Экология – ортақ жауапкершілік: Астанадағы маңызды диалог

Экология – ортақ жауапкершілік: Астанадағы маңызды диалог

Астанада 22-24 сәуір аралығында Өңірлік экологиялық саммит өтті.

Аймақтық экожүйені сақтау, су және жер ресурстарын қорғау әрі бірлесе пайдалануды мақсат еткен жиынға Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух, Грузия Президенті Михаил Кавелашвили, Әзербайжан Премьер-министрі Али Асадов, БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ли Цзюньхуа, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының директоры Ингер Андерсон, сондай-ақ БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Татьяна Молчан қатысып сөз сөйлейді.

БҰҰ және өзге де халықаралық ұйымдармен бірлесіп ұйымдастырылған диалог алаңында экожүйелерді, су және жер ресурстарын қорғау, қалпына келтіру әрі тиімді пайдалану бойынша кешенді саясат қалыптастыру, сондай-ақ Орталық Азия өңірінің биоалуантүрлілігін сақтау мәселелері талқыланды.

Саммитте сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі әлемнің күрделі кезеңде тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі аумалы-төкпелі жағдай өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа елеулі әсер етіп, миллиондаған адамның өмір сапасына кері ықпалын тигізуде. Соның салдарынан даму жолындағы күш-жігер мен ресурстар экологиялық мәселелерді шешуге толық бағытталмай отыр.

Президент халықаралық қоғамдастықтың рөліне ерекше тоқталып, Біріккен Ұлттар Ұйымы әмбебап диалог алаңы ретінде маңызын сақтап отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, БҰҰ Жарғысының қағидаттарын селективті түрде қолдануға болмайтынын, оның ережелері мүлтіксіз сақталуы тиіс екенін атап өтті. Қазіргі өзгерістер дәуірінде халықаралық институттардың тиімділігі мен беделін сақтау қажеттігіне назар аударылды.

Мемлекет басшысы экологиялық саясатта әділеттілік қағидатының маңызын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, дамушы елдердің қажеттіліктері жиі ескерілмей жатады. Ал дамыған мемлекеттердің қазіргі экологиялық стандарттарға ұзақ индустрияландыру үдерісі арқылы жеткенін ескере отырып, жаһандық экологиялық модель әділ әрі теңгерімді болуы тиіс.

Президент қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық мемлекеттерді бөлмей, керісінше біріктіруі керектігін айтты. Бұл үдеріс өзара сенім мен жауапкершілікке негізделуі тиіс, ал елдер бір-бірін айыптаудан гөрі нақты әрекеттерге көшуі қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев табиғат пен геосаясаттың өзара байланысына тоқталып, елдердің біртұтас экожүйеде өмір сүретінін атап өтті. Осыған байланысты су ресурстары, климаттық өзгерістер мен табиғи қауіп-қатерлер барлығына ортақ, демек жауапкершілік те теңдей бөлінуі тиіс.

Президент Орталық Азия өңіріне тән негізгі экологиялық сын-қатерлерді нақты атап өтті. Олардың қатарында су тапшылығы, су ресурстарын тиімсіз пайдалану, шөлейттену, мұздықтардың еруі, ауаның ластануы және биоалуантүрліліктің жойылу қаупі бар. Бұл мәселелерді шешу үшін күш біріктіру қажет екені айтылды.

Қазақстанның экологиялық саясатына тоқталған Президент қоршаған ортаны қорғау елдің мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Жаңа Конституцияда бұл қағидат нақты бекітілген. Қазақстан экологиялық таза энергияға көшу, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, биоалуантүрлілікті сақтау және өңірлік ынтымақтастықты нығайту бағытында нақты шараларды жүзеге асыруда.

Энергетика саласында жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар көміртексіз энергетиканы дамыту, атом энергетикасын енгізу және өндірістік нысандардан шығатын зиянды қалдықтарды азайту жұмыстары жүргізілуде.

-Қазіргі уақытта Қазақстанда электр қуатының 7 пайыздан астамы жаңартылатын энергия көздерінен алынады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 15 пайыздан асыруды жоспарлап отырмыз.
Біз мұнай-газ қоры мол мемлекеттердің қатарына кіреміз. Соған қарамастан, еліміз орнықты энергетика мақсаттарынан айнымайды.

Әлемдік уран экспортының шамамен 40 пайызын қамтамасыз ететін Қазақстан көміртексіз электр энергетикасын дамытуды құптайды.

