ЖАҢА ӘЛІПБИДІҢ ҮШ НҰСҚАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Жаңа қазақ әліпбиінде ч әрпі болмауы керек. Өйткені, кірме сөздер болмаса, қазақ тілінің төл сөздерінде аталған дыбыс кездеспейді. Бұл – латыннегізді әліпби нұсқаларын әзірлеген лингвистердің ұсынысы. Жақында Тобыл қаласында ғалымдар мен жергілікті зиялы қауымның қатысуымен латын графикасына негізделген әліпбидің жаңа нұсқалары талқыға салынды.
«Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың соңына таман Мәдениет және спорт министріне осындай тапсырма жүктеген еді. Осыған сәйкес, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мамандары қоғамдағы бірқатар ұсыныстарды ескеріп, латыннегізді алфавиттің үш нұсқасын әзірлеп шығарды. Нұсқалардың бәрінде ғалымдар ч дыбысын әліпбиден алып тастауды ұсынған.
«Қазақ тілінде ч дыбысымен келетін шеттілдік сөздер өте аз және олардың қолданылу жиілігі төмен. Мысалы, чемпион, чемпионат деген сөздерді ш әрпімен оқыса ешқандай қате болмайды. Ғалымдар қазақ тілінің ерекшелігіне сүйеніп, осындай ұсыныс айтып отыр», – дейді «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Жанна Жарасбаева.
Ұсыныс көпшілік тарапынан қолдау тапса, екі жыл бұрын бекітілген әліпбидегі 32 таңба біреуге кемімек. «Әліпбидегі әріптер санын әлі қысқартуға болады. Бұл ретте ІТ мамандардың уәждерін ескеру керек» дейді филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадық. Оның пікірінше, барлық дыбыстарды компьютер пернетақтасындағы 26 таңбаға сыйғызу керек.
«Егер 26 таңбаға дейін қысқарта алсақ, онда технологиялық жаңалықтарға да жақын боламыз. Осы мәселені ІТ мамандары жиі көтеріп жүр. Меніңше, қазақ тіліндегі ұ мен ү дыбыстарын бір таңбамен беруге болады. Біреуі жіңішке, біреуі жуан айтылғанымен, екеуі де еріндік дыбыстар. Сөйлегенде оларды бәрібір орнымен қолданамыз» деген қостанайлық ғалым Алмасбек Әбсадық ағылшын тілінде бір әріптің бірнеше дыбысталуы бар екенін алға тартты.
Жаңа әліпбидің екінші нұсқасында қазақ тіліне тән дыбыстарды ноқаттармен, диакритикалық белгілермен жазу ұсынылған.
«Диакритикамен берілген әріп саны – 8. Олар: ә, ғ, і, и, ө, ұ, ү және ш дыбыстары. Бұл – «бір дыбыс- бір әріп» приципіне сәйкес келетін жоба. Мұндағы монографтар саны – 31. Яғни, диграфтарсыз таңбалар. Ч мен щ алынып тасталған. Ұлттық тілдің 28 дыбысы толығымен қамтылған. Шеттілдік сөздердегі таңбалар үшеуге қысқарды. В, ф және һ таңбасы қалды. Бөгде әліпби жүйесіндегі белгілер жоқ, тек латынға негізделген әліпби жобасы», – деп таныстырды екінші нұсқаны «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының әдіскері Айнұр Нұрбекова.
Талқылауға жиналғандар жаңа әліпби жобаларының а және ә нұсқалары көңілге қонымды деген тұжырымға келді. Ал, үшінші аралас нұсқа ғалымдарға да, тіл жанашырларына да ұнаған жоқ. Себебі, бұл нұсқаның басты кемшілігі – цифрлық жүйеге сәйкес келмейді. Қазір жаңа жобаларды жалпыхалықтың талқылау республиканың барлық аймағында жүріп жатыр. Өңірлерден жиналған ұсыныстар елордаға, Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия қарауына жіберіледі.
Аслан ҚАНҒОЖИН
Добавить комментарий