Тоты АЙТМАҒАМБЕТОВА: «Алдымен мұғалімдерді дайындаймыз, содан соң тұрғындарды оқытамыз»

Тоты АЙТМАҒАМБЕТОВА: «Алдымен мұғалімдерді дайындаймыз, содан соң тұрғындарды оқытамыз»

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің өкімімен Қазақ әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары өткен жылы бекітілген болатын. Биыл латын графикасы бойынша оқытушыларды (тренерлерді) дайындау жоспарланып отыр. Осы жөнінде және өзге де сауалдарымызға Қостанай аудандық тілдерді оқыту орталығының директоры Тоты Айтмағамбетова жауап берді.

– Тоты Әбдібекқызы, аудан халқына латын әліпбиін үйрететін мұғалімдер қашан, қайда оқытылады? Олардың белгіленген саны, тізімі бар ма?
– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек», – деген болатын. Осы орайда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында 2019 жылдың қаңтар айынан бастап латын графикасы бойынша тренерлерді дайындау жоспарлануда. Орталық қызметкерлерін оқыту және тәжірбие алмасу мақсатында аудандық және ауылдық округтің оқытушылары бекітілген кестеге сай республикалық «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына жіберіледі. Арнайы курстан өткен мұғалімдерге курс соңында сертификат тапсырылады.
– Оқып келген тренерлер бірінші кімдерді оқытуы тиіс? Оның да белгіленген нұсқаулығы, тізімі бар ма? Мәселен, қанша жылда аудан тұрғындарын түгелдей дерлік қамтып шығуға болады?
– Жоғарыда аталған республикалық орталықтан арнайы курстан өткен оқытушылар жергілікті тұрғындарды жаңа латын әліпбиіне үйретуді бастайды. Жыл сайын орталықтағы (округтерді қоса есептегенде) қазақ тілі курсына 500-ден астам тыңдаушы қамтылғанын ескерсек, осынша тұрғынды оқытып шығуға болады деп ойлаймын. Жаңа жобаны халық толықтай қолдайды. Жалпы, осы мақсатта Қостанай ауданы бойынша қазіргі таңға дейін медицина, білім саласы және жалпы халықтық талдау үшін латын әліпбиі бойынша түсіндіру мен ережені талдау жұмыстары жүргізілуде.
– Орталыққа латын әліпбиіне негізделген қазақ тілінің емле ережелері туралы қандай да бір оқулықтар, жинақтар келіп түсті ме? Кириллицада қолданылған кейбір таңбалар алынып тасталды. Соның бірі – ю. Оның орнын «ө» дыбысы алмастыратыны айтылды. Халықаралық терминдер бар. Мысалы: компьютер, юпитер, юмор. Бұл сөздер қалай жазылуы тиіс?
– Оқыту барысында еліміздің белгілі ғалымдары мен жоғарғы оқу орнының қызметкерлерінен құрылған жұмыс топ мүшелері емле ережелерін теориялық әдіс негіздерін, осы әріптердің жазылуын және қолданылуын үйретеді, ал арнайы үйреніп келген тренерлер көпшілік қауымға жеткізеді. Негізі халықаралық терминдер сол қалпында жазылуы керек деген пікір жағындамын.
– Ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргіздіңіздер. Сонда ел арасында қандай сұрақтар жиі көтерілді? Оларға қалай жауап бердіңіздер?
– Ақпараттық-түсіндірме жұмыстары барысында көптеген сұрақтар туындады. Көпшіліктің көкейінде аздаған алаңдаушылық бар. Бірақ, біз дамыған 30 елдің қатарына ену мақсатын алға қойып отырмыз, сондықтан, алаңдай берудің жөні жоқ деп ойлаймын. Қазіргі цифрлық, ақпараттық технологияның тілі латын графикасына негізделген. Осының өзі көп жайттан хабар берсе керек.
– Латын қарпінде оқыту үшін сіз басқарып отырған орталықтың материалдық-техникалық базасы жетілдіріле ме? Әлде бұл үрдіске дайынсыздар ма?
– Орталықтың материалдық-техникалық базасық қазіргі заманауи құралдарымен толығымен жабдықталған. Тіл үйренемін деп ниет білдіруші азаматтарға барлық жағдай жасалған және оқу-әдістемелік құралдар жеткілікті.
– Латын әрпін оқыту жөнінде тағы басқа қандай жұмыстар жасалып жатыр?
– Биылғы жаңа оқу жылында орталық оқытушылары аудан басшыларынан бастап, мемлекеттік қызметкерлер, басқа саладағы қызметкерлерден тұратын жинақталған топқа 30 сағаттық оқыту курсын жоспарлап отыр. Бұл курстың мақсаты – жаңа бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілінің емле, ережесінің жобасымен таныстыру, әріптердің дабысталуы, жазылуы жұмыстары арқылы олардың тілдік дағдыларын қалыптастыру. Болашақта латын әліпбиін игерудегі жұмысты әлі де жалғастырамыз.
Аслан ҚАНҒОЖИН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!