Ажары кіріп, базары қайнар
Ауылдың жағдайын жақсарту, жаңа жобаларды қолға алу арқылы тың серпін беру – Елбасының 2018 жылғы 5 қазанда жарияланған Жолдауындағы басты міндеттердің бірі. Ауылды жандандыру – тұтас мемлекеттің экономикасы мен әлеуметтік, мәдени саласын өркендету. Мұны біздің қоғамдағы түсінік, тіпті, солай болуы тиіс қалыптасқан қағида десек те артық емес. Әрине, бұл орайда тірек етер тіршілігі жоқ елді мекендер туралы айтып отырмағанымыз белгілі.
Үміт – жастарда…
Ауыл – тылсымға толы табиғаттың жауһары, шежіре-тарихымыздың сыры, ынтымақтың, берекенің тайқазаны. Елбасының мемлекет дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдар, айқын мақсаттарды жария еткенін дүйім жұрт жақсы біледі. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті Жолдауы бірқатар маңызды мәселелердің шешілуіне оң ықпал ететіні айтылуда. Әсіресе, шалғайдағы ағайынның «Ауыл – ел бесігі» жобасынан күтер үміті көп. Өйткені, Президенттің айтқан бастамасы жүзеге асса, ауылдың әлеуметтік ортасы жаңғырып, өңірлердегі еңбекке қатысты идеология алға ілгерілері сөзсіз.
Бүгінде республика көлемінде ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен көңіл бөлініп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асу үшін ауыл тұрғындарының әлеуметтік тұрмысы, жағдайы да жақсы болғаны абзал. Ол үшін елді мекенді абаттандыру, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікпен айналысуына қолайлы жағдай жасалуы қажет. Бұл, әсіресе, шалғай елді мекендердің одан ары дамуына жол ашады.
Қазіргі таңда ауылды жерлерде шешімін таппай отырған мәселелер жетерлік. Ең үлкен проблеманың бірі ауызсу мәселесі болып отыр. Қазіргі уақытта ауылдардың 74% ауызсумен қамтылған. Десек те, таза ауызсуға қолы жетпеген ауылдардың саны аз емес. Оны өзіміздің Қостанай ауданында, ауыл әкімдерінің есеп беру кездесулерінде де жиі естиміз. Таза ауызсу – болашағымыздың, балалар денсаулығының, олардың өмірінің кепілі.
Ауыл халқының келесі проблемасы – жол. Экономиканың басты күретамыры саналатын мәселе де өткірлене түскен. Қазіргі уақытта жергілікті жердегі 23% көлік жолы күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Жолымыз жөнделсе, жағдайымыздың да жақсарары белгілі. Міне, осы екі мәселе оң шешімін тапса, еліміздегі ауыл-аймақтардың өрісі кеңейер еді.
Конституцияда жазылғандай, шынайы әлеуметтік мемлекет құрып жатқан ел болсақ, ең алдымен жергілікті жердегі әлеуметтік мәселелердің шешімін табу негізгі міндет болуы тиіс. Өйткені халықтың әлеуметтік ахуалын дұрыстамай, білімі мен денсаулығын түземей, жақсы нәтижеге қол жеткізу екіталай.
«Бірқатар ауылдарда әлі күнге дейін спорт кешендері жоқ. Дарынды жастар ауылдарда көп дейміз. Ендеше, елді мекендерде жас-жеткіншектерге арнап спорт орталықтарын салуды қолға алған жөн. Жастарды ауылға тарту үшін барынша жағдай жасалып-ақ жатыр. Ал олар келгісі келмейді. Ауылда кәсіп бастаудан қорықпау керек. Жетістік қай жерде бастағаныңа байланысты емес, қалай бастағаныңа байланысты деп тер төгіп жүрмін. Жолдауда «Ауыл – ел бесігі» жобасы туралы айтылды. Сол арқылы біршама мәселелер шешілетініне сенеміз», – дейді заречныйлық жас кәсіпкер Мұратбек Аманкелдіұлы.
Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде аграрлық туризмді дамыту үшін ауыл жастарын жұмылдыруды көздеп отыр.
«Республикалық «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жаңғырған ауыл» жобасын әзірледі. Ол жоба Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетімен бірге іске асырылмақ. Жобаға жаңа технологияларды алға жылжыту, ауыл шаруашылығы мамандарын дайындау үшін ЖОО кооперациясын қамтамасыз ету, жетекші ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында аграрлық туризмді дамыту үшін ауыл жастары ішінен мамандарды даярлау жұмыстары енеді», – деді ҚХА Кеңесінің кеңейтілген отырысында ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко.
Оның айтуына сүйенсек, өз кезегінде ҚХА Қоғамдық келісім мекемелері аудандар мен округтерде жол картасы шеңберінде технологияларды дамыту жұмыстарын ары қарай жалғастыра береді.
