Еңбегімен еленген

Еңбегімен еленген

Ел ішінде «100 жаңа есім» жобасы төңірегінде көптеген пікір айтылды. Сынағандар аз болған жоқ. Қоғамдық талқылау кезінде «оның қандай пайдасы бар?», «бұл кеңестік идеологияның сарқыншағы» дегендер де кездесті. «Идеологиялық тұрғыда ешқандай пайдасы жоқ жобаға миллиондарды шашпайық» деп үгіттеді кейбір қоғам белсенділері. Ал, шындығында солай ма? Бұл жобаның қоғамға қандай пайдасы бар? Халықтың рухани жаңғыруына қалай әсер етеді? Мақаламызды осы сауалдарға жауап іздеп бастадық.

Жобаның мән-маңызы
Қазір өзін сөзбен емес, іспен дәлелдеп, өзгелерге үлгі болып жүрген азаматтарды үлгі етуіміз керек. Бұл жоба жеке бір адамдарды насихаттау немесе олардың абыройын асқақтату үшін жүзеге асып жатқан жоқ. Мұның үлкен идеологиялық астары бары белгілі.
«Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады. Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш. Сондықтан, оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айналдыруымыз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында.
Танымал саясаттанушы Айдос Сарым «100 жаңа есімнің» қазақ қоғамы үшін қажетті жоба екенін айтты. Оның пікірінше, тізімге енген жаңа тұлғаларды енді әрі қарай қолдап, олардың кең танымал болуы үшін жағдай туғызу маңызды.
«Бұл тек имидждік, ақпараттық жоба. Оның үстіне, аты айтып тұрғандай, жаңа есімдер керек бізге, әбден танылғандары емес. Мысалы, өнер саласын алсақ, консерваторияны оқып, әлемдік деңгейдегі үлкен бір байқауларда жеңіске жеткен жас өнерпаз болса немесе спорт саласында әлі өте үлкен жетістіктерге жете қоймаған, бірақ болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшылар болса… Міне, осыларға үміт артсақ, оларды жарнамаласақ, ары қарай дамуы үшін қолдау көрсетсек, сонда ғана «100 жаңа есім» жобасы мақсатына жетеді», – дейді белгілі саясаттанушы.
Қаншама пікірлерді тізбектей беруге болады. Әйтсе де, жоғарыдағы сауалдарымызға жауап тапқандаймыз.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары – қоғамдағы барлық саланың өкілдері: дәрігерлер, кәсіпкерлер, ғалымдар, мұғалімдер, спортшылар, өнер қайраткерлері және өзге де салада өнегелі еңбек етіп жүрген адамдар. Алғашқы жылы (2017) тізімге 100 емес, 102 адам енгізілді. Оның үшеуі қостанайлық: Қазақстанның Еңбек Ері Алмат Тұрсынов, «Жас қанат» құс фабрикасының басшысы Қайрат Маишев, конькимен жүгіруден Азия (2011) және әлем (2013) чемпионы Денис Кузин.

