Жасампаздық. Жетістік. Жастар

Жасампаздық. Жетістік. Жастар

Елеулі мереке кезінде құр даңғаза мен ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Әрбір шараны елге пайдасы тиетін нақты істерге ұластыру қажет. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысындағы осы жөнінде баса айтты.

Экономика, әлеуметтік сала, білім, ғылым және басқа да бағыттар бойынша тың жобалар қолға алынбақ. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды, ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек. Тәуелсіздік мерекесінің тұжырымдамасы «Жасампаздыққа толы жылдар» деп аталады.
Бүгінде барша әлем жұртшылығы күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқандықтан, қаржыны оңды-солды жұмсап, ұлан-асыр той жасайтын уақыт емес. Тиімсіз форумдар мен конференциялар өткізудің қажеті жоқ. Халықтың әлеуметтік жағдайына баса мән беру керек, елдің тұрмысы түзелмесе, жетістіктерді мақтан етудің маңызы шамалы. Мемлекеттік аппарат осы саясатты басты бағыт етуі тиіс. Мемлекет басшысы жүктеген негізгі тапсырманың өзегі осыған саяды.
Әлеуметтік кодекстің жобасы дайындалып жатыр. «Кодекс азаматтардың, әсіресе, көмекке мұқтаж адамдардың сұранысына толық сай келуі керек. Бұл біздің әділетті мемлекет пен ашық қоғам құру туралы идеямызбен үндеседі. Министрлер мен әкімдер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын берік ұстануға тиіс. Азаматтардың арыз-тілектеріне жедел жауап беруі қажет. Ең бастысы, Тәуелсіздіктің игіліктерін әрбір отандасымыз күнделікті тіршілігінде сезіне алатын болса – мақсатымыздың орындалғаны», – деді Мемлекет басшысы.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы осыған дейін қолға алынған реформалар аясында ұйымдастырылатыны белгілі. Бұл ретте саяси реформаның үшінші кезеңін жүзеге асыру жалғасады. Соның аясында қоғамды демократияландыруға бағытталған бірқатар заң қабылданады. Алдағы он жылда елдің жаңа келбеті және ұлттың жаңа болмысы қалыптасуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық, саяси және әлеуметтік жаңғыруды табысты жүзеге асыра алсақ, елге жасаған ең үлкен сыйымыз осы болатынын баса айтты.
2025 жылға дейін 5 триллион теңгеге бағаланатын мемлекеттік активтерді жекешелендіру арқылы кәсіпкерлік саласының әлеуетін айтарлықтай арттыруға болады. «Халықтық IPO» бағдарламасын жаңғырта отырып, әрбір қазақстандықтың ұлттық байлығымыздың бір бөлігіне ие болуына және отандық экономиканың көшбасшыларын дамытуға өз үлесін қосуына мүмкіндік жасалмақ. Мемлекет басшысы адам капиталының сапасын арттыру біз жүргізіп отырған саясаттың негізгі бөлігі екенін жеткізді.
Мерейтой жылында атқарылатын шаралардың дені жастарға арналмақ. Президент қойған басты талаптың бірі осы. Себебі елде не жасалса да, бәрі болашақ ұрпақ үшін жасалуы тиіс.
«Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту. Бұл, әсіресе, өңірлерде аса өзекті. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Қазір жастар саясатына қатысты заңдарға қажетті түзетулер енгізілуде. Енді жергілікті мемлекеттік органдарды бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» қосылады. Бұл осы бағыттағы шаралардың тиімділігін арттырады. Жүргізіліп жатқан жұмыстарды жүйелеу үшін әр бағыт бойынша бытыраңқы жүзеге асырылып жатқан жобаларды бір арнаға тоғыстыру қажет. Ал оны дайындауға, одан соң талқылауға бүкіл жастар және студенттер ұйымдарын, азаматтық белсенділер мен тәуелсіз сарапшыларды тарту маңызды.
Талантты жастардың креативті экономика құрудағы рөлінің маңыздылығы айрықша назарда. Өйткені креативті индустрия әлемдік экономикада ең жылдам дамып жатқан сегмент. Дамыған мемлекеттерде аталған сала ішкі жалпы өнімнің 10 пайызын құрайды. Осы ретте Мемлекет басшысы Үкіметке стратегиялық тұрғыдан маңызды саланы кешенді түрде дамыту жоспарын ойластыруды тапсырды. Президенттің пікірінше, оның негізін қалаушы бөліктің бірі ғылым, мәдениет және заманауи шығармашылық салалары бойынша Ұлттық білім хабы болуы қажет. «Таланттар фабрикасы» іспетті бұл орталық еліміздің барлық өңірлеріндегі дарынды жастардың кәсіби мамандардан білім алып, олардың шеберлік сағаттарына қатысуға жол ашады.
Жастардың әрқайсы Отанымыз жеткен жетістіктерге қатысы бар екенін сезініп, табыстарын мақтан тұтуы керек. Ол үшін біздің қоғамда да меценаттық пен қайырымдылықтың дәстүрін біртіндеп дамыту қажет. Қазір бүкіл әлемде ұжымдық ынтымақтастықтың бір түрі ретінде краудфандинг бағыты танылып келе жатыр. Ол азаматтардың қоғамдағы өзекті проблемаларды шешуге қатыстырудың негізгі бағытының бірі. Сонымен қатар, Astana Hub технопаркінің базасында бірыңғай краудфандинг тұғырнамасын жасаудың мүмкіндігін қарастыру керек. Мемлекет басшысы қолға алынатын шаралардың барлығы өзара көмек мәдениетін қалыптастырып, елімізді дамытуға жастардың тікелей атсалысуына бағытталатынын айтты. Сонымен бірге, тәуелсіздік ұрпақтары Қазақстанды әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің біріне айналдыратынына сенетінін жеткізді.
Ұлылар – ұлт руханиятының темірқазығы. 30 жылдыққа байланысты шаралар халыққа рухани серпіліс әкелуі қажет. Бұл ретте руханият саласындағы жұмыс бірнеше бағыттан тұрады. Ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың еңбегін насихаттау аса маңызды жұмыстың бірі.
«Биылғы мерейлі жылға бірнеше атаулы дата тұспатұс келіп отыр. Жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150 жылдығы, тағы басқа бірнеше тарихи тұлғаның мерейтойы. Біз былтыр Абай мен Әл-Фарабидың мерейтойларын өте мағыналы өткіздік. Олардың тұлғалық келбеті мен өмір жолы, еңбектері халыққа үлкен ой салды. Бұл тәжірибені алдағы уақытта да ұстанған жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ, биыл Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы ядролық сынаққа тыйым салу арқылы өз тағдырымызға өзіміз жауап бере алатынымызды көрсетіп, еліміздің әлемдік антиядролық қозғалыстың көшбасшысына айналғанын айтты.
Өзің білгенді өзгеге үйрет. Қазақстанның мемлекеттік нышандарына құрмет – отаншылдықтың көрінісі. Президент ел рәміздерін қолдану ережесін қайта қарауды тапсырғанын, қасиетті көк байрақты үй сыртына және басқа да көрнекті жерлерге ілуге тыйым салуға болмайтынын атап өтті. Ал қазақ тілін меңгеруді біртұтас ұлт болу жолындағы айрықша маңызды қадам деп бағалады. Сондықтан тіл үйренуге талпынған отандастарымызды бәріміз қолдауға шақырды.
«Мемлекеттік тілді білетін әрбір азамат қазақша үйренгісі келген досымен, әріптесімен немесе танысымен өз білімін бөліссін. Мұндай игі іс бір-бірімізге қамқорлықты арттырып, бірлігімізді нығайта түсері сөзсіз», – деді Мемлекет басшысы. Ал, ана тілімізді дамыту жайындағы ойын латын графикасындағы қазақ әліпбиімен түйіндеп, латын қарпіне көшіп жатқанымыз Тәуелсіздіктің жемісі екенін жеткізді.