Бүгінде алғашқы атом электр станциясының жобасын пысықтап жатырмыз. Сонымен қатар «таза көмір» технологиясы негізінде жылу электр станцияларын жаңғыртуды қолға алдық.
Осылайша, ірі энергетикалық нысандардан ауаға тарайтын зиянды шығарындыларды 35 пайызға азайтамыз, деді Президент.

Су қауіпсіздігі мәселесі де ерекше назарда. Президент Арал теңізі жағдайына тоқталып, оның экологиялық апаттың айқын мысалы екенін айтты. Сонымен бірге, Солтүстік Аралды қалпына келтіру бағытында оң нәтижелер бар екені атап өтілді. Сондай-ақ Каспий теңізі экожүйесін сақтау мәселесі көтеріліп, оны қорғау үшін халықаралық деңгейде бірлескен шаралар қабылдау қажеттігі айтылды.

Президент халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтеріп, бұл ұсыныстың жаһандық деңгейде су ресурстарын тиімді басқаруға ықпал ететінін жеткізді.

-Су қауіпсіздігі – Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін аса маңызды мәселе. Болашағымыз тіршілік нәрін қаншалықты ұтымды әрі әділ пайдалана алатынымызға байланысты.

Арал теңізі салғырттықтың салдары қандай қасіретке әкеліп соғатынын еске салып тұрады. Сондай-ақ ол батыл әрі ғылыми негізі бар жүйелі шаралардың арқасында қандай нәтижеге жетуге болатынын көрсетеді.
Бүгінгі таңда Солтүстік Аралдың 36 пайызға жуығы қайта қалпына келтірілді. Судың сапасы жақсарып, балық қоры молайды, маңайдағы елді мекендердің тұрмыс-тіршілігіне қан жүгірді.

Бүгін Халықаралық Аралды құтқару қорының жоғары деңгейдегі кезекті отырысын өткіземіз. Жиын барысында әріптестерімізбен бірге Қазақстанның осы ұйымға үш жылдық төрағалығын қорытындылаймыз.
Сонымен қатар еліміз Каспий теңізінің тағдырына да алаңдайды. Теңіз айдынын қорғау – аймақта экологиялық тепе-теңдік пен биоалуантүрлілікті сақтау, орнықты дамуды қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша маңызды.

Осы орайда Қазақстан Каспий теңізінің тартылуына жол бермеу үшін мемлекетаралық бағдарлама қабылдау жөнінде бастама көтерді, Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын құруға ұйытқы болды. Аталған мекеме өңірлік деңгейдегі ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

Барша мүдделі халықаралық тараптарды табиғаттың осынау асыл қазынасын сақтау жолында күш-жігер біріктіруге шақырамыз.

Каспий маңында қарулы күштердің қолданылуына жол беруге болмайды. Оған қатаң тыйым салынуға тиіс.
Өңірлік деңгейдегі бастамалардан бөлек, біз су ресурстары саласында жаһандық ықпалдастықты кеңейтуге басымдық береміз.

Былтыр желтоқсан айында Ашхабадта БҰҰ агенттігі ретінде қызмет ететін Халықаралық су ұйымын құру жөнінде ұсыныс жасадым.

Аталған бастама өте өзекті. Өйткені қазіргі кезде БҰҰ жаһандық басқарудың бірізділігі мен тиімділігін арттыру үшін мыңдаған мандатты қайта саралап жатыр.

Бүгінгі саммит аясында бұл ұсынысқа қатысты халықаралық консультациялардың бірінші кезеңі өтетініне қуаныштымын, деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Биоалуантүрлілікті сақтау бағытында да Қазақстан нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Сирек кездесетін жануарлар популяциясы қалпына келтіріліп, орман алқаптарын ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Соңғы жылдары елімізде ауқымды көлемде ағаш отырғызылған.

Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бастамасы кең қолдау тауып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етуде. Бұл қозғалыс азаматтардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Президент сөзінің қорытындысында жер шарын қорғау – барша адамзаттың ортақ міндеті екенін атап өтті.

Бұл мәселе тек экологиялық емес, сонымен қатар экономикалық және стратегиялық маңызға ие. Осыған байланысты мемлекеттер жауапкершілік, ынтымақтастық, әділеттілік және нақты әрекет қағидаттарына сүйенуі тиіс.

Саммит қорытындысы бойынша Астана декларациясы қабылданып, өңірлік экологиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған маңызды шешімдер қабылданды. Бұл құжат алдағы уақытта Орталық Азия елдерінің бірлескен әрекеттеріне негіз болады.

Жұмагүл ИРГАСЫМОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!