Қоғамның шимай жазуы… (16+)
Осы жылдың алғашқы тоқсанында синтетикалық есірткімен айналысушылар 24% өскен. Бұл деректі Қостанай облыстық ЖИТС-пен (СПИД) күрес және алдын алу орталығы ұсынып отыр. Есірткі бизнесінің етек жайып кетуіне көшелердегі жарнамалар себеп. Жамандыққа үгіттеген жазулар әсіресе қалаларда көп. Құқық қорғаушылар мен еріктілер өшіріп әлек, алайда, қылмысқа баратындар айла-амалын асырып жатыр.
Көп қабатты үйлердің қабырғаларынан, сақалды ғимараттар сыртынан түсініксіз жазуларды жиі байқайтын болдық. Кейде орыс тілінде «скорость» деп жазып, әлеуметтік желілердегі парақшаларға сілтемелер келтіріледі. Әрине, қаптаған құпия таңбалар мен «жылдамдықтың» нені білдіретінін бүгінде көпшілік біліп қалды. Бұл – нашақорлардың «сәлем хаты». Алаңдататыны – кейінгі уақытта «жолдамалар» жиілеп кетті.
Нашақор дегенде, синтетикалық түрін, яғни, «spice» деген жалпылама атқа ие еліткіш заттарды қабылдаушыларды айтып отырмыз. «Spice» – ағылшын тілінен аударғанда, «дәмдеуіш» деген мағына береді. Шөп немесе ұнтақ түрінде сатылатын зиянды зат бізге Ресей мен Қытайдан жеткізілсе, ол жаққа Еуропадан тасымалданатын көрінеді. Тиісті органдар трафикпен арпалысып әлек. Алайда, синтетикалық болған соң, күніге химиялық формуласын өзгертіп, есірткі заттарының жиынтық кестесіне кірмей, «қосынды» шекараны еркін асып өтеді. Көршілес елдер жолын қанша кесеміз дегенімен, спайс саудасын қыздырғандар басқа амалдарын тауып кетіп жатыр. Мысалы, Ресейде еліртпе «дәмдеуішке» қатаң тыйым салынған. Алайда, «тұздық» эпидемиясы жер-жерін жайлап алған. Оның зардабын шеккендер де аз емес. Өзін батыр сезініп, көп қабат үйден секіргендер, аласұрып басын тас-темірге ұрғандар, өкіріп-бақырғандар туралы бейнероликтерді интернеттен оңай табасыз. Артық дозадан көз жұмғандар да жеткілікті. Ең қорқын- ышты жағдай, жантүршігерлік оқиға Бурятияның Улан-Удэ қаласында тіркелген. Бір ер азамат спайсты қабылдаған соң, үш айлық қызын сойып, жүрегін жеп қойған. Араша түспек болған әйелін өлтіре сабап, сәбидің өлі денесін анасының жатырына қайта салмақ болған. Есінен адасқан күйеуінің қолынан әрең қашып шыққан әйел көршілерінің үйіне барып, полицей шақырыпты. Белгілі болғандай, қылмыскер синтетикалық есірткіні ғаламтор арқылы сатып алған. Құдай бетін аулық қылсын, мұндай оқиға біздің облысымызда да, елімізде де тіркелген жоқ.
Сананы улап, мыйды кептіретін зиянды еліткіш дәрінің әлемде 240-тан астам түрі бар екен. Препараттар ашықтан-ашық ғаламторда сатылып жатыр. Біз жоғарыда айтып өткен «сәлем хаттар» мен оның сілтемелері көмегімен кез келген адам сайтты ашып, тапсырыс бере алады. Ортадағы делдалды да ұстау мүмкін емес.
Жалпы, елімізде синтетикалық есірткі ұғымы алғаш рет 2009 жылы пайда болды. Денсаулық сақтау министрлігі 2010 жылы әртүрлі микстерді ел аумағына әкелуге тыйым салған-тұғын. Бірақ, тасымалдауға тосқауыл қойылғанмен, есірткілер тізіміне енгізілмеді. Психотроптық микстерді («Genie», «Sen Cation», «Damiana chocolate», «Jan Rush», «Spice», «Effie») сатудың алғашқы фактілері Алматыда тіркеліп, құрамынан химиялық каннабиноид (JWH) табылды. Ең қауіптісі де осы – каннабиноидтар.
Бұл мәселені жерлес әріптестеріміз де жиі көтеріп жүр. Мысалы журналист Ольга Горай бірер жыл бұрын журналистік зерттеу жүргізген еді.
