Айтуар ОСПАНОВ: Елордада барлық арманым орындалып жатыр

Айтуар ОСПАНОВ: Елордада барлық арманым орындалып жатыр

Бас шаһарды бедерлеуде белсеніп жүрген азамат Айтуар Оспанов – біздің жерлесіміз. Қазақстан Республикасының құрметті сәулетшісі Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Елорда күні қарсаңында жерлесімізбен ғаламтор арқылы сұрақ-жауап алмасқан едік, соны оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Айтуар Кенжеғараұлы, туған жеріңіз, өскен ортаңыз жөнінде бұдан бірер жыл бұрын жазған едік. Десе де, оқырмандар есіне сала кетсеңіз. Сәулет өнеріне деген құштарлығыңызды оятқан қандай себеп еді?
– Туған жерім – Науырзым ауданындағы Қайғы ауылы. Бұл ауыл көпшілікке танымал, мақтаныш тұтатын аға-апаларымыздың туып-өскен елі. Анам үй шаруасында, әкем өмір бойы ауыл мектебінде ұстаздық етіп, отбасында 8 бала тәрбиелеп өсірген. Мен олардың тұңғышымын. Сәулет өнеріне деген құштарлығыма себеп бала кезімнен сурет салуға, сызуға деге әуестігім болса керек. Атам мен әжемнің қолында, тәрбиесі мен өнерін үйреніп өстім. Ол кезде аталарымыз бен әкелерімізге сұлба-нұсқасыз үй, қора сылау үйреншікті іс болса, әжелеріміз бен аналарымызға текемет басу, кілем тоқу, үй жабдықтарын жасау күнделікті жұмыс еді. Әжем мен анам әрбір ою-өрнектің, түс-бояулардың мағынасы мен оның пайдаланатын орнын айтып отыратын.
– Тоқсаныншы жылдары Елордаға көшіп бардыңыз. Сізді қандай арман жетеледі?
– Қазақстан астанасының Алматыдан сол кездегі Ақмола қаласына көшірілуі – тәуелсіздік шежіресіндегі ең елеулі, ең маңызды тарихи оқиғалардың бірі. Бұл оқиға сәулетшілер үшін жүз, тіпті, мың жылда бола бермейтін мүмкіндік. Сәулетшілік өмірімдегі арманым – қазақ сәулет өнеріне өз еңбегімді қосу болатын. Сол мақсатпен студенттік жастық шағым өткен бұрынғы Целиноград қаласына, Ақмола шаһарына көшіп келдім. Қостанайдан мұнда қоныс аударғаныма ширек ғасырдан асты. Қазір, құдайға шүкір, елордада барлық арманым орындалып жатыр.
– «Астана-Бәйтерек» кешенінің бой көтеруіне қосқан үлесіңізді білуші едік. Соны бір еске ала отырсақ…
– Әйгілі мемлекеттердің астаналарында рухын асқақтататын, өздеріне ғана тән, елінің символына айналған, бүкіл әлемге мәшһүр ғимараттар мен кешендер дүниежүзілік сәулет өнерінің қорына енген. Париж бен Лондондағы атақты «Эйфель» мен «Биг-Бен» мұнаралары, америкалықтардың символы – Нью-Йорктегі «Бостандық» мүсіні мен ресейліктердің мақтанышы – Мәскеудегі «Кремль» қабырғаларының және т.б. белгілі ғимараттардың қатарына, әрине, елордамыздың, еліміздің символына айналған бас шаһардағы «Астана-Бәйтерек» кешені де жатады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еуразия жүрегінде» атты кітабында «Астана-Бәйтерек» кешенінің құрылысы мен авторлары туралы егжей-тегжейлі жазған. Менің оған қосатыным, Берлин, Париж, Мәскеу және басқа да шет елдерде өткен халықаралық сәулетшілердің көрмелеріне, конкурстар мен бәйгелерге қатысқанымыз және де осы кешеннің автор-сәулетшілері Ақмұрза Рүстембеков, Сүйірхан Базарбаевпен бірге, «Астана-Бәйтерек» жобасы үшін алтын медальдар мен Гран-при жүлделерін алғанымызды мақтаныш етеміз.
