Ойға жетелеген өнер сайысы

Ойға жетелеген өнер сайысы

Абай – қазақтың ұлы ақыны, философы. Оның философиялық ой-пікірі ХІХ ғасырдың екінші жартысында қалыптасты. Абай әйгілі шығыс классиктері мен ислам философтарының көзқарастарын жетік білді, сонымен бірге, ежелгі гректің атақты классигі Аристотельдің философиялық шығармаларымен, Сократтың еңбектерімен толық танысты. Дана тұлға кемеңгерлердің туындыларын оқып, өз дәуірінің алдыңғы қатарлы ой-пікірлерін қорытып, оларды қазақ өміріндегі аса маңызды мәселелерді түсіндіруге қолданды.

Осы кездегі қазақ қауымын толғандырған басты құдірет, жан мен тән, өмір мен өлім туралы болса, солардың барлығына Абай алға басарлық тұрғыдан жауап беруге тырысты. Өзінің бір алуан шығармаларын қара сөзбен жазған. Оның қара сөздері көркем шығарма түрінде емес, ақынның өзі көрген өмір сабақтары жайында ойларын, содан туындайтын даналық, философиялық түйіндерді жинақтаған публицистикалық үлгіде жазылған. Оның сөйлем құрылымы, сөз саптау өзгешеліктерін де осы мақсатпен туады. Көлемі шағын, мазмұны, мағынасы ауқымды, терең болып келеді. Кейбіреулері сұрақ-жауап түрінде, өзімен-өзі сырласу, оқырманмен кеңесу түрінде беріледі. Абай әлемі, оның өлеңдері мен қара сөздері бір халық қана, яғни, қазақтың рухани жан дүниесінің сәулесі болған жоқ. Ол әлемдік деңгейде талданып, үлкен сұранысқа ие болған шығармалар жиынтығы. Себебі, Абай әлемі кешегі парсы, араб, кейінгі орыс мәдениетімен ұштасып жатыр. Оған дананың өзі алған білімдері мен айтқан сөздері куә.
Абай адамдарды осы дүниеде игілікті еңбек етіп, өнер-ғылым тауып, өз тіршілігін оңалтып, рақат көруге насихаттайды. Халықты өнер-ғылым жолына жұмылдырады: «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба», «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» дейді. Дүние бір алып құрылыс, оған әрбір адам өз үлесін қосу керек деп тұжырамдайды: «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан, Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!» дейді.
Абай тұжырымдарын жас ұрпақ жаттап өсуі керек. Осы мақсатта Қостанай ауданында ерекше бір іс-шара өтті. «Абай дана, Абай дара қазақта» атты мектеп оқушылары арасында сахналық қойылымдар байқауы ұйымдастырылды. Ұлы тұлғаның 175 жылдық мерейтойына орайластырылған байқауға Мемлекеттік тілде оқытатын Заречный орта мектебі ұйытқы болды. Байқау музыка пәні мұғалімі Нұриден Қабыкеновтің Абайдың әні «Көзімнің қарасын» шалқыта шырқауымен ашылды.
Аталған байқауға 8 мектептің оқушылары қатысып, бақтарын сынады. Байқау барысында оқушылар Абай шығармаларынан үзінділерді сахналап, көркем сөз оқу, актерлік шеберліктерін көрсетті. Үзілістерде Абай атамыздың әндері шырқалып, көрермендер көңілдері тебіреніп, ерекше күйге бөленді.
Әділқазылар алқасының шешімімен жарыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды Н.Наушабаев атындағы Затобол мектеп-гимназиясының оқушылары иеленсе, болмашы айырмашылықпен екінші орынды Мемлекеттік тілде оқытатын Заречный орта мектебінің өнерпаздары қанжығалады. Үшінші орын Қадыр Каримов атындағы орта мектептің еншісіне бұйырды.
Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеуді дайындау және өткізу жөніндегі жоспар осы іс-шарамен шектелмей, ауданымыздың білім беру ұйымдарында өз жалғасын табады дейді ұйымдастырушылар.
Асыл ҚАСЫМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!