Үміттер мен жетістіктер

Үміттер мен жетістіктер

2019 жылы облыста мектеп бітірген 4 мың 800 жеткіншектің 186-сы «Алтын белгіге» үміткер. Олардың екеуі Н.Наушабаев атындағы Затобол мектеп-гимназиясының түлегі. Биыл аталмыш оқу ошағынан 41 бала орта білім алып шықты.

«Бүгін Қостанай ауданында 328 түлек оқу бітіріп жатыр. Бірақ, мектеп олармен қоштаспайды. Өйткені, түлектерді әлі біраз сынақтар күтіп тұр. Алдымен мемлекеттік емтихандарын тапсырып, содан кейін Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Түлектер, сіздерге тілейтінім – сол сындардан сүрінбей, қалаған оқуларыңызға түсіп, армандарыңызға жетіңіздер!», – деді соңғы қоңырау салтанатына қатысқан аудандық мәслихат депутаты Ажар Ақсауытова.
Мерекелік жиынға осы мектептің ашылуына үлес қосқан азамат және тұңғыш директоры Садық Төленовтің ұрпақтары да қатысып, озат оқыған, жетістіктерге жеткен 22 оқушыға арнайы мадақтамалар мен ақшалай сыйлықтар табыс етті.
«Аман болса, биыл әкеміз 90 жасқа толар еді. Оның еңбегін ұмытпаған мектеп ұжымына алғысымыз шексіз. Өзі ашқан білім ошағының қабырғасына ескерткіш тақта орнатылғаннан кейін біз, балалары осында оқитын үздіктерді жыл сайын марапаттап отыруды шештік», – деді Абрек Төленов.
Садық Байғазыұлының аудан үшін еткен еңбегі ұшан-теңіз. Талай жыл партияның ұйымдастыру, басшылық қызметтерін абыроймен атқарды. Ауданның эмблемасын ойлап тапты. Қазақтың отыздан астам ұлттық ойынын зерделеп, ол туралы екі тілде (қазақша, орысша) жинақ шығарды. «Край мой родной» деп аталатын жинағында туған жерінің тарихына деген құрметін, шексіз махаббатын көруге болады. Бұл еңбегінің бір данасын өзі негізін қалаған мектептің ашылуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тарту еткен болатын.
Іскер азаматты жерлестері төбесіне көтеріп, ардақтай білді. Адал қызметі үшін «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен және көптеген алқалармен марапатталды. Сондай-ақ, республикалық дәрежедегі зейнеткер, Затобол кентінің құрметі азаматы атанған. Қайраткер тұлға 2013 жылдың 27 желтоқсаны күні 85 жасқа қараған шағында өмірден озды…
Н.Наушабаев атындағы Затобол мектеп-гимназиясының басшысы Айткүл Әлімова салтанатты жиындағы баяндамасында тұңғыш директордың жасаған еңбегін атап өтіп, қолдау көрсеткен балаларына ұстаздар мен ата-аналар атынан алғыс білдірді.
2018-2019 оқу жылында аталған оқу ошағында 738 бала білім алды. Оның ішінде 94 оқушы үздік оқығаны үшін мақтау қағаздарын иеленді. 41 түлектің екеуі «Алтын белгіден», біреуі үздік аттестаттан үмітті. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 33 оқушы ниет білдірген. Яғни, олар мемлекеттік грантты ұтып алуға талаптанып отырғандар. Таңдаулары әртүрлі, бірақ, көбісінің қалауы – медицина, филология, заң, экономика сияқты мамандықтар.
«Ағылшын тілінен аудармашы болсам деймін. Бақылау сынақтарынан 120-ға жуық ұпай жинап жүрмін. Демек, грантқа үміт бар. Нұр-Сұлтан мен Алматыда оқығым келеді», – дейді «Алтын белгі» үміткері Жанерке Құлахметова.
Асыл ҚАСЫМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!