Шара МУСИЛОВА: «Ана образы – орасан зор жауапкершілік»
Өнері өміріне айналған жан. І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының актрисасы Шара Мусиловамен сұхбаттасқаннан кейін осы тіркес тіліме орала берді. Оның өнерді, театрды қалай сүйетіні әр сөзінен аңғарылып тұрды. Ағынан жарыла сөйледі. Әңгіме барысында басынан кешкен қайғылы жағдайды да айтып берді.
– Шара апай, Қостанайға ауысқалы бері 50-ден астам рөлді сомдапсыз. Жалпы, қанша рөлде ойнағаныңыз есіңізде бар ма? Олардың ішінде қай образдарды ерекшелеп айтар едіңіз?
– Айналайын, оның бәрі есімде жоқ. Қостанай сахнасында ойнаған рөлдерімнің алғашқысы – Қайыпберген аға Есенғұлов сахналаған «Әке тағдыры» қойылымындағы Зура. Сол есімде. Одан кейін Сәкен Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» пьесасында Гүлсім деген мектеп директоры болдым. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклінде Қарабайдың әйелі Күнікейді ойнадым. Оның бәрі өзінше бір ерекше кейіпкерлер.
Елу жасыма арнап С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» қойылымы сахналанды. Басты кейіпкер Гүлбаршынды ойнадым. Алпыс жасыма байланысты қойылған «Қызыл алмада» Құрбан апаның рөлі берілді. Негізінде, елу жасымда Дулат Исабековтің «Әпке» драмасындағы Қамажай сияқты рөлдерді ойнағым келген. Бірақ, сол кезде репертуарымызға лирикалық драма керек болған соң, Қонысбек Бегайдаров, Мейрам Жапаров, Қабдолмәжит Иманов сынды мықты актерлік құраммен «Ең әдемі келіншекті» алып шықтық. Барынша сезіммен, жастық шақтағы көңіл-күймен ойнауға тырыстым. Бұл рөлім сонысымен ерекшеленді дей аламын. Ал «Боздаған бойдақтар» комедиясындағы Мәми – шапшаңдықты, энергияны қажет ететін кейіпкер.
– Театрдағы ана образы жайы нда айтыңызшы, ол сізге қандай жауапкершілік жүктейді?
– Жауапкершілігі орасан зор. Жан дүниеңнің тереңдігін талап ететін образ. Дауыс, тілдің тазалығы, ой, мейірім, үлкен аналарға тән салмақты қимыл-қозғалыс, осының бәрін үйлестіре білу керек. Байқасаңыз, әжелер тізесін уқалап отырады. Сосын үлкен кісілер көбіне әңгіме тыңдағанда бетіңе бажырайып қарамайды, назарын басқа жаққа салып, ойға шомады. Бұлар ана образын аша түсетін іс-қимылдар. Мейлі комедия, мейлі драма болсын, ана образында бір өнеге болуы тиіс.
Әр образға әртүрлі мінез бересің. Жалпы, образ дегеннің өзі характер. Бір-екі рет шығатын елес-рөлдер болады. Мысалы, «Әнім сен едің» қойылымындағы Шәмшінің анасының аруағы. Бір-екі шыққанның өзінде ана махаббатының, мейірімінің қандай екенін білдіруге, сездіруге тиіссің. Әр сөзді өте нәзік те қуатты үнмен жеткізесің. Шәмші қайғырып, қиналып жатқанда аруақ-анасы былай дейді: «Балам! Жан ботам! Неге сонша жабырқадың? Жасаған, жан баламды жабырқағын!». Мұны жай оқи салса, әсерлі шықпайды. Ал, оны дауыс мәнеріне салып айтсаң, көрерменді сендіресің. «Бесік жырын» айтатын жері бар, оны да мұңға салмай, оңашада бала тербетіп отырғандай, асықпай орындадым. Бұл – бала жүрегіне тыныштық орнатқысы келген ана мейірімі. Осының бәрін түсіну үшін ізденіс керек. Ана образының жауапкершілігі орасан зор деп отырғаным осыдан.
– Бір кейіпкеріңіз екін- шісіне ұқсап кететін кездер болады. Сізде ондай рөлдер болды ма?
– Режиссер сізге рөлді береді, оны дұрыс алып шығу өзіңе байланысты. Ол әртістің біліміне, тәжірибесіне, ой-өресіне де қатысты. Сондықтан, әртіс болу – оңай емес, қарағым. Біз қанша жыл ойнасақ та, әлі күнге дейін шатасамыз, сөзімізді ұмытып қалатын кездер де болып жатады. Бір кейіпкерің екінші рөліңе ұқсамасын, мизансценаға шыққан кезде іс-қимылдарың қайталанып кетпесін дейсің, бірнәрселер іздейсің. Бірақ, бәрібір қайталанады. Өйткені, сен бір адамсың ғой. Бүкіл әртіс солай.
– Жоғарыда театрдағы ана образы туралы сұрадық. Ал, үйде қандай анасыз? Балаларыңыз өнер жолын қуды ма? Отбасыңыз жөнінде бірер сөз айтсаңыз.
