Жастар мамандықты қалай таңдайды?
Қазіргі заман – технология мен ақпарат қарқынды дамыған кезең. Мұндай жағдайда жастар үшін болашақ мамандықты дұрыс таңдау бұрынғыдан да маңызды әрі күрделі міндетке айналды. Егер бұрын көптеген адамдар ата-анасының жолын қуып немесе қоғамда беделі жоғары санаулы мамандықтардың бірін таңдаса, бүгінгі жастар еңбек нарығындағы сұранысқа, жаңа технологияларға және жеке қызығушылықтарына көбірек назар аударады.
Соңғы жылдары әлемдік экономикадағы өзгерістер, цифрландыру мен жасанды интеллекттің дамуы мамандықтар құрылымына да әсер етуде. Кейбір кәсіптер біртіндеп жойылып бара жатса, олардың орнына жаңа, заманауи мамандықтар пайда болуда. Сондықтан бүгінгі таңда жастардың мамандық таңдауы тек жеке шешім емес, ол қоғам мен экономиканың даму бағытымен де тығыз байланысты.
Қазақстанда еңбек нарығы тұрақты өзгеріс үстінде. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың соңында ел экономикасында шамамен 9,2 млн адам жұмыспен қамтылған, оның ішінде 77 пайызы жалдамалы қызметкерлер, ал 23 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар болып табылады. Сонымен қатар елдегі жалпы жұмыссыздық деңгейі шамамен 4,6 пайыз деңгейінде сақталған.
Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі салыстырмалы түрде төмен болғанымен, мамандық таңдаудағы қиындықтар әлі де бар. 2026 жылғы деректер бойынша 15-34 жастағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі шамамен 3,1 пайызды құрайды. Сонымен бірге оқымайтын да, жұмыс істемейтін де жастардың үлесі шамамен 5,8 пайыз деңгейінде.
Сарапшылардың айтуынша, жастардың еңбек нарығына бейімделуіне бірнеше фактор әсер етеді. Олардың қатарында сапалы білімнің қолжетімділігі, еңбек нарығы туралы ақпараттың жеткіліксіздігі, мамандықтар туралы нақты түсініктің болмауы және технологиялардың тез өзгеруі бар.
Осы себепті Қазақстанда мектеп оқушыларына мамандық таңдауға көмектесетін жаңа жобалар іске қосылып жатыр. Мысалы, еңбек нарығының трендтерін көрсететін «Мансап компасы» платформасы оқушыларға болашақ кәсіпті саналы түрде таңдауға көмектеседі.
Түрлі зерттеулерді негізге алсақ, қазіргі жастар мамандықты бірнеше маңызды факторға сүйене отырып таңдайды.
Бірінші фактор – табыс деңгейі. Жалақысы жоғары мамандықтар жастарды әрқашан қызықтырады. Әсіресе IT, қаржы, инженерия және медицина салалары жастар арасында кең таралған.
Екінші фактор – еңбек нарығындағы сұраныс. Көптеген жас мамандық таңдағанда болашақта жұмыс табу мүмкіндігін ескереді.
Үшінші фактор – жеке қызығушылық. Қазіргі жастар өз ісін сүйіп жасауды маңызды деп санайды.
Төртінші фактор – әлеуметтік орта мен медиа әсері. Әлеуметтік желілер, блогерлер және медиадағы түрлі ақпараттар кейбір кәсіптердің танымал болуына ықпал етеді.
Халықаралық зерттеулер де осы үрдісті растайды. Халықаралық экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының жүргізген зерттеуі бойынша 15 жастағы оқушылардың шамамен 39 пайызы болашақ мамандығын нақты білмейді. Бұл көрсеткіш балаларға мектеп кезеңінде кәсіби бағдар берудің маңызы зор екенін дәлелдейді.
Ал 2026 жылғы бір халықаралық сауалнама нәтижесіне сәйкес, 16–25 жас аралығындағы жастардың 70 пайыздан астамы болашақтағы жұмыс мүмкіндіктеріне алаңдайтынын айтқан.
Студент оқуын аяқтағанша нарық өзгеріп кетуі мүмкін
Бүгінгі еңбек нарығының тағы бір ерекшелігі – оның өте жылдам өзгеруі. Көп жағдайда студенттер университетке түскен кезде сұранысқа ие болған мамандықтар, олар оқуын аяқтаған кезде бұрынғыдай қажет болмауы мүмкін.
Мысалы, жоғары оқу орнындағы бакалавриат бағдарламасы әдетте төрт жылға созылады. Осы уақыт ішінде технологиялар, экономикалық жағдай және еңбек нарығындағы талаптар айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Кейбір жаңа технологиялар пайда болып, белгілі бір салаларда мүлде жаңа мамандықтар қалыптасады.
Сарапшылардың пікірінше, дәл осы себепті көптеген түлектер диплом алғаннан кейін өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді немесе қосымша білім алуға мәжбүр болады. Кейбір халықаралық зерттеулерге сәйкес, әлемде университет бітірген түлектердің шамамен үштен бірі өз мамандығына сәйкес келмейтін салада еңбек етеді.
