Домбыра үні асқақтаған күн

Домбыра үні асқақтаған күн

Қазақстандықтар екінші жыл қатарынан Ұлттық домбыра күнін тойлады. Елбасы жарлығымен бекітілген мерекеге Қостанай ауданынының өнерпаздары да атсалысты. Затобол жұртшылығы «Жаңару» саябағында «Тобыл сазы» ұлт-аспаптар оркестрі ұсынған концерттік бағдарламаны тамашалады.

Домбыра мен қазақ егіз. Ақын Қадір Мырза-Әліше айтқандай, «нағыз қазақ – домбыра». Тарихи бір деректерде оның мағынасы «кішкене садақ» деп көрсетіледі.
Алматы облысы, Жамбыл ауданы аумағынан шамамен 2,5 ғасыр бұрын табылған таста қашалған суреті мен 16 ғасыр бұрын Мысыр еліндегі Нахт қабіріне салынған пішінінен қазіргі домбыраның еш айырмасы жоқ. Қос ішекті аспап әртүрлі үлгіде тұтас ағаштан ойылып немесе құралып жасалады. Тоғыз, он бір, он тоғыз, жиырма бір пернесі болады.
Домбыраның негізгі екі түріне байланысты аспапта күй орындаудың екі түрі «төкпе» мен «шертпе» қағыстары қалыптасқан. Сазды күйлер Арқа өңірінде, ал төкпе күйлер батыс аймақтарда кең таралған. Домбыра шерту өзгешелігіне қарай «сұқпа» (сұқ және орта саусақпен шертіп ойнау), «жап тақымта» (ішекті бос күйінде қағып, пернені басып отыру), «іліп-қақпай» (ішекті іліп қағу), «теріс қақпай» (жоғары-төмен) деп бөлінеді.
Сонымен қатар, домбыраның үш ішекті, қос жақты, кең шанақты, шіңкілдек немесе «балақай домбыра» деген түрлері де бар. «Жаңару» саябағына жиналған жұртшылық осындай мәліметтерге қанықты.
Күй өнері – қазақ халқының ең басты рухани байлығының, жан дүние байлығының ең бір киелі, қасиетті түрі. Қосыла алмай шерменде өткен қос жүректің өкініш пен өксікке толы үздіккен үні, қайғы-қасіретке душар болса, зары мен мұңының, азаттық пен еркіндік үшін қан кешіп, жан беріп, жан алысқан арпалысқа толы сәттерінің ең шебер, ең бір сырлы шежірешісі, бәрі-бәрі – күй сарынында.
Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей бабалардан жалғасқан асыл мұра – күй өнерін насихаттауға біздің өңірде «Тобыл сазы» оркестрі де үлес қосып келеді. Қазіргі таңда өнер ұжымының репертуарында отызға тарта шығарма бар. Айта кетейік, оркестрдің құрылғанына үшінші жыл.
«Домбыра күніне арналған концертімізді Нұрғиса Тілендиевтің «Алтын дән» атты шығармасымен аштық. Құрманғазы Сағырбайұлынан бастап, Сыдық Мұхамеджанов, Сейілхан Құсайынов сияқты композиторлардың туындыларын орындаймыз. Оркестр құрамында отыз адам бар. Репертурамызға жергілікті сазгерлердің де әндерін қосып жатырмыз», – дейді оркестр жетекшісі Ерхан Түсіпбеков.
Концертте өңір өнерпаздарынан құрылған этноансамбль де өнер көрсетті. Ұжымға Мұрат Тілеуғабылов жетекшілік етеді.
Сонымен қатар, жұртшылық домбыра, күй өнер, халық композиторларына қатысты түрлі викториналық сұрақтарға жауап беріп, сыйлықтар ұтып алды. Көрермендер арасында домбыра тартудан жарыс ұйымдастырылған. Зтобол кентінің тұрғыны Әлия Жапақова жеңімпаз атанды.

«Баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Сондықтан, мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі, қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз қажет»
ҚР Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!