«Спайсты біздің қалада да сатушылар бар екен. Біз ғаламтор әмияны арқылы 4 мың теңгеге есірткіні сатып алдық. Алайда, олар бізбен тікелей кездеспей, алдын ала тұздықты тыққан жерін айтты. Бардық, шынымен де таптық. Осындай тәсіл оларды ұстап алуға еш мүмкіндік бермейді. Синтетикалық есірткіні құзырлы органдарға тапсырып, тексерттік. Олар еліткіш заттың құрамы әркез өзгеріп отыратынын айтты», – дейді тілші.
Иә, аталмыш сауданың ұршығын иіргендердің көбіне құтылып кетіп жүргені де сол: есірткінің формуласын өзгертіп отырады, тек ғаламтор арқылы ғана байланысқа шығады. Облыстық полиция департаменті берген мәліметке сүйенсек, синтетикалық есірткіні жарнамалағаны үшін жауапкершілікке тартылған бір жағдай жақында тіркелген. 9 шілде күні Рудный қаласында жүргізілген «Көкнар-2019» және «Өрмек» жедел алдын алу шаралары кезінде полиция қызметкерлері екі жасөспірімді ұстаған. 17 және 19 жасар бозбалалар автобус аялдамаларына жарнама жазып жүріп қолға түскен. Қазір екеуі де тергеліп, оларды қылмысқа тартқандар іздестіріліп жатыр.
«Рудныйлық жасөспірімдер ақша тапқысы келгеннен осындай қадамға барған. Бір үйдегі жарнаманы көріп, олар сондағы сілтеме арқылы бейтаныс біреумен байланысады. Сөйтіп, екі тарап шамалы сомаға келіскен», – деді департамент берген хабарламада.
Ғаламтордағы психобелсенді препараттардың жарнамасына тосқауыл қою жұмыстары, Рудныйда ғана емес, өзге өңірлерде де үнемі өткізіліп тұрады. Мысалы, есірткі саудасының алдын алуға бағытталған «Допинг», «Арна» сынды арнайы шараларды айта кетуге болады.
Аталған есірткілердің жарнамасы ЖИТС, АИВ кеселдерінің өршуіне әсер етеді деп қауіптенеді мамандар.
«Бүгінгі таңда нашақорлық мәселесі өте өткір тұр. АИВ-инфекциясын жұқтыру жөнінен біздің облыс республика бойынша алтыншы орында. Деректерге зер салсақ, өңірде тіркелген 2229 жағдайдың 44,9%-ы парентералдық және 42,3%-ы жыныстық жолмен жұқтырған. Бұрын героин еді, енді синтетикалық наша түрлері шықты. Бұлар бір пайдаланғаннан тәуелді етіп тастайды. Есірткіден жеңілген адам АИВ дертін оңай жұқтырады», – дейді Қостанай облыстық ЖИТС-пен (СПИД) күрес және алдын алу орталығының өкілі Инна Соколова.
Қостанай облысында психобелсенді препараттардың саудасы қызған кезең – 2018 жыл. Оған кейінгі цифрлар дәлел. Мысалы, 2017 жылы АИВ инфекциясын жұқтырғандар арасында 4%-ы ғана синтетикалық есірткіге еліткендер болса, 2018 жылы – 27%, 2019 жылы 51,4%-ға жеткен.
Қазір зиянды зұлымдықпен мейлінше күресіп, азаматтарымызды ақпараттандыру маңызды. Бұл мәселемен тұрғындар қаншалықты таныс?
Есен Жоламанұлы, Затобол кентінің тұрғыны:
– Қостанай қаласындағы көшелерде түрлі шимайларды жиі көреміз. Затоболда екі-үш жерден аңғардым. Олардың есірткіге қатысы бар екенін білмейді екенмін. Екі немерем өсіп келеді. Солар үшін алаңдаймын. Жамандықтан аулақ жүріңдер деп балаларыма ескертіп отырамын. Меніңше, профилактикалық іс-шараларды көбейту керек.
Ерлан Тұрмышов, Заречный ауылының тұрғыны:
– Ауыл жастары жұмыс таппай жүріп, ақша табудың оңай жолы осы екен деп, есірткі жарнамасымен айналысып кетпесін. Осыдан қауіптенемін. Менің ұсынысым – әрбір учаскелік полицей ауылынан қалаға аттанған жастардың тізімін жасап, олардың не істеп жүргенін бақылап, орталыққа хабар беріп отыруы шарт. Ата-аналар да балаларына ие болсын.
Данияр Омар, Қостанай қаласының тұрғыны:
– Үйлердің сыртындағы есірткі жарнамаларын өшіріп жүретін бір таныс ағай бар. Қазір өзім де ондай жазуларды өшіріп не үстінен бояп кетуді әдетке айналдырып келемін. Әркім өзінен бастауы керек.
Асыл ҚАСЫМ
Добавить комментарий