Көбелек неге көбейді?

Көбелек неге көбейді?

Затобол кентінде көбелектің көбейгені байқалады. Әсіресе, осы кейінгі он күнде. Бұл құбылысқа алаңдап, редакциямызға хабарласып жатқан тұрғындар бар. Шынымен, мұның сыры неде?

Қазақстанда 3 мыңдай түрі бар
Біз көбелектің көбею себебін өңірдегі тиісті мамандардан сұрап көрдік. Көбісі бұл жайттан бейхабар болып шықты. Алайда, бәрінің айтатыны: алаңдарлық ештеңе жоқ.
Ғаламторды шарлап көрдік. Сөйтсек, мұндай құбылыс биыл бізде ғана емес, Орта Азиядағы біраз елде байқалған. Қызылорда, Атырау облыстарының кейбір аудандарында да көбелектің көбейгені туралы бірер ақпарат кездестірдік.
Ғалымдардың мәлімдеуінше, әсіресе, ошағаншы мен түйетікенші көбелектері кең тараған. Өйткені, биыл ауа райы ылғалды, жауынды-шашынды. Арамшөп қалың өскендіктен одан нәр алатын көбелектер көбейіп отыр. Мамандар бұл көбелектер аллергиямен ауыратындарға әсер етуі мүмкін дейді.
Ал еліміздің кей аймағында барқытша көбелек түрлері кең жайылған. Сәндік өсімдіктер мен қарағанның нәрімен қоректенетін жәндіктің адам денсаулығына, өсімдікке еш зияны жоқ. Қайта өскіндердің алмасып тозаңдануына оң ықпал етеді. Бұл жөнінде белгілі бағбан Әлияр Сейітов былай депті:
«Қорқудың қажеті жоқ. Көбелектің көбеюіне күннің салқындығы мен желдің ұзаққа созылуы әсер етсе керек. Табиғат тылсым күшке ие. Бір жылдары жылан көбейсе, енді бірде бақа қаптап кетеді. Бұл да сол сияқты құбылыс».
Көбелектер аралардан кейінгі то¬заң¬дандырғыш болып саналатын бунақденелі жәндік тұқымына жатады. Бұл жәндікті зерттейтін ғылым «лепидоптерология» деп аталады. Қабыршақ қанаттылар Антарктидада ғана болмайды екен.
Қызылды-жасылды жәндіктер небәрі үш-ақ апта өмір сүретін көрінеді. Қазақстанда көбелектің 3 мыңдай түрі бар.

Сіз білмейтін бір дерек
Көбелек – табиғаттағы ең құпия жаратылыстардың бірі. Адам қарағысыз дернәсілден тап бір суретші салып қойғандай ою-өрнекті қанаттары бар сұлу жәндік шыға келеді. Ғажап!
Осы бір кереметтей жаратылыстың бір құпиясын аша кетейік. Әрбір көбелектің өзіне тән иісі бар. Кейбір көбелектерден ванильдің, шашақгүлдің, бүлдіргеннің, қазтамақтың, шоколадтың иісі мүңкіп тұрады. Ал аталық ақ көбелектерде қызыл қазтамақтың, лимон гүлінің иісі бар екен. Бірқатар қабыршақ қанаттылар коллекция үшін препаратталғаннан кейін де тартымды иісін сақтап қалады. Көбелектер коллекциясымен айналысатын бір ғалым ылғи да өзімен бірге тропикалық көбелектің біреуін алып жүреді екен. Ол адамдар осы иістен ләззат алатынын айтады. Ал Бразилияда шоколадтың өткір иісін шығаратын көбелектер мекендейді. Адамдар бөлме ауасын иістендіру үшін осы көбелектерді арнайы ұстайды деседі. Олар өз иістерін екі мақсатта қолданады: қарама-қарсы жыныстағы көбелектердің назарын аудару және жауларын қорқыту үшін. Иіс артқы қанаттарындағы қабыршақтан шығады. Бұл иісті бөлетін денедегі темір құрамы. Қызығы, аналық көбелектердің иісі адамға ұнаса, аталық көбелектердің иісі жағымсыз қабылданады.
Ал, сіз көбелектердің сезім мүшелері адамдарға қарағанда әлдеқайда жақсы дамығанын білесіз бе? Олар тәттіні біздің тілімізден де артық біледі. Олардың басты тағамы – гүл шырыны. Оның құрамында қант болғандықтан, тез іздеп тауып алады. Көбелек гүлдегі шырынды байқаса, бірден ұзын бізтұмсығын салып, сұйықты сорып алады. Сондай-ақ, көбелектер түсті де жақсы ажырата алады. Керек десеңіз, адам көзі байқай алмайтын ультракүлгін сәулелерін де тез қабылдайды екен. Олардың иіскеу сезімдері де жақсы дамыған. Дәм тілдегі ағзалар арқылы сезілсе, иіс көбелектің мұрты арқылы қабылданады. Міне қызық, табандарында орналасқан «мұрынмен» де иіскейтін көбелектің түрлері бар екен.
Асыл ҚАСЫМ
Ғаламтор материалдары
бойынша әзірленді

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!