Өрендер өнерімен өрнектелген күн
Мичурин орта мектебінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында бірқатар іс-шаралар өткізілуде. Жақында бастауыш сынып оқушылары арасында «Тілім – менің тірегім» атты салтанатты сап түзеуде оқушылар түрлі ұлттық киімдер киіп, әр халықтың салт-дәстүрлері мен өнерлерін көрсетті.
Толерантты тұлға қалыптастыру үшін баланың мәдениет туралы танымын кеңейтіп, әртүрлі халықтардың әдет-ғұрпымен таныстыру, оларды құрметтеуді үйрету маңызды. Алайда, өз елінің, ұлтының құндылығын дәріптей білуі шарт. Мектеп ішінде өткен іс-шарада осы қағида ұстаным етілді.
Бірінші сынып оқушылары салтанатты сап түзеуге жап-жақсы дайындалыпты. Олар тіл туралы өлеңдерді жатқа оқып, көпшілікті сүйсінтті. Екінші және үшінші сыныптың оқушылары да тыңғылықты әзірленген. Әлем халықтарының билерін көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әртүрлі тілдерде ән айтып, жұртшылықты таңғалдырған төртінші сынып оқушыларына да қошемет ерекше. Өнерлі балғындарға ұстаздары «бәрекелді» десті.
Кеш соңында барлық балалар ел бірлігі және байлығының символы ретінде ортада шаңырақ көтеріп, «Менің Қазақстаным» атты әнін қосыла шырқады. Патриоттық сезімдерін нығайтатын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы осындай іс-шаралардың жеткіншектерді тәрбиелеуде маңызы зор» дейді бастауыш сынып мұғалімдері. Думанды жиын алдағы уақытта жалғасын табатын болды.
Гүлнар МОЛДАЖАНОВА,
Мичурин ОМ директордың
оқу-тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары
Добавить комментарий