– «Бәйтеректен» бөлек, басқа қандай танымал нысандардың сұлба-нұсқасын жасадыңыздар?
– Нұр-Сұлтан қаласындағы спорт пен ойын-сауық ғимараттары, банк пен әртүрлі деңгейдегі кеңселер, оқу орны мен тұрғын үй кешендері. Елорданың дамуы еліміздің басқа қалаларының ілгерілеуіне ықпал етті. Біздің жобаларымызбен салынған Ақтаудағы, Көкшетаудағы қазақ театрлары, Қарағандыдағы сауықтандыру орталығы, өзге де өңірлердегі кеңсе мен тұрғын үй кешендері осының дәлелі.
– Қазір қарапайым саманды құрылыс материалдары ретінде қолдануды ұсынып жүрсіз. Сіздің ұсынған әдісіңіз бойынша бұл технология заман талабына қаншалықты сәйкестендірілмек? Аталмыш әдісті болашақта қолданысқа енгізу үшін не істеу керек?
– Ауылдық елді мекендерде үй құрылысында осы саманды пайдаланып жүр. Саман кесек-сазды топыраққа органикалық қоспалар қосу арқылы жасалатын ежелгі құрылыс материалы. Осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздің солтүстік аймағында осы әдіспен салынған тұрғын үйіміз әлі күнге қаз қалпында тұр. Нұр-Сұлтан қаласында «Қазэкопан» компаниясы Канада технологиясын пайдалана отырып, ежелгі саман үлгісіне сай құрылыс панелдерін шығара бастады. 2015 жылы елорда іргесіндегі Оразақ ауылында су басып кеткен үйлердің орнына біздің жобамызбен, 2 айдың көлемінде 50 үй салынып, пайдалануға берілгенін де айта кетуге болады. Қазіргі уақытта «Қазэкопан» компаниясымен бірлесе балама қуат көздерін қолданатын «Townhouse» (аз қабатты, өздерінің бөлек кіреберісі бар үйлер), Есілдің жағасында экологиялық таза қалашық салуға дайындық үстіндеміз.
– Қала дамуын зерттеушілер Нұр-Сұлтанды «үлкен тіршіліктің кішірейтілген көшірмесі» ретінде оның қақпасы «барлық үлкен дүниенің әр шалғайына апаратын даңғылдың қиырына ашылуы тиіс» дейді. Осы тұрғыда не айтар едіңіз?
– Өркениет ғылымының білгірі А.Тойнби былай деп жазады: «Империяның негізін қалаушылар әдетте, өзіне аса қолайлы аумақты көркейтуден бастайды. Астана салу бәсекелестерін жеңу арқылы жергілікті мемлекеттен әмбебап мемлекетке айналған олардың өз отанында немесе жаулап алушыларға анағұрлым қолайлы көрінген, жақында бағындырылған аумақтың белгілі бір шет жағында жүргізіледі. Алайда, уақыт өткен сайын империялық әкімшіліктің тәжірибесі немесе оқиғалар тегеуріні империяның негізін салушыға немесе олардың ізбасарларына ескертіп тұрады, өйткені олар империя құрғаннан кейін, анағұрлым қолайлы жағдайда астананы көшіруді жалпы империя үшін мақсатқа сай қайта құрады. Бұл жергілікті көзқарас, әрине, жаңа жағдайларға байланысты жаңа шешімдер шоғырын туындатады. Егер бірінші түсінік қолайлы жағдайға негізделсе, онда астананы жаңа орынға көшіру бәрінен бұрын коммуникациялардың анағұрлым тиімді нұсқасын тандаумен байланысты болады. Осы көзқарасқа орай империяның ортасын таңдау бәрінен де дұрыс деп саналады. Екінші жағынан, егер күн тәртібі тағылық немесе шетелдік агрессордан қорғануды талап етсе, онда астана қысым неғұрлым күшті сезілетін империялық шекараның бөлігіне ауыстырылады». Бұдан артық айта алмаймын.
– Рақмет! Жұмыстарыңыз жемісті болсын!
Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!