Бұл жоба арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерілетуді қолға алу керек. Бойскаут қозғалысы сияқты «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейткен жөн. «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керек. Бүгінде халықтың әлеуметтік көңіл-күйін айқындайтын негізгі салаларда теңдессіз шаралар ұсынылып отыр. Бастамалардың қаржылық көлемі 1,5 триллион теңгеден асады, ал жиынтық әсері одан да көбірек. Бұл халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға зор серпін береді. Бұл – ең сенімді әрі тиімді инвестиция.
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жодауынан
Малшы да мәртебелі мамандық
Жақында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыруға қатысты пікірін білдірген болатын.
«Мемлекет басшысы әлеуметтік ортаны жаңғырту туралы нақты тапсырмалар берді. Өкінішке қарай, көпшілік «Ауыл – ел бесігі» жобасын Ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысы деп түсінеді. Яғни, жобаның бірінші атауы «ауыл» болды ма, демек, көп адам бұл шаруаны біз ғана іске асыруы керек деп ойлайды ғой деймін. Ал шын мәнінде ауыл жобасы туралы идеяның мәні тереңде жатыр. Әр азаматқа ауыл ыстық. Ұлттық кодымыз ауылдан басталады. Отанды сүюді сонда үйретеді, отбасы тәрбиесі сонда беріледі», – деді вице министр «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың тың бағыттары талқылған жиында.
Арман Евниевтің айтуына қарағанда, жобаны жүзеге асыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі өзіндік қағидаттарын да бекемдеп қойған.
«Әзірге нақты шешім болмаса да, біз біраз дүние ұсынып отырмыз. Ең алдымен, осы тапсырманы орындау үшін нақты мақсаттарды айқындап алу керек. Біздің миссия – адами капиталды дамыту үшін орта қалыптастыру және ауылдағы еңбек адамының мәртебесін мойындау. Егер азамат ауылда тұрып, адал еңбегімен алға жылжып жатса, бұл ең үлкен құрметке лайық. «Сабағыңды оқы, оқымасаң мал бағасың» деген көзқарастан арылып, «сабақ оқы, оқымасаң ертең мал шаруашылығымен айналыса алмайсың» деп үйрету керек», – дейді ол.
Вице-министрдің сөзінде айтылғандай, адамдар ауыл шаруашылығымен айналысуды арман етуі тиіс.
«Біздің балалар ковбойларды үлгі тұтады. Бірақ, ковбой дегеніңіз – кәдімгі малшы. Әуежайларда көріп қалса, халық ковбойларға қаншама құрмет көрсетіп жатады. Бізде де сондай үлгі болуы тиіс. Міне, сондықтан нақты белгіленген мақсаттар – ауылдардағы әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымды жаңғырту. Осы бағыттағы жұмыс 2030 жылға қарай ауылдағы халықтың 80 пайызын заманауи өмір сапасының стандарттарына сай етуге мүмкіндік береді», – деді Арман Евниев.
Оның айтуынша, ауылдағылар да қала тұрғындары сияқты білімге, медицинаға, балабақша мен ауруханаларға, мәдени орталықтарға, интернетке, баспанаға қол жеткізе алуы керек.
«Талдау жасап отырсақ, елімізде 6651 ауыл бар екен. Барлық ауылда сондай жағдай жасау үшін өте көп ақша керек. Олай ете алмауымыз да мүмкін. Бірақ, 6651 ауылдың ішінен мың жарымын іріктеп алып, оларды шағын қалаға айналдыруға әбден болады. Біз ол жұмысты талдап, есептеп отырмыз. Демек, бұған қол жеткізуге болады. Республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат осы мақсатқа жетеді. Тек осы қаржыны үйлестіре білуіміз керек», – деді вице-министр.
Бүгінде еліміз үшін өзекті болып отырған проблеманың бірі – халықтың ауылдарды тастап, қалаға көптеп көшуі екені белгілі. Ресми статистикаға зер салсақ, 2017 жылы 49 мың 790 адам қалаға қоныс аударса, 2018 жылдың жарты жылында 44 мың адам ауылдан көшіп кеткен. Осы орайда Елбасы Жолдауындағы «Ауыл – ел бесігі» тапсырмасына сәйкес, елді мекендердің өмір сүру сапасын арттыру бойынша «Рухани жаңғыру» аясында «100 жаңа фермер» жобасын жүзеге асыру қолға алынбақ. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов: «Біз кепкісі шаң, қолы май-май емес, бірнеше тілді жетік білетін, жоғары білім алған, соған қарамастан ауылда еңбек етіп, табыс табатын жастардың әлеуетін қалыптастыруымыз керек», – деді.
Бұл жобаның жастармен байланыстырып айтылуы тегін емес. Жаңа бастама бұдан бұрын қолға алынған «Дипломмен ауылға» бағдарламасының заңды жалғасы іспетті. «Рухани жаңғыру» аясында қолға алынған «Туған жер» бағдарламасымен де сабақтас. Мұның бәрі ауыл мәселесі мемлекет назарынан тыс қалмайтынын көрсетеді.
Асыл ҚАСЫМ
Добавить комментарий