Жүректерге құйылған нұр
Кісіге қайырым жасау, имани істерге қолғабыс ету – нағыз мұсылманға тән қасиеттер. «Бір жетімді басынан сипасаң, қырық періште қуанады» деген бар. Мейірімді, қайырымды жандарды үлгі ету арқылы қоғамды, жас буынды тәрбиелейміз. Осы орайда, аудан имамдарының ұйытқы болуымен жасалған істердің бірсыпырасына тоқталғымыз келіп отыр.
Жақында Надеждин ауылында намазхана ашылды. Бұл шара жергілікті ақсақалдардың өтінішімен, округ әкімі Орал Меңдекиновтің және, кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асқан еді. Әрине, мұндай игі істің басы-қасында ауданның бас имамы жүретіні белгілі. Намазхананың ашылуында Асылхан қажы Түсіпбек ауыл тұрғындарына уағыз-насихат айтып, келешекте оның қалай жұмыс істеу керек екені туралы толық түсіндірді.
– Мұхаммед с.ғ.с. пайғамбарымыз «Ясин» сүресін Құранның жүрегі деп бағалаған. Сондықтан, намазханаға осы сүренің атын бердік, – деді Қостанай ауданының бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек.
Осы Надеждин ауылында тұратын жалғыз басты анаға аудан мешіті азық-түлік сатып әперіп, бір кілем сыйға тартты.
Жаңа жыл қарсаңында Жамбыл ауылында үй өртеніп, бір отбасы бар мүлкінен айрылып қалған еді. Тілсіз жаудан зардап шеккен ерлі-зайыптыға Алтын дала ауылының молдасы Берік Хамитұлы бір кілем және 25 мың теңге ақшалай көмек көрсетті. Аудан мешіті де бір кілем берді.
– Мешітіміздегі Фатима ұстаздың Нұрлыгүл, Балжан есімді шәкірттері Надеждинде жаңадан ашылған намазханаға сауап үшін таспих, орамал, жайнамаз секілді заттар тарту етті. Кәсіпкер азаматтар ауылдағы қарапайым әйелдерден үлгі алса дейміз. Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды. Бастысы, ниеттің тазалығы керек. Фатима ұстаз туралы айта кетсем, ол Затоболда және Алтын дала ауылында қыз-келіншектерге діни дәріс беріп жүр. Оның шәкірттерінің алды Құранды арабша мәтінде оқуға түсіп жатыр, – дейді бас имам.
Маңдай батыр мешітінде де көз қуантар жұмыстар жасалды. Бас имам Асылхан қажы Түсіпбек жамағатты ұйымдастырып, Азамат, Арман, Тілеу, тағы басқа да азаматтар белсенді кірісіп, намаз бөлмесіне жөндеу жүргізілді. Алдағы уақытта ерлер мен әйелдер дәретханасын салу жоспарлануда. Бұл іске де демеушілер тартылса нұр үстіне нұр болар еді дейді имамдар.
Аслан ҚАНҒОЖИН
Добавить комментарий