бар кітаптар көпшілікке беріле бермейтін. Міне, солардың ішінде Алаш үкіметі қайраткерлерінің кітаптарын көзіміз шалды. Мысалы, онда Нәзір Төреқұловтың «Ұлт мәселесі» кітабын көріп, парақтап шықтық. Бұдан бөлек, 1933 жылы Ғаббас Тоғжанов пен Ілияс Жансүгіровтың авторлығымен шыққан «Қазақтың театр өнері туралы» кітабы бізді ерекше қызықтырды. Бұл кітап ашылмай баспаханадан шыққан күйі сақталған. Кітап Алаш тұсындағы қазақ театры, театр мамандарын даярлау мәселелеріне арналған екен», – деді Мейрамгүл Қайрамбаева.
Сондай-ақ, музей-қорық қызметкерлері аталмыш кітапханадан Нәзір Төреқұлов ұсынған қазақтың латын графикасындағы әліпбиін де байқаған.
Қазақ елі алғаш латын қарпіне көшкен кезде бұл шараның не мақсатта істеліп жатқанын түсіндірген кітапты ол 1926 жылы жазған көрінеді.
«Қазіргі уақытта бұл кітаптар да көпшілікке қолжетімді. Сондықтан оны қарап шығып, бір-екі бетінен көшірме жасап алдым. Сондай-ақ, Семей қаласына қатысты мынадай қызық деректің үстінен түстік. Кітапханада Патшалық Ресей кезіндегі «Правление попечительство о бедных мусульманах» деген жазба деректер сақталған екен. Онда Семей қаласының ауқатты адамдары бірігіп, ұйым құрып, мұқтаж болғандарға қаржылай көмек көрсетіп отырған. Бұл ұйымда есімі Алаш қайраткерлерімен қатар аталатын Қарай Үкіжанов, хакім Абай қамқорына алып, көмек көрсеткен Әнияр Молдабаев сынды арыстардың болғаны туралы деректер берілген», – деп қосты музей-қорық өкілі.
Бұдан бөлек, музей-қорық қызметкерлері Абай өлеңдерінің кеңестік кезеңдегі татар тіліндегі аудармаларын да көріп қайтқан.

Абайды шетелде танытқандар
Қытайда Абайдың шығармаларын танытуға Ха Хуан Жан (Хабай) көп еңбек етті. Ол Шыңжан өлкесінің Шәуешек қаласына жақын Қазақтар ауылында туған. Қытай тіліндегі мектептерде оқыса да, қазақ тілін жетік меңгерген. Абайды бала күнінен жаттап өскен екен.
1950 жылы Абайдың «Ескендір» поэмасын, ал 1958 жылы «Масғұт» поэмасын ханзу тіліне аударып, Пекинде арнайы кітап етіп бастырып шығарған. Жалпы, Хабай Абайдың 167 өлеңін, 3 поэмасын, 45 ғақлия сөзін түгел аударған. «Абай және Абай шығармалары» деген үш кітабын да Пекинде бастырған.
Абайдың өлеңдері басқа тілдерге аударылды. Мәселен, Грузин тілінде – Ш.Мчедлишвили, қарақалпақ тілінде – Ш.Сеитова, қырғыз тілінде – А.Токомбаева, татар тілінде – М.Максуд және Н.Арсланов, француз тілінде – Ғалымжан Мұқанов, ағылшын тілінде – А.Самохмалов, түрікмен тілінде – А.Хайидова, Т.Қасымова, П.Искакова және М.Хамраева Абайды ұйғыр тілінде сөйлеткен.
Испан ақыны Хусто Хорке Падрон келер жылы мерейтойы мемлекеттік деңгейде тойланатын қазақтың ұлы ақынының өлеңдерін өз тіліне аударатын болды. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы айтқан еді.
Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!