Қоғамға бейімдеу үшін…

Қоғамға бейімдеу үшін…

Мүгедек балаларды сәби кезінен бастап анықтап, олардың ортаға бейімделуіне жағдай жасау – қоғам алдындағы бір үлкен міндет. Жалпы, баланы қоғамға бейімдеу мен оқытуда ерте диагностикалау мен түзету маңызды екені белгілі. Ал, денсаулығының ақауы бар балалардың тәрбиесіне ерекше мән берілуі керек.

Үш жылға – 58 млрд теңге
Мүгедек балалардың уақытша немесе тұрақты мекендеуіне арналған медициналық-әлеуметтік мекемелер бар. Ол жерге интеллектісі сақталған, сүйену-жылжу аппаратының қызметі бұзылған, тұрақты түрде басқа бір адамның көмегіне және медициналық қызметке зәру 4 пен 18 жас аралығындағы төмендегідей сырқатпен ауыратын мүгедек балалар орналастырылады:
– әртүрлі этиологиядағы мидың сал ауруы;
– полиомиелит салдарынан кейінгі қалыпқа келтіру және резидуальді кезең;
– сүйену-жылжу аппаратының әртүрлі туа және кейін пайда болған деформациялары;
– артрогриппозом;
– хондродистрофией;
– тұқым қуалайтын дегенеративті және жүйке-бұлшық ет аурулары.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесіне қарайтын оңалту орталықтары бар. Оларда әртүрлі аурулармен, тірек-қимыл және эндокринологиялық жүйелер ауруларымен ауыратын балалар 20-27 күн аралығында оңалту курстарынан өтеді. Орталыққа орналасуға қажетті құжаттардың тізімі, оңалту шараларын өткізуге қарсы көрсеткіштер барлық аймақтардың емдеу органдарында бар.
Мүмкіндіктері шектеулі тұлғалардың мәселелерін шешу және әлеуметтік жағдайын жақсарту мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында халыққа арнаған жолдауында былай деді: «Қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Мен бұл туралы өзімнің сайлау алдындағы бағдарламамда айттым. Үкіметке енді осы мақсатқа үш жыл ішінде кем дегенде 58 миллиард теңге бөлуді тапсырамын».
Бұл қомақты сома өңірлердегі оңалту орталықтары аздығы мәселесін шешуге, олардағы материалдық-техникалық базаны нығайтуға үлкен көмек болуы тиіс.

МӘМ туралы мәлімет
Тобыл-Торғай өңірінде арнаулы әлеуметтік қызмет 11 медициналық-әлеуметтік мекемелерде (МӘМ) көрсетіледі. Сонымен бірге, Қостанай, Жітіқара қалаларында орналасқан 2 оңалту орталығы жұмыс істеп тұр. Басқа аудандар мен қалалар әкімдіктерінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері жанында 26 үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері бар. Арқалық, Лисаков, Рудный һәм Жітіқара қалаларының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің базасында психоневрологиялық патологиясы бар мүгедектерге арналған күндізгі бес бөлімшеде 124 мүгедек бала мен 18 жастан асқан 22 мүгедек арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Оған «Амалия» абилитациялық орталығы мен «Радуга» қоғамдық бірлестігін қосыңыз.
2018 жылдың қыркүйегінен бастап Қостанай қаласындағы №22 мектеп жанындағы нашар көретін және зағип балаларға арналған кабинет жұмыс істейді. Қазіргі уақытта сыныпта 5 бала оқиды. Кабинет арнайы жабдықтармен, үстел ойындары, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлауға арналған бұрыш, демалыс аймағы жабдықталған. Сабақты тифлопедагог, тьютор, психолог, логопед мамандар жүргізеді. Қосымша факультативтік сабақтар мен арнайы пәндер жүргізіледі: әлеуметтік-тұрмыстық бағдар, кеңістік бағдар, белсенді қимыл сипатындағы жеке және топтық сабақтар, мимика мен пантомимиканы дамыту, түзету ырғағы, сөйлеу дамуының кемшіліктерін түзету, қалдық көруді қорғау және дамыту.
Алайда, бұл өңірде барлық қызмет түрі қамтылған деген сөз емес. Мүгедек балаларды асырап-бағып отырған ата-аналардың айтары бар…

