Жас шеберлердің қолтаңбасы
Н. Наушабаев атындағы мектеп-гимназияда көркем еңбек сабағы тек білім беру алаңы ғана емес, ұлттық мұраны жаңғыртатын шығармашылық ордаға айналған. Мұнда оқушы қыздар қолөнердің қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, өз қолдарымен ұлттық киімдер мен әшекей бұйымдарын жасап, ата-баба дәстүрін жалғастыруда.
Әсіресе, Наурыз мейрамы қарсаңында мектеп шеберханасында қызу еңбек басталады. Әрбір оқушы ерекше бұйым жасап, оны жақындарына тарту етуге асығады. Ұстаз Гульнара Жұмағұлқызы шәкірттеріне тігін мен кестелеуді үйретумен қатар, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті де дарытып келеді.
– Қолөнерге қызығушылығым бала кезден басталды. Анамның қолынан шыққан бұйымдарды көріп өстім. Бүгінде сол сүйіспеншілікті шәкірттеріме жеткізуді мақсат етемін, – дейді ұстаз.
Жуырда оқушылар ұлттық әшекей бұйымдарын жасауды қолға алған. Бұл жаңа бағыт ұстаз бен шәкірттерді бірдей шабыттандырған. Әрбір бұйымдағы ою-өрнек арқылы халықтың тұрмысы мен рухани әлемі көрініс табады.
8 «Б» сынып оқушылары Аружан Бейсен, Аида Жұмағазина және Айару Қуаныш үшін бұл өнердің ең қызықты тұсы – қиялға ерік беріп, жаңа дүние ойлап табу. Олар әр әшекейдің әдемілігімен қатар, мағынасына да мән береді.
Сырға, шашбау, шолпы, алқа секілді ұлттық әшекейлерді жасап жүрген оқушылар өз еңбектері арқылы тек өнерді меңгеріп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды жүректеріне сіңіруде.
Ұстаз бен шәкірттердің басты мақсаты – қазақтың қолданбалы өнерін сақтап, оны заман талабына сай дамыту. Өйткені ұлттық мұра – өткеннің ізі ғана емес, болашақтың да берік негізі.























Добавить комментарий