– Менің отбасымда өнерге келген адам жоқ. Жайық елінің келінімін. Шүкір, таланыма орай жақсы азамат кездесіп, жұбайыммен 46 жыл отасып келемін. Мінезімді, өнерімді түсінді. Маған ешқандай кедергі келтірген жоқ, қайта рухтандырып, қолдап отырады.
Кішкентайында бала деген жиі ауырады ғой. Балабақшаға апара алмаймыз. Сондай кездерде күйеуім жұмыстан қалатын көбіне. Өйткені, мен театрға бармай қалсам, жұмыс тоқтап қалады. Ол кезде актерлер аз, екі құрам деген жоқ. Жұбайым сондай шақтарда түсіне білді. Үйде менің өнеріме қатысты ұрыс-керіс мүлде болған емес.
Екі ұлым бар. Бес немерем, бір шөберем бар. Қызым 17 жасында жол апатынан көз алдымда қаза тапты. 38 жаста едім. Қайғыны көтере алмай, біраз теңселіп қалдым. Өмірде жоқты театрдан, театрда жоқты өмірден тауып, әйтеуір сабырға келдім.
Шешем 45 жасында көз жұмып, 12 жасымда жетім қалған едім. Әкем алты баланың жағдайына қарайлап, үйленбеді. Жетімдікті көп көріп, ерте ширадым. Соған байланысты ма, бірбеткей мінезім де бар. Осы қалпымды қабылдап, түсіне білген жұбайыма рақмет.
Үлкен ұлымның тұңғыш қызын бауырымызға басып, оны ұзаттық. Қазір бір шөбере сүйіп отырмыз. Құдайға тәуба, өзімді бақытты ана деп санаймын.
Екінші ұлым кішкене кезінде өнерге жақын болған. Театрда бір-екі рөлде ойнады. Кейін басқа салаға кетті. Қызығы, соның баласы – бес жасар немерем өзіне тартып туған өнерлі.
– Тұңғышбай Жаманқұлов: «Театрға сау болып барған адам ауру, ауру болып барған адам сау болып шығуы керек», – депті. Бұны бір сөзбен айтсақ, театр адам жанының емшісі немесе өзегіне ой салушы дегені ғой. Сіз театрдан қалай шығасыз?
– Жастау кезімде бір әртістің әрекетіне қарап тұрып «осы кісінің есі дұрыс па өзі?» деп қалыппын. Оны естіген әріптесім «өзің сап-саумын деп тұрсың ба?» деп ойландырып тастады. Біздің істеп жүрген тірлігімізді сырттан көрген адам басқаша түсінуі мүмкін. Бұрын, бірде Арқалық театрында бір үлкен қойылымға әзірлік жүріп жатқан. Көрермен залының жарығы сөндірулі. Бір танысым кіріп кетіп, дайындығымызды көріп отырыпты. Жаттап алмайынша сөздерді қайталай береміз ғой, әлгі танысым шыдамай жаныма келіп «жұмыстарыңның түрі осы ма?» дегенде бәріміз аңтарылып қалдық. Сөйтсек, әлгі кісі ептеп ұрттап алған екен…
Біз көбіне ой үстінде жүреміз. Әсіресе, салмақты, трагедиялы бір образ берілгенде. Оған жүрек, денсаулық шыдай бермеуі мүмкін. Бұл өнердің өзі дерт. Одан кете алмайсың. Сахнада бір шағын эпизод ойнап шықсам, адам болып қалам. Кәдімгідей үлкен бір жұмыс бітіргендей. Сахнаның құдіреті сонда. Киелі дейтіні де сол.
Бұл жердің иісі бөлек. Сахнада ешқандай терезе жоқ. Актерлердің маңдай тері, гримнің, бояудың иісі, бәрін сіңірген орын. Жазғы демалысқа кеткенде осы иісті қатты сағынам. Оны сезінбейтін әртістер де бар. Міне, ауру не сау екенімізді осы сөздерімнен-ақ білерсің, айналайын.
Үйде отырып қалсам, «театрсыз қалай күн көрем, сахнаға шықпасам не болам» деп кейде қорқамын. Құдай бетін аулақ қылсын.
(Осы сәтте Шара апаның көзінен мөлтілдеп жас тамып кетті).
– Театрдағы жас буын туралы не дер едіңіз?
– Театр өнері өмір бойы ізденісті талап етеді. Рөл алған сайын сезесің оны. Сондықтан, маған да біреулер көрсетіп, ескертіп тұрса дейтін кездер болады. Қоныс-
бек замандасым, Шаһарбанум апамыз кеңес айтады маған. Кейде өзім сұраймын. Жастардың да осындай болғанын қалаймын. «Былай істеген дұрысырақ» немесе «мына жерде даусыңды былай шығар» деп ескертіп қоямын. Оны көтеретін, қабылдайтын жастар да бар, жүре тыңдайтындары
да бар.
Олжас Бегайдаров – жақсы актер. Рақметін айтып, ақыл-кеңесіңді жылы қабылдайды. Бұл қатарға Асылан Кенжетайды, қыздардан Жібек пен Диананы қосуға болады. Жалпы алғанда, театрдағы жас буынға ризамын.
– Уақыт бөліп, ақтарыла әңгімелескеніңіз үшін рахмет!
Аслан ҚАНҒОЖИН
Добавить комментарий