Ел табысын еселеген ер
Нұрсұлтан Назарбаев мақаласында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» туралы айта келіп, былай деген еді: «…қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр».
Ел табысының еселенуіне үлес қосқан азаматтардың бірі – Алмат Тұрсынов. Сәкен Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетін аяқтай салысымен кәсіпкер Қарасу ауданындағы туған ауылына оралып, ауыл шаруашылығын дамытумен айналысты. Ол жетекшілік ететін «Қарасу» серіктестігі 1999 жылы Қостанай облысында бірінші болып егістікті өңдеуге химиялық буды қолдана бастады, бұл жердің ластануын 60% дейін қысқартып, арамшөп өсімдіктерінен топырақты тазартып, жарамсыз жерлерді пайдалануға мүмкіндік береді.
Алмат Тұрсынов туған ауылында спорт пен мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға да айрықша көңіл бөліп келеді. Әлеуметтік жобаларға 1,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, соғыс және еңбек ардагерлеріне, мұғалімдерге, дәрігерлерге, спортшыларға арналған 50 тұрғын үй мен 140-тан астам пәтер салып берген. Оның көмегімен Қарасу ауылында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі мен стадион, өлкетану мұражайы, мәдени-жастар орталығы, Восток ауылында мәдени-спорт кешені, Восток және Қарамырза ауылдарында екі балабақша, Қостанай қаласында «Жастар» стадионы мен түрлі-түсті субұрқақ ашылды. Ұзындығы 2,95 шақырымға жететін Қарасу өзенінің арнасына тазарту жұмыстары жүргізілді.
2006 жылы Қостанайда пайдалануға берілген «Жастар» стадионында күн сайын «Тобыл» футбол клубының 500-ге тарта тәрбиеленушілері жаттығады. Біз бір сәті түскенде Еңбек Ерімен бірер сауал айналасында әңгіме құрған едік. Соны назарларыңызға ұсынбақпыз.
– Алмат Жанәбілұлы, осыдан жиырма жылдай бұрын құрылған «Қарасу» кәсіпорны қазір алыс-жақын шетелдермен байланыс орнатқанынан хабардармыз. Жеткен жетістіктеріңіз жөнінде айтып
өтсеңіз…
– Кейінгі он жыл ішінде бірқатар тың жобаларды жүзеге асырдық. Әсіресе, астық және ет өндірісі саласында зор жетістіктерге жеттік деуге болады. «Қарасу» сауда-өнеркәсіптік компаниясы географиялық жағынан ел аумағындағы барлық астық өндіретін және астықты қайта өңдейтін өңірлерді қамтиды. Агроөнеркәсіптік кешеніміз бүгінде сапасы жоғары егін өсірумен, асыл тұқымды мал ұстаумен айналысады. Компания құрамында астық өндіретін 9 серіктестік, мал бордақылаумен айналысатын 6 ірі шаруашылық, жоғары сапалы ұн өндіретін 2 кәсіпорын және ет өңдеумен айналысатын «Қарасу-ет» ЖШС бар. Барлық шаруашылық өндірісі қуатты, заманауи базамен қамтамасыз етілген.
– Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда «Ақылды технологиялар» қолдану міндеті қойылып отыр. Сіздің кәсіпорында бұл бағытта қандай жұмыс атқарылып жатыр?
– Цифрландыру біздің әлемдік деңгейге көтерілуімізге, болашағымызға көп пайдасын тигізетін дүние. Дамыған 30 елдің қатарына қосылуымызға үлкен серпін бермек. Қарап отырсаңыз, сол дамыған елдердің барлығы цифрландыру үдерісін қолданады. Осы жаңашылдықты игеріп әкетуіміз үшін ауыл шаруашылығы басты нысанның бірі болып тұр. Біріншіден, біз қазақ мал баққан елміз. Ал қазір малға чип салып бағатын заманға жеттік. Спутник арқылы малымыздың қайда жайылып жүргенін бақылап отырамыз. Екіншіден, бұрын малды ауру, ауру емес екенін анықтау үшін ветеринарларға жүгіріп, қағаз жинап жүретінбіз. Қазір бір дәрінің ішіне барлық вакциналық қоспаларды енгізіп, бірден екпе жасай салады. Немесе оның ауру, сау екені электрондық базаға енгізіледі. Мамандар әр малдың туғанынан бергі мәліметті түгел компьютерден біліп отыруға мүмкіндік алды. Мәселен, 2014 жылдан бастап біздің шаруашылық асыл тұқымды жылқыларымызға чип орнатты. Ал, түліктің өзі қандай айғыр мен биенің құлыны, тұқымы қандай, жасы, бәрі базада сақталып тұрады.
Кейінгі жылдары қолданысқа енгізіліп жатқан JPS құрылғылары бар комбайндар цифрландырудың басы. Аталған астық жинау машиналарында жанармай шығыны есептеледі. Енді цифрландырудың егін шаруашылығына пайдасы өте зор екенін қарапайым ғана түсіндіріп өтейін. Себебі, оны тәжірибеде қолданып келемін. Қолымдағы смартфонға арнайы бағдарлама арқылы біздің компанияға қарасты егін аумақтарын түгел енгізіп алдым. Қай ауылда, қай ауданда жеріміз бар, барлығын жеке-жеке қарап шыға аламын. Мәселен, бидай өсірілетін кез келген бір танапты алайық. Смартфондағы картадан сол аумақты тауып, спутник арқылы сол алқапты ашып, ондағы барлық мәліметті біліп аламын. Сол жер қанша гектар, құнарлығы, шығымы, шығыны бәрі жазулы тұрады. Тіпті, былтыр егінді қай күні салдың, бір айдан кейін масақтың биіктігі, қашан, қай күні, қанша мөлшерде жаңбыр жауды, күзде қай кезде жиналып алынды, күн сайынғы, сағат сайынғы ақпараттарды түгел көрсетіп береді. Цифрландыру қай кезден басталды, содан бергі мәліметтердің барлығы базада сақтаулы тұр деген сөз. Бұрын мәліметтік құжаттардың бәрін агроном жинап жүрді. Ол шамамен орташа мәліметті ғана бере алатын. Ал мына базада барлығы нақты, дәл. Міне, цифрландыруға көшкеннің жетістігі.
– Сізді көпшілік үнемі жаңашылдыққа бастап отыратын басшы деп атайды. Сонау тоқсаныншы жылдардың соңында жерді залалсыз пайдалану бағдарламасын енгіздіңіз. Кейінгі жылдары мал шаруашылығы қалдықтарынан биогаз өндіріп жүрсіздер. Шірінді көңнен биоотын өндіру кешені қаншалықты тиімді жоба?
– Расымен де жер саласын игерудің технологиялық процестерін жаңғырту ерте қолға алынған науқан. Біздің шаруашылық облысымызда алғаш болып алқаптарды өңдеу технологиясын жүзеге асыру бойынша химиялық булау әдісін қолданды. Ол тәсіл ластануды 60% азайтып, топырақты арам шөптерден тазартуға зор септігін тигізді. Ал осыдан жеті жыл бұрын Қараман ауылында органикалық қалдықтар өңдейтін кешен іске қосылды. Мал қиын далаға тастамай, одан тоқ өндіріп отырған елімізде ешбір баламасы жоқ өндіріс ошағы жылына 800 мың текше метр электр қуатын өндіруге қауқарлы. Биогаз орталығы мал бордақылау алаңынан қашық емес. Бұл – таза экологиялық өнім. Қондырғының жылына 16-17 мың тонна көң керек ететіні де есептелді. Қазір бұл саланы да цифрландыруға көштік. БҚАЖ (Бақылауды қадағалаудың автоматты жүйесі) деген бар. Қанша газ, қанша энергия жұмсалады, қанша қалдық алынып жатыр, бәрін есептейді. Қазір осылардың барлығын бір базаға біріктіріп, бір орталықтан басқаратын етіп отырмыз. Міне, осындай жаңашылдықтарымыз ескеріліп, құрметке де бөлендік.
– Рахмет! Істеріңіз берекелі болсын!
Асыл ҚАСЫМ
Фото: kstnews.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!