Бұл жағдай білім беру жүйесінің еңбек нарығымен тығыз байланыста болу қажеттігін көрсетеді. Сондықтан көптеген елдерде оқу бағдарламалары жиі жаңартылып, студенттерге тәжірибелік дағдыларды үйретуге ерекше көңіл бөлінуде.
Жойылып бара жатқан мамандықтардың орнына жаңа ұсыныстар
Технологиялардың дамуы еңбек нарығына айтарлықтай әсер етуде. Автоматтандыру мен жасанды интеллект кейбір мамандықтардың біртіндеп жойылуына әкелуі мүмкін.
Сарапшылар болашақта кассирлер, пошта қызметкерлері, деректерді қолмен енгізу операторлары, баспа машинистері, қарапайым өндіріс операторлары сияқты мамандықтардың маңызы азаюы мүмкін екенін айтады Бұл қызметтердің көпшілігін қазіргі уақытта компьютерлік жүйелер, роботтар немесе автоматтандырылған бағдарламалар атқара алады.
Сонымен бірге технологиялық даму жаңа кәсіптердің қалыптасуына жол ашты. Қазіргі уақытта әлемде және Қазақстанда сұранысқа ие жаңа мамандықтардың қатарына жасанды интеллект инженері, деректер талдаушысы, киберқауіпсіздік маманы, дрон операторлары, экологиялық инженер, цифрлық маркетинг маманы еніп отыр.
Ғылыми зерттеулерге сәйкес, әлемде жасанды интеллект және жасыл экономика салаларындағы жұмыс орындары жыл сайын артып келеді. Соңғы жылдары жасанды интеллект саласындағы жұмыс орындарына сұраныс шамамен 20 пайыздан астам өскен.
Роботтар мен интеллектуалды жүйелер кейбір қайталанатын және техникалық жұмыстарды адамнан жылдамырақ әрі тиімді орындай алады.
Соңғы жылдары әлемнің бірқатар елдерінде, әсіресе өндірісі дамыған мемлекеттерде, автоматтандырылған зауыттар көбейіп келеді. Мысалы, Қытайда жасанды интеллект пен роботтарға негізделген, тәулік бойы автоматты түрде жұмыс істейтін өндіріс орындары ашылып жатыр. Мұндай кәсіпорындарда өнімді жинау, сапасын тексеру және өндірісті бақылау сияқты процестерді арнайы бағдарламалар мен роботтар орындайды. Бұл өндіріс тиімділігін арттырып, өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Дегенмен мамандар жасанды интеллект барлық мамандықтарды толық алмастыра алмайтынын айтады. Керісінше, ол көбіне жұмыстың сипатын өзгертеді. Яғни кейбір қарапайым және қайталанатын жұмыстар автоматтандырылуы мүмкін, ал адамдар шығармашылық, талдау, басқару және күрделі шешім қабылдауды талап ететін салаларда маңызды рөл атқара береді.
Жұмысшы мамандықтарының маңызы
Қазіргі уақытта тек жоғары технологиялық мамандықтар ғана емес, сонымен қатар жұмысшы мамандықтарына да сұраныс артып келеді. Кейбір өңірлерде ашылатын жаңа жұмыс орындарының шамамен 60 пайызы жұмысшы мамандықтарына тиесілі.
Бұл инженерлер, механиктер, құрылысшылар, электр мамандары сияқты кәсіптердің болашақта да маңызды болатынын көрсетеді. Өйткені кез келген елдің экономикалық дамуы тек цифрлық технологиялармен ғана емес, өндіріс, құрылыс, энергетика және көлік салаларындағы нақты еңбекпен де тығыз байланысты. Зауыттар мен өндіріс орындарының, инфрақұрылым мен тұрғын үйлердің салынуы – осы мамандардың еңбегінің нәтижесі.
Сарапшылардың айтуынша, көптеген елдерде білікті жұмысшы кадрлардың тапшылығы байқалады. Жастардың басым бөлігі кеңсе жұмысына немесе «беделді» деп саналатын мамандықтарға ұмтылғандықтан, техникалық және өндірістік салаларда мамандар жетіспей жатыр. Сондықтан кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру маңызды мәселелердің біріне айналып отыр.
Сонымен қатар қазіргі жағдайда жастар бір ғана мамандықпен шектеліп қалмауы керек.
Болашақ мамандарға үнемі жаңа білім алып, өз дағдыларын жетілдіріп отыру аса маңызды. Бұл тек кәсіби біліммен шектелмейді, сонымен қатар цифрлық сауаттылық, шет тілдерін білу, командада жұмыс істеу және жаңа жағдайларға тез бейімделу сияқты қабілеттерді де қамтиды.
Әлем жылдам өзгеруде. Ал сол өзгерістерге бейімделіп, жаңа мүмкіндіктерді пайдалана алған жастар ғана болашақтың сұранысқа ие мамандары бола алады. Сондықтан бүгінгі жастар үшін ең бастысы – дұрыс бағыт таңдау ғана емес, өмір бойы білім алуға дайын болу.
Аружан Қанатбек













Добавить комментарий