Құдіретті мамандық

Құдіретті мамандық

Кітапхана – ғасырдан ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан, шырағы биік парасат пен білімнің киелі ордасы. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері.

Жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеуге, олардың қызығушылығын арттыруға, талғамына, таңдауына, қажетті тақырыптарын тауып беруге, әдебиеттерді іріктеуге көмек көрсету, оқуға деген көзқарасын ояту кітапханашының тікелей міндеті. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, елене бермейтін, бірақ, дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан мамандардың еңбегі ұшан-теңіз. Олар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда.
«Әдеби жол. Әдеби қонақжай». Дәл осындай тақырыпта өткен аптада Мемлекеттік тілде оқытатын Заречный орта мектебінде аудандық кітапханашылар семинары болып өтті. Семинарға аудандық білім бөлімінің әдіскері Гүлжан Батырханқызы және аудан мектептерінің барлық кітапханашылары қатысты. Кітапханашыларға арналған семинар мектеп кітапханашыларының жұмысын одан әрі жақсартып дамытып, ақпараттық-байланыс технологияларды жетілдіру жолдарын талдады. Сондай-ақ, семинар барысында оқушылардың ақпараттық сауаттылықты жетілдіру әдістемесі, ақпаратпен жұмыс істеудің басты бағыттары да талқыланды. «Қызықтар әлеміне саяхат» тақырыбында Сормов орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Бақытжамал Әжіғалиевамен кездесу болды. Бақытжамал Сейітқызы кітапханашыларға өзінің алғашқы жазған кітаптары туралы айтып, жүрекжарды әңгіме-дүкен құрды.
Жалпы алғанда, кітапханада атқарылып жатқан еңбек аз емес. Мұның барлығы болашақ жастардың игілігі үшін екенін барлығымыз жақсы білеміз. Ал кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушылар – кітапханашылар десек қателеспеспіз.
Қаламқас ДУЛЫБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!