Аналардың айтары бар
«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген. Қостанайдағы мүгедек балалардың аналары 20 жыл бұрын бірігіп, «Радуга» қоғамдық бірлестігін құрды. Ұйымды құруға белсенділік танытқан әрі жетекшісі Наталья Колоскованың бастамасымен осы уақыт ішінде қыруар іс атқарылды.
Былтыр облыста «Stop autism» деген тағы бір қоғамдық бірлестік психологиялық ауытқумен туған, яғни, аутизм сырқатынан зардап шегетін балалар аналарының бастамасымен құрылды. Соңғы жылдары аутизммен ауыратын сәбилер қатарының күрт өсуі тіпті алаңдатты. Осы қоғамдық бірлестіктің жетекшісі, мүгедек бала өсіріп отырған Шынар Жалмұхамедованың айтуынша, 2008 жылы Қостанай қаласында 3 бала тіркелсе, соңғы екі үш жылда олардың саны 60-тан асқан. Тіпті, мұның өзі нақты көрсеткіш емес көрінеді. Ал дүние жүзі бойынша әрбір 68-ші бала аутизмдік ауытқумен туады. Мамандардың пікірінше, баланың бұл ауруға шалдығуы ешқандай тұқым қуалаушылыққа немесе отбасының әлеуметтік тұрмыс деңгейіне байланысты емес көрінеді. Ол ми жұмысының бұзылуынан немесе толып жатқан себебі болатыны айтылса да, нақты тұжырымы жоқ. Мұндай бала ханның үйінде де, қараның үйінде де тууы мүмкін.
«Ауру бала ата-анаға тағдырдың салған ісі демеске шара жоқ. Ең қиыны, елімізде аутизммен ауыратын балалар өмір бойы психиатрдың есебінде тұрады. 18-ге толғаннан кейін оларға «шизофрения» диагнозы қойылады, себебі «ересектер аутизмі» деген термин жоқ. Сондықтан, бала өскен сайын оның әлеуметтік проблемалары да көбейе береді. «Шизофрения» диагнозы қойылған адамды еш жерде жұмысқа алмайды. Ал, дамыған елдерде бұлай емес. Сол үшін заңды күші бар құжаттарға өзгерістер керек», – дейді Ш.Жалмұхамедова.
Қазақстанда баланың аутизммен ауыратыны жөнінде диагноз тек 4 жастан бастап қойылады. Ал, дамыған елдерде диагноз баланың екі жасында анықталады. Өсіп келе жатқан балпанақтай баласына дәрігердің «аутизм» диагнозын қоюы ата-анаға жеңіл тимейді. Олар бұл диагнозға мойынсынғысы келмей, баланы қатарластарына қосудың түрлі амалын іздейді. Оны ортаға қалыптастыру үшін психологиялық-педагогикалық орасан жұмыстар жүргізілуі тиіс. Сондықтан, Қостанайда аутизммен ауырған бала¬лардың басым көпшілігінің анасы баламен үйде отырады. Жұмыс істемеген соң, ондай отбасылардың негізінен тұрмысы да төмендеп сала береді.
Баланың соңында жүріп, оның дамуы, ортаға бейімделуі үшін қолдан келгеннің барлығын жасаған ата-аналардың еңбегі нәтижесіз емес. Ең бас¬тысы, бала кісікиік болмайды, ортаға бейімделеді. Бұл үшін баланы музыкаға, сурет салуға, өнердің өзге түрлеріне, басқа да істерге баулуы тиіс. Алайда, оның да құжаттық, заңнама деңгейінде шешетін шаруасы жеткілікті. Мысалы, қазір музыка, көркемөнер мектептері мұндай диагнозбен баланы алмайды. Ол үшін ата-ана өзінің ауру баласына маман жалдайды. Түпкілікті дайындалса, аутизммен ауыратын бала қабілеті жөнінен кейде өзінің қатарластарынан басым да түседі. Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде аутизмнен зардап шегетін балалар шығармаларының көрмесі өтуі осыған дәлел. Бірақ, кез келген музыка, көркемөнер маманы мұндай балалармен жұмыс істеуге құлық таныта бермейді, ондай мұғалімдер Қостанай қаласында саусақпен санарлық қана.
Баланың ауруына, мүгедектігіне мойынсынған кез келген ата-ана оның денсаулығын түзетумен бірге, ендігі жерде оған мүмкіндігінше білім, мамандық беріп, өскенде нанын тауып жейтін халге жеткізуді, яғни болашағын ойлайды. Кәмелет жасқа жеткен мүгедектерді жұмысқа орналастырудың жыры өз алдына бір басқа. Алдымен ғаріп туған балалардың денсаулығын қадағалап, білім беріп, дамытып отыру үшін әлеуметтік жағдай керек.
«Аутизммен ауыратын балаларға арналған «Амалия» оңалту және түзету кабинеті, Қостанай қалалық балалар ауруханасы жанындағы оңалту орталығының ешқайсысы да сұранысымызды толық қанағаттандыра алмайды. Себебі, оңалту орталығына бала жылына бір рет қана баруға мүмкіндігі бар. Одан не бітеді? Түзету кабинетіне аптасына екі рет бара алады. Өйткені, барлық жерде кезек. Олар қаланың әр шалғайында, басқа да түрлі ем, қызмет түрлерін пайдалану үшін ана баласын көтеріп, қаланы аралап жүреді. Мұның барлығы да уақыт және қаржыға түскендіктен, мүгедек балаға оның тиімділігі де аз болады», – дейді Ш.Жармұхамедова.
Облыстық мәслихаттың депутаты, денсаулық сақтау жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы Татьяна Булгацевич мүмкіндігі шектеулі жандардың мемлекеттен алатын жеңілдіктерін санамалағанда алты бет болатынын айтады. Сол жеңілдіктердің арасында мүгедек балаларға тиістісі де аз емес екені аян.
Қысқасы, осы проблемалардың барлығы оларға қатысты заңдық құжат тарды жетілдіруді, тиісті орындардың жұмысын ширатуды және әлеуметтік жағдайды жақсартуды талап етеді, мүгедек балаларды оңалту орталығының қажеттігін көрсетеді.
Асыл ҚАСЫМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!