Ой салар мерейтой
Тәуелсіздік тұғырына көтерілген еліміз Қазақстанның 30 жылдық айтулы мерекесі әр отандасымыздың көптен күткен тойы. Алайда, әлемде қалыптасқан ауыр жағдай думандатып тойлауға мүмкіндік бермей отырғаны белгілі.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында еліміз үшін, халқымыз үшін маңызы ерекше бірнеше мәселелерді қозғады.
Біріншіден, қазақ тойшыл халық екенін білеміз, салт-дәстүрлеріміздің көбі белгілі бір деңгейде той түрінде өтеді, оны біз ұлттық құндылық ретінде сақтап қалуымыз керек. Алайда, асыра сілтеп жатқан жеріміз жетерлік. Сондықтан халықтың нарықтық кезеңдегі әлеуметтік-тұрмыстық жағын бірінші орынға қойып, 30 жылдықты сылтау етіп, босқа ұрандатпай, нәтижелі жұмысқа кіріскеніміз жөн. «…Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды. Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек», – деген Президент сөзінің жаны бар. Себебі қазіргі қазақ қоғамындағы басты мәселе ұлттық идеология, ұлттық құндылықтарды жаңғырту болып отыр. Әрбір азамат тәуелсіздіктің құндылығын түсіне де, қастерлей де білуі қажет. Басты мәселе – осында.
Екіншіден, жастар мәселесі. Жастар – ел болашағы. «Мен жастарға сенемін» деп Мағжан ақын бекер айтпаса керек. «Су ағады, тас қалады, кәрі кетеді, жас қалады» деген қазақ мақалын ескерсек, әлемнің алдыңғы қатарлы 30 еліне қосылуымыз алдымен жастарға байланысты. Олардың білімі, ой-өрісі, пікірі, ұлттық болмысы біз үшін өте көкейтесті. Ел басшысы: «Ертең еліміздің абыройын асыратын да осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», – деді. «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас ұлттық жоба әзірленетін болды.
«Қына тастан шығады, өнер, білім жастан шығады» дейді атам қазақ. Қазақ елі – дарынды жастардың мекені. Оны қоғамның барлық саласынан, жастарымыздың жеткен жетістіктерінен көріп жүрміз. Сондықтан алға ұмтылған жастарға қолдау көрсету – мемлекеттің болсын, біз сияқты орта, аға өкілдерінің негізгі міндеті деп түсінемін.

Қалқаман ЖАҚЫП,
философия ғылымдарының кандидаты

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!