Ата-анаң – алтын тұғырың
Ата-анаға деген сүйіспеншілік сезімін ояту, құрмет тұтуға үйрету, үмітін ақтауға баулу, махаббатқа, мейірімділікке, қамқорлыққа тәрбиелеу мақсатымен Тобыл қаласының Н.Наушабаев атындағы мектеп-гимназиясы тағылымды ашық сабақ ұйымдастырды.
Өзін-өзі тану пәнінен 11-сынып оқушыларымен бірігіп өткізілген іс-шараға «Ата-анаң – алтын тұғырың» деген атау берілді. Сабақ барысында үлкен өмірге қадам басуға дайын оқушылар өз отбасылары туралы ой-пікірлерін ортаға салып, ата-аналары жайында жылы лебіздерін жеткізді. Сабақта айтылған оқушылардың ойлары шын жүректен шыққаны байқалды.
«Сыйластық, түсіністік, үлкен жауапкершілік сезімдері бар отбасы – бақытты жанұя. Бақытты отбасында ғана ата-ана және олардың өзара қатынасы мазмұнды, берілген тәрбие сенімді және негізді. Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы – туған ұясы, өз отының басындағы тәрбиесі, тілі. «Баланың бас ұстазы – ата-ана», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, есі кіріп, тілі шыға бастасымен-ақ баланы байсалды, ұғымпаз, тілалғыш етіп баулыған жөн». Бұл – оқушылар жазған эсселерден үзінді. Жеткіншектердің осындай тұжырым түйе білгені ұстаздарды қуантты.
Отбасы тәрбиесінде әкенің де, ананың да орны бөлек. Әке мен ана – баланың алғашқы ұстазы. Ананың мейіріне қанып, әке өсиеттерін тыңдап өскен бала үлкен азамат болып қалыптасады.
Ана – бала тәрбиесіндегі ерекше тұлға. Дана Абай бабамыз қазақ әйелінің, ананың отбасындағы орнын ерекше жырлайды. «Адам бойындағы барлық қасиеттер ананың ақ сүтімен жаралған» деген ғұламалық ойды тарата келе, осы қасиеттің міндетті түрде тәрбиеленуі туралы айтады.
Ана тәрбиесі ұлылық дәнін себеді. Тәрбиелі анадан тәрбиелі бала өсіп шығады. Соңғы жылдары отбасында, қоғамда ер адамдардың, әкелердің рөлі төмендегендей. Бұған кейде заманды да кінәләп жатамыз. Әрине, бала тәрбиесіндегі әкенің орны бөлек, әсіресе, ер бала тәрбиесінде. Әкенің қатаң талабын, тәрбиесін көрген бала ертең қоғамда да өз отбасында да шешуші тұлға бола алады.
Бала тәрбиесі – ата-ана үшін күрделі де, жауапты міндет. Әрбір ата-ана өзінің баласын Отанға пайдалы, өзіне мейірімді, еңбекқор, адамгершілігі мол адам етіп тәрбиелеуге халық алдында да, мемлекет алдында да жауапты.
Отбасы – ең үлкен, мықты тәрбие ошағы, шағын мемлекет. Отбасының негізі – баланы өмірге келтіру ғана емес, оны мәдени-әлеуметтік ортаның құндылығын қабылдату, ұрпақтың, ата-бабалардың, ұлылардың ақыл-кеңес тәжірібиесін бойына сіңіру, қоршаған орта, адамзатқа, өз қоғамына пайдалы етіп тәрбиелеу.
«Қатты тәртіп көрсе бала күнінде,
Өнерімен қуантады түбінде.Бала нені білсе жастан, ұядан –
Өле-өлгенше соны таныр қиядан.
Өнер-білім берем десең басынан,
Бер оқуға балаларды жасынан…»,
– деп ХІ ғасырда Жүсіп Баласағұн айтқан.
Отбасындағы тәрбиенің кереметі – баланы еңбекке баулу. Ол – адамдық кемелденудің негізі. Сондықтан, алтын ұя – отбасы жоғары бағаланып, оны бала тәрбиелеп өсіруіне бірінші дәрежелі мән беру керек.
Айтжан КІШКЕНТАЕВА,
Н.Наушабаев атындағы мектеп-гимназияның
өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі
Добавить комментарий