Ерекше бизнес

Ерекше бизнес

Жақында бөдене өсірумен айналысып жатқан 24 жасар жерлесіміз Әсем Колисенова туралы баспасөз құралдары жарыса жазды. Ол неге кәсіптің осы түрін таңдады? Бөдене қандай құс? Соңғы сұрағымыз ақсақалдар беретін әлгі бір батаны естіген сайын көпшілігіміздің көкейімізге қонақтай қалатыны бар.

«Асың, асың, асыңа,
Бақыт қонсын басыңа,
Береке берсін асыңа,
Таң мезгілі болғанда,
Бөденедей жорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа!», – дейді қазақтың ақ батасы. Бөдененің жорғалай алатын құс екені айтылған. Одан басқа білетініміз аз.
Қазір бөдене жұмыртқаларын сататын дүкендер бар. Түр-түсі – шұбар дақты, көлемі – кептердікіндей. Бағасы тауық жұмыртқасынан қымбат. Көбіміз мән бере қоймайтын осы бір өнімге Жапонияда үлкен сұраныс бар деседі. Жылына 19 миллиардқа жуық бөдене жұмыртқасы өндірілетін көрінеді. Әр жапон күніне 2 жұмыртқадан жейді деген сөз. Islam.kz сайтындағы мәліметке сүйенсек, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин де оны күн сайын шикілей ішеді екен. Шыңғыс ханның жаралы жауынгерлері де бөдененің жұмыртқасын ішіп емделген деген деректер бар.
Сонымен, бөдененің пайдалы құс және оны таңдаудағы басты себеп не екені белгілі болды. Екі сұраққа да жауап алдыңыз ба? Әрі қарай жорғалайық.

Бұрын – инспектор, қазір – кәсіпкер ханым
Жерлесіміз Әсем Колисенова жөнінде кеңінен айтқымыз келіп тұр. Ол көші-қон қызметінде инспектор болып істеген. Бір жыл бұрын жұмысынан шығып, Озерный ауылында кәсіп бастауға бел шешіп кірісті. Қазір оның бөдене өсіретін шағын фермасы жергілікті дәмханалар мен дүкендерді, өңірдегі шипажайларды табиғи өніммен қамтып отыр.
Әсемнің осы іске қызығушылығын оятқан – әкесі. Бірер жыл бөдене асырап, оның қыр-сырын бала-шағасына да үйреткен. Әке ақылын басты ұстын еткен қыз «Бастау-Бизнес» курсына оқуға барады.
«Көші-қон қызметінде жүргенде «бұл менің қолым емес» деген ой мазалай берді. Жұмысты қанаттанып, рахаттанып істегім келді. Әкем газет бетіндегі «Бастау-Бизнес» жобасы туралы хабарландыруды көрсетіп, бағымды сынауға кеңес берді. Неге талпынып көрмеске?! Қалағаным да сол – өзіме-өзім басшы болу», – дейді Әсем Колисенова.
Оқу барысында бизнес-бапкерлер оған дұрыс жоспар құруды үйретіп, арманына одан сайын қанат бітіреді. Сөйтіп, жас кәсіпкер атанып, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы аясында пайызы аз көлемде 2,5 млн теңге несиеге қол жеткізді. Оған 233 бөдене мен жем-азық сатып алды.
«Бөдене өсіру – өте қызық жұмыс. Әр аулада жүре беретін тауық пен үйректей емес, өте нәзік әрі күтімді қажет ететін құс. Айрықша жағдай жасамасаңыз, өнім бермейді. Тұрағы жылы, жарық, сонымен қоса, ылғалды болуы шарт. Бірақ, өніміңнің нәтижесі сол еңбегіңді ақтайды. Бес жұмыртқасы тауықтың бір жұмыртқасының салмағымен тең, алайда, калий, протеин мен В дәруменінің көлемі бес есе көп. Бұл өнім арқылы көптеген ауру емделеді, тіпті, адам ағзасындағы радиация залалын жоюға болады. Оған қоса, бөдене ешқашан сальмонеллез жұқтырмайды», – дейді кәсіпкер қыз.
Әсем әуелгіде құс басын көбейтуге көңіл бөліп, балапандарды инкубатор арқылы шығарды. Қазір өнім сапасы мен көлемін арттыруға күш салып жатыр. Ол бизнесті бастағанда бөдене еті мен жұмыртқасын тек таныстары мен дос-жарандары сатып алатын. Кейін ауыл-аймақтағы дүкендер сұрайтын болды. Шипажайларға да өнім жөнелтілуде.
Кәсіпкер ханымның айтуынша, шағын ферма қазірдің өзінде пайда түсіре бастаған. Ол алдағы уақытта құс басын көбейтіп, шипалы өнімге сұранысты одан әрі арттыруды мақсат тұтып отыр.

