Михаил ДӘУЕНОВ: Мемлекеттің келешегі үшін өте маңызды
Қостанай қаласының құрметті азаматы, ҰҚК ардагері, заң ғылымдарының докторы, генерал-майор Михаил Дәуенов Қазақстанда болып жатқан саяси өзгерістер, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі турасында пікір білдірді.
«Одақтың кезінде етектегі ел едік. Затымыз бар, атымыз жоқ халық едік. Тәуелсіздік алғаннан кейін тұңғыш президентіміз оң бетбұрыстар жасап, қазақ атымыз ғана емес, мемлекет ретінде де даңқымыз асқақтады. Осы 27 жылдың ішінде дамушы елу елдің қатарына қосылып, енді отыздықты көздеп отырмыз.
Ең баса айтатын мәселе – мемлекетті құру. Ол оңай шаруа емес. Шекарасын шегендеп, халықаралық құқықтық жағдайға келтіру -бұл өте жауапты жұмыс. Тағы бір ауыз толтырып айтар жетістік – жеке мемлекет болған он жылдың ішінде Семей полигонын жауып, атом қаруынан бас тарттық. Осылайша, Қазақстанның негізгі саяси ұстанымы айқындалды», – дейді Михаил Юсупұлы.
ҰҚК ардагері тәуелсіз еліміздің арнаулы қызметінің қалыптасып, дамуына үлкен үлес қосқан азамат. Генерал-майор М.Дәуеновтің жан-жақтылығы, іскерлігі баспасөз беттерінде көп жазылды. Құқық қорғау саласының ардагері бүгінде А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ ректорының кеңесшісі қызметін атқарып жүр.
Ол әңгіме барысында тұңғыш президенттің ішкі, сыртқы саясаттағы орасан зор еңбегін атап өтті.
«Тұңғыш президент тәуелсіздіктің алғашқы жылдары әлемдегі ірілі-ұсақты барлық елдермен келіссөз жүргізіп, қомақты инвестиция тартты. Кеңес Одағының құрамында болған басқа мемлекеттердің басшылары бұлай істей алған жоқ. Дүниедегі үш алпауыт елмен жылы қарым-қатынас орната алдық. Ислам мемлекеттерімен де
әңгімеміз түзу.
Тағы бір дана шешімі ішкі саясатта көрінді. «Әуелі экономика, содан кейін саясат» деген ұстанымы елдегі әлеуметтік жағдайды жақсартуға зор ықпал етті. Қазіргі табыстарымызды көптеген ұлттар мен ұлыстарды, әртүрлі дін өкілдерін біріктіре білгенімен де байланыстыруға болады. Тыныштықтың, ынтымақтың сақталуы – Елбасы
еңбегі.
Назарбаев – халықаралық деңгейдегі саясаткер. Талай мінберлерде дүние жүзін тыныштық пен бейбіршілікке шақырып, өзін әлдеқашан мойындатқан. Әлем сарапшылары Қазақстанды Орта Азиядағы мықты ел ретінде таниды және сенеді. Оның бір айғағы – 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитін өткізуіміз. Бұл – Азияда болмаған оқиға. Сондай-ақ, ЕХРО-2017 халықаралық көрмесін ұйымдастыру мәртебесінің берілуі де бізге деген үлкен сенімнің белгісі», – деді ол.
Оның пікірінше, Елбасы президент лауазымынан кеткенімен, ішкі, сыртқы саясаттағы мәселелерге әлі де ат салысуы тиіс. Іс басындағы шәкірттері оның тәжірибесіне сүйенуі тиіс деп санайды.
«Парламент палаталарының бірлескен отырысында айтылған әңгіме, жасалған құрмет, оның бәрі тұңғыш президентке жарасады, лайық. Біз өзімізді бақытты халықпыз деп есептеуіміз керек. Әлемнің әр бұрышында аштықтан, соғыстан, діни көзқарастардың қайшылығынан немесе басқа да кикілжіңдерден қаншама адам қырылып жатыр. Отансыз, елсіз қалған босқындар қаншама. Осы жағдайлардың бәрі бізді шүкірлік етуге шақырып тұрғандай. Осындай тарихи кезеңде ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолын, нақылын еске алуымыз керек. Кешегілер бірліксіз ештеңе бітпейтінін, ынтымақсыз ырыс қонбайтынын айтып кетті. Қазіргі шешімдердің бәрі сабырман қабылдау – еңсе тіктеген мемлекеттің келешегі үшін өте маңызды», – деп ойын түйіндеді қостанайлық ардагер.
Аслан ҚАНҒОЖИН
Добавить комментарий