Қауіпсіздік – әр адамның өз қолында
Жаз мезгілі басталысымен жұртшылық өзен-көл жағасына асығады. Алайда судағы демалыс тек қуаныш пен сергектік сыйлауы үшін қауіпсіздік мәселесі басты назарда болуы тиіс. Осыған байланысты 2026 жылғы шомылу маусымы қарсаңында Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қостанай облысы әкімінің 2025 жылғы 25 желтоқсандағы №376 қаулысына сәйкес, өңірде шомылуға арналған 25 орын белгіленді. Оның 6-ы коммуналдық, ал 19-ы жекеменшік жағажай. Мамыр айында Жедел-құтқару жасағының сүңгуірлері барлық жағажайлардың су түбін тексеріп шықты. Сонымен қатар Рудный, Лисаковск қалалары мен Қарабалық ауданында тағы 3 коммуналдық жағажай ашу мәселесі қарастырылып жатыр.
Жазғы маусымда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өңірде 120 құтқарушы, 35 техника бірлігі, 21 жүзу құралы және арнайы сүңгуір жабдықтары дайын. Бұдан бөлек, шомылуға рұқсат етілмеген орындарда бақылау күшейтіліп, моторлы қайықтармен жабдықталған 6 мобильді құтқару бекеті жұмыс істейтін болады. Олар Гагарин бөгеті, Орталық жағажай, КЖБИ көпірі, Қонай тұрғын алабы, Ақжар су қоймасы және Жітіқара қаласындағы Шортанды өзені маңына орналастырылады.
Облыстағы өзендер мен көлдерде патрульдеу жұмыстары да күшейтілді. Бұл іске тек құтқарушылар ғана емес, полиция, білім басқармасы, Ұлттық ұлан, көліктік бақылау инспекциясы, 52859 әскери бөлімінің 2 – құтқару батальоны, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілер де жұмылдырылған. Су жағалауындағы демалыс орындарында рейдтік шаралар тұрақты түрде өткізіліп жатыр.
Өкінішке қарай, өткен жылғы статистика көңіл көншітпейді. 1 маусым мен 31 тамыз аралығында облыс су айдындарында 8 адам қаза тапты. Оның ішінде Қостанай қаласында – 3, Рудныйда – 2, Қостанай ауданында – 2, Лисаковскіде -1 адам көз жұмған. Қайғылы жағдайлардың бірі кәмелетке толмаған балаға қатысты болды.
Мамандардың айтуынша, судағы қайғылы оқиғалардың басты себептері өзгермей отыр: алкогольдік масаң күйде шомылу, балаларды қараусыз қалдыру және өз күшін дұрыс бағаламау. Алайда жүйелі профилактикалық жұмыстардың арқасында 2024 жылмен салыстырғанда балалар өлімі 75 пайызға төмендеген. Егер 2024 жылы суда 8 адам, оның ішінде 4 бала қаза тапса, өткен жылы балалар арасындағы қайғылы оқиғалар саны едәуір азайған.
Қауіпсіздік талаптарын сақтамағандарға қатысты жауапкершілік те күшейіп келеді. 2025 жылы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-бабы бойынша 205 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, шамамен 3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Ал 2024 жылы мұндай жазаға 45 адам тартылып, 646 100 теңге айыппұл өндірілген.
Құтқарушылар тек бақылаумен шектелмей, халық арасында түсіндіру жұмыстарын да белсенді жүргізуде. Білім беру ұйымдарында, балалар лагерьлерінде, демалыс орындарында дәрістер, нұсқамалар, акциялар мен флешмобтар ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.
Балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып отыр. Мамандар ата-аналарға балаларды су жағасында қараусыз қалдырмауды тағы да ескертеді. Себебі көп жағдайда қайғылы жағдай ересектердің салғырттығынан орын алады.
Сонымен қатар облыста ерікті құтқарушыларды даярлау жалғасуда. 2025 жылы Жедел-құтқару жасағы базасында 36 ерікті оқытылып, оның 30-ы арнайы сынақтан сәтті өтіп, куәлік алған. Биыл да бұл жұмыс жалғасын табады.
Балаларды жүзуге үйрету ісі де назардан тыс қалған жоқ. Биыл Қостанай, Рудный, Арқалық, Лисаковск, Жітіқара қалалары мен Амангелді ауылындағы 6 бассейн жұмыс істейді. Қазіргі таңда жүзуге үйретумен 1867 бала қамтылған.
Бұдан бөлек, шомылуға болмайтын орындарға 400-ден астам ескерту және тыйым салу белгілерін орнату жоспарланған.
Мамандар қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын тағы бір мәрте еске салады. Балаларды қараусыз қалдырмау, тыйым салынған жерлерде шомылмау, арнайы белгілерден аспау, құтқару жилеттерін кию, қараңғы уақытта суға түспеу және алкогольдік не есірткілік масаң күйде шомылмау – адам өмірін сақтап қалатын негізгі талаптар.
Жазғы демалыстың қызығы қауіпсіздікпен қатар жүргенде ғана мәнді. Сондықтан әр адам өз өміріне де, өзгенің өміріне де жауапкершілікпен қарауы қажет.













Добавить комментарий