Жаңа заң мұғалімдерге не береді?
Өткен жылы елімізде көп талқыланып, жақында алғаш рет «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Құжат елдегі жарты миллионнан астам мұғалімнің құқығын қорғайды. Бұдан былай ұстазды заңсыз жұмысқа тартушылар, жөн-жосықсыз тексергендер, балағаттағандар 50 мыңнан 300 мың теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Апталық жүктеме азаяды. Енді 18 сағат емес, 16 сағат. Ақылы демалыс 42 күннен 56 күнге ұзартылды.
Педагог мәртебесін айқындайтын Заң негізі төрт бағытты қамтиды: ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту; мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту; материалды емес ынталандыру тетіктері; материалдық ынталандыру.
«Педагог мәртебесін арттыру оның қызметіне қойылатын талаптарды күшейтуді қажет етеді. Осы орайда заң жобасына сәйкес, педагогикалық жұмысқа жіберілмейтін себептер де кеңейтілді. Бұдан бөлек, мұғалімдердің этика мәселелеріне де көңіл аударылып отыр. Әр білім мекемесінде әдеп бойынша кеңестер институты енгізіліп, жұмыс істейді», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, жаңа заңда мұғалімдердің балаларына балабақшаға бірінші кезекте орын беру нормасы қарастырылған. Сонымен қатар, ауылдағы педагогтарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алу үшін басымдық берілмек. Білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін ер азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру нормасы да қарастырылған.
Құжатта көрсетілгендей, халықаралық байқаулар мен жарыстардың лауреаттарын, түрлі олимпиадалар мен спорттық сайыстардың жүлдегерлерін даярлаған педагогтарға 3 лауазымдық жалақыға дейін біржолғы сыйақы төленеді. Ал, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапатына ие болғандарға 1 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы сыйақы беріледі.
«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын иеленушіге 2 мың еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік грант тағайындалады. Магистр дәрежесі бар мұғалімге ай сайын 25 мың теңге, тәлімгерге ай сайын 17 мың көлемінде қосымша ақы қосылады. Сынып жетекшілігі және дәптер тексергені үшін төленетін ақы 2 есеге артады. Ғылыми атағы барларға да үстеме ақы белгіленген.
Заңдағы басқа да негізгі ережелерге тоқталсақ:
Мұғалімдерден заңда көрсетілмеген есептер мен ақпаратты талап етуге, жұмысына заңда көрсетілмеген тексеру жүргізуге тыйым салынады;
Педагогты заттар мен қызметтерді сатып алуға міндеттеуге болмайды;
Басқа адамдардың мұғалімнің кәсібіне заңсыз араласуына, кедергі келтіруіне тыйым салынады;
Ата-аналар мен оқушылар ұстазға құрметпен қарауы тиіс;
Мұғалім бес жылда бір рет біліктілігін арттыруға құқылы.
2020 жылы мектепке дейінгі ұйымда қызмет ететін мамандардың жалақысы 25 пайыз өсіп, төрт жылдың ішінде екі есе арттырылады. Бұл санаттағы мұғалімдер міндетіне кірмейтін функцияларға тартудан қорғау және жоспардан тыс есеп беруден босату көзделген. Айта кеткен жөн, бұл өзгерістер техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтарына да қатысты.
Аслан ҚАНҒОЖИН
Добавить комментарий