Батыр есімі ескерусіз қала бере ме?

Батыр есімі ескерусіз қала бере ме?

Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағына ие болғандардың 31-і – қостанайлық жауынгер. Сүйегі майдан даласында қалған боздақ Қасым Ахметовті де осы батырлар қатарына қосуға болар. Оны Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған марапаттау қағазы 72 жылдан кейін (2014-2015 ж) табылды.

Қостанай облысы, Мендіқара ауданының Төлеңгіт ауылында 1917 жылы туған Қасым Ахметов 1939 жылы қыркүйек айында әскер қатарына шақырылған.
Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен табылған 1943 жылы 30 желтоқсанда толтырылған марапаттау қағазында Белорусь майданының 63-ші армиясына қарасты 41 атқыштар дивизиясының 244 полкі, 2 ротасының бөлімше командирі, кіші сержант Ахметов Қасым Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылғаны айтылады. Онда: «жолд. Ахметов 244-атқыштар полкі құрылғаннан бастап, барлық ұрыстарға белсенді қатысты. 1943 ж. 26 шілдеде Хатетов темір жол станциясының маңайында немістің артиллеррия және зеңбірек күшіне қарсы ұрыста «Отан үшін», «Сталин үшін» деген ұранмен ротаны жауға қарсы көтеріп, темір жол станциясын алғанда бірінші болып жеткен. Ахметов ерлік көрсетіп, осы шайқаста немісті жеңгені үшін «Қызыл ту» орденімен марапатталды.

1943 жылдың 23 желтоқсанында Малый Козловичи селосының аумағында неміс әскерлері танк пен зеңбірек күштерімен ыңғайлы межені алуға тырысты. Ахметов басқарған 17 адамнан құралған топ 3 сағат бойы толық қамалда 6 рет жаяу әскермен, танк және зеңбіректермен неміс шабуылына тойтарыс берді. Бұл шайқаста жүзден астам неміс жауынгерін жойып, 3 күн бойы сұрапыл қанды шайқаста алынған маңызды межені жауға бермеді».
Бұйрық өтінішінің соңына Қасымның ерлік істеріне куә болған жандар, 244-атқыштар полкінің командирі полковник М.В.Колесов қол қойған, оны 41-атқыштар дивизиясының генерал майоры А.И.Суреченко қолдаған.
Бір өкініштісі, осы марапаттау қағазы жоғары әскери басшылыққа жетпеген. Қасым Ахметовке Кеңес Одағының Батыры атағы берілмей қалған. Ұсыныстың не себепті жоғары сатыға жетпей қалғаны белгісіз.
1945 жылдың 16 сәуіріндегі шайқаста, Жеңіс күніне аз ғана уақыт қалғанда автоматшылар взводының командирі Қасым Ахметов қаза табады. Соғысқа ефрейтор болып кіріп, взвод командиріне дейін өсіп, көзсіз ерліктер көрсеткен лейтенанттың сүйегі Германияның Бранденбург жеріндегі Одердегі Франкфурт округінің Зеелов ауданы, Лебус елді мекенінде жерленген. Қазір замандастарынан Қасымның көзін көрген жан да саусақпен санаулы.
– Қасым аға – менің әкемнің кенже інісі. Қызыл Армия қатарына 22 жасында алынды. Ол кісі әскерге кеткенде мен 8-9 жастағы бала едім. Қасым аға бойшаң, денелі, ірі жігіт еді. Бойы 190 сантиметрдей болатын. Қасым аға жұмысқа өте епті еді, үй салғаны, қора-қопсы тұрғызғаны менің көз алдымда. Ол кезде құрылыс материалдары деген болмайды, мал қораны, жылқы тұрағын талдан тоқыды. Кірпіш те жоқ, пешті саз балшықтан жасағанын көзім көрді. Қасым ағаның қасында жүреміз, бізді саз, су тасуға жұмсайтын. Қазір ойласам, сол кезде 20 жаста ғана екен, қалай ерте есейген десеңші, – дейді 87 жастағы Қажымұқан Көшмұрзин ақсақал.
Қасым Ахметов туыстарының қолында Польшаның Любин қаласында 1944 жылы 5 желтоқсанда түскен оның бір ғана суреті сақталып қалыпты. Суреттің артына «әкесі Ахметке ұлы Қасымнан ұмытылмас үшін естелік» деп жазған.
– Қасым ағамның суреттеін, жазған хаттарын Шөкілай әжем сандығында сақтап жүреді екен. Соңғы хатында: «Қоян-қолтық ұрыстан шықтым, аман қалдым. Одер өзенінің жағасында сендерге хат жазып отырмын. Мені ойлай бермеңдер, елге жеңіспен ораламын», – деп жазыпты. Хаттарды оқыған үлкен ағаларымнан осыларды естіген едім. Жеңістен бұрын ауылға «қара қағаз» келеді. Ауылдағы басшылар Қасымның қазасын қариялар көтере алмайды деп көпке дейін естіртпей, жасырын ұстаған. Кейін естігенде әжеміз күйікке шыдамай, «баламды жұтқан соғыстан келген қағазы да құрсын» деп, хаттарын да, суреттерін де өртеп жіберіпті, – дейді Қажымұқан ата. Жалғыз сурет үлкен ұлы Жұмаштың қолында аман сақталып қалған.
Қасым «Қызыл Ту» орденінен басқа 1-дәрежелі Ұлы Отан соғысы және 3-дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған. Оның әр ордені боздақтың көзсіз ерлігінің куәсі екені анық. Ал, полк командирі М.В.Колесовтың жоғарыдағы қысқаша толтырған марапаттау қағазында Қасымның нағыз батыр бейнесі беріледі.
Ұзақ жылдан кейін табылған құжат қостанайлықтарды толқытты. Көңіл толқыны – ерлік жаңғырығы, Отаны, ұрпағының болашағы үшін жауға арыстандай атылған жауынгер Қасымның бойын кернеген алапат патриоттық сезімнің туған жер үстінен шашылған ұшқынындай көрінеді.
«Өлі разы болмай,тірі байымайды» дейді дана халқымыз. Олай болса, жергілікті мәслихат, ардагерлер ұйымдары батыр атамыздың есімін ұлықтауға неге көңіл бөлмей отыр? Неге үнсіз жатырмыз?
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары арқылы өшкенімізді жаңғыртуды меңзеген еді. Міне, мүмкіндік! Батыр атына Қостанай орталығынан бір көше немесе ескерткіш ашсақ та артық емес. Облыс мұражайларынан орын беріліп, бабалар ерлігі туралы жинақтарға есімі енгізілсе дейміз.
Кезінде Қазақстанның мәдениет қайраткері Әмина Өмірзақова анамыз: «Атақ, шен беруге келгенде, халық қалаулыларының сараңдық танытатына қайран қаламын» деп ренішін білдірген екен. Бұл – ойланарлық жайт. Қара қазақ баласының бірі ретінде мен ойымды жаздым. Сіз не дейсіз, ағайын?

Баймұқан ТЕМІРБЕКҰЛЫ,
А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ аға оқытушысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!