Шүмекті шоқып, шөл басады
Жұдырықтай құстың жұмыртқасы мен етінің мың түрлі дертке дауа екенін жақсы білетін тағы бір қазақ Қостанай қаласында тұрады. Есім-сойы – Сақтаған Бақбасов. Балабақшадағы шаруашылық меңгерушісінің жұмыстан тыс уақыттағы ермегі – 400-ге жуық бөдененің бабы.
«Бұл – менің хоббиім. Өзіме ұнайды. Осыдан төрт-бес жыл бұрын теледидардан көріп, Ресейге барып, Қорған қаласынан 15 шақты балапан сатып әкелдім. Оларға едені көгілдір отынмен жылытылатын арнайы қора соқтым. Ішіндегі температура күні-түні бір қалыпта. Желдеткіш жұмыс істеп тұр. Онсыз болмайды. Бөденелерді 20 шақты тор үйшікке бөліп қойдым. Су автоматты түрде келіп тұр. Өздері үйреніп алған. Мынау шүмекті тұмсығымен шоқып су іше береді. Кәдімгі қолжуғыштың шүмегі сияқты. Бөдене тұмсығымен көтеріп қалса, су тамшылайды. Алдарындағы жемсалғышты қолдан жасадым. Таңертең бір рет, кешке бір рет жем беремін. Әр құс тәулігіне бір жұмыртқа береді. Көрші-көлем, туыс-туғандарға беремін. Бөдененің еті де аса дәмді әрі пайдалы. Асып, қуырып, кәуап жасап, қақтап жейміз. Жазда құс саны мыңға жуықтайды. Тапсырыс беріп, ет, жұмыртқа сатып алатындар көбейіп келеді. Сондықтан, алдағы уақытта кәсіпкерлікті қолдау мекемелері арқылы шағын несие алып, бөдене шаруашылығын нығайту ойда бар», – дейді Сақтаған Бақбасов.

Мың ауруға ем
Бөдене жұмыртқасын үлкендерге де, балалар үшін де қауіпсіз. Оны шикі күйінде таңертең ашқарынға тамақтан 30 минут бұрын, артынан су немесе шырын ішеді. Ешқандай аллергиялық жағдай туғызбайды.
Жапондардың ұсынуы бойынша, қолдану әдісі: 1 жастан 3 жасқа дейін күніне – 1-2 жұмыртқа; 3 жастан 8 жасқа дейін күніне – 2-3 жұмыртқа; 8 жастан 12 жасқа дейін күніне – 3-4 жұмыртқа, 12 жастан 18 жасқа дейін күніне – 4 жұмыртқа, 18 жастан 50 жасқа дейін күніне – 5-6 жұмыртқа, 50 жас және одан жоғары күніне – 4-5 жұмыртқа. Емдік курс жүйелі түрде үздіксіз 3-4 айға жалғасады. Екі аптадан соң-ақ нәтижесі біліне бастайды. Жұмыртқаны ботқаға, картоп езбесіне, қуырып, сорпа немесе шырындармен араластырып пайдалана аласыз. Алайда, мұндайда оның құрамындағы пайдалы заттар құндылығы төмендейді.
Аллергияға қарсы. Бұл емдік тәсіл балаларға арналған. Үлкен жастағы аллергия дерті мазалайтын науқас жандарға да жарайды. Жұмыртқа құрамындағы өте пайдалы микроэлементтер мыйдың дамуына жақсы әсер ететіндіктен, жас өскіннің ұғымтал, зерек болып өсуіне ықпал етеді. Ол үшін шикі жұмыртқаны аздап тұздап, балаға береді. Артынан жылы су ішеді.
Демікпеге дес бермейді. Жұмыртқаны балмен араластырып, таңертең (1 дана) және кешке (2 дана) астан 3 сағат бұрын ішеді. Пайдалану мерзімі 40 күн. 14 күн демалып емді қайта жалғастырады.
Дәрі-дәрмекті алмастыра алады. Болгар зерттеушілері бөдене жұмыртқасы «Виагра» таблеткасын алмастыра алады деген тоқтамға келіп отыр. Олар «Жастық шақ» деген коктейль ойлап тапқан. Оны былай дайындайды: 120 гр. кола, 20 гр. коньяк немесе ром, 1 тілім лимон, шай қасық шекер, 2 бөдене жұмыртқасы. Қоспаға газдалған су қосады.
Артрит, остеохондроз, ревматизм. 4-5 жұмыртқаны жарып, стақанға салып, үстіне сірке эссенциясын құяды. Екі күн қояды, бірақ қоспаны араластырмайды. Екі күн өткен соң қоспаға 100 гр. тұздалмаған сары май қосып, жақсылап қозғайды. Дайын болған майды ауырған жерге жағады.
Асқазанға да шипа. Жұмыртқаның қабығын майдалап, үгітеді. 1-3 шай қасық жұмыртқа ұнтағын тілдің үстіне салып, артынан көп көлемде су ішеді. Мұны күніне 2 рет жасайды. Нәтижесі көп күттірмейді.
Баладағы диатезге қарсы. Лимонды жуып, дәнінен ажыратып, бір тілімін алады. Үстіне бөдене жұмыртқасының ұнтағын үгітіп, себеді. Науқас балаға күніне бірнеше рет береді.
Бөдене жұмыртқасы, әсіресе, егде жастағы қарт адамдарға пайдалы. Буындағы ауырсынуды басады, есту мен көру қабілетін арттырады.
(Деректер ғаламтор желі- сінен жиналды).
Асыл ҚАСЫМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!