Болашақ – ақыл мен парасатта

Болашақ – ақыл мен парасатта

Елбасының Қазақстандағы «бүгiнгi таңдағы идеологиялық саланың төрт шешушi басымдығы» ретiнде ұсынған «Ұлттың тұрақты дамуы», «Мемлекеттiлiктiң нығаюы», «Халықтың бiрлiгi» және «Келешекке сенiмi» бұрыннан айтылып келе жатқан және жүргiзiлiп отырған саясатпен қатар, iшкi саясаттағы жаңа құндылықтардың және мiндеттердiң енгiзiлгенiн бiлдiредi. Дегенмен оны әлi де жетiлдiре түсу сұранысқа ие болып отыр.

Қытай реформаторының айласы
Өткен ғасыр басында қазақтың ұлттық болмысы қандай деп қатты тебiренген Абай, елдің замана талабына бейiмделе бiлу қасиетiн «орынды қаракет» деп таныған едi. Абай iсiн жалғаған ХХ ғасыр зиялы қауымының көсемi Әлихан Бөкейхан ұлт болмысын, менталитетiн «Құдайдан соңғы күштi – тұрмыс iсі» деп айтқан-ды.
Хакiм Абай мал тапқыштардың iшкi сарайына үңiледi. «Көңiлдерi көкте, көздерi аспанда, адалдық, арамдық, ақыл, ғылым, бiлiм – ешнәрсе малдан қымбат емес дейдi. Мал болса, Алла Тағаланы да паралап алса болады дейдi. Оның дiнi, Құдайы, халқы, жұрты, бiлiм-ұяты, ары, жақыны бәрi – мал». Қарап тұрсаң, ойшыл Абай бүгiнгi жаңа ойсыз қазақтың жан дүниесiне үңiлгендей. Әйтпесе, сырттан келген әлгi бiлгiш маманның бiр кәсiбiн өзi үшiн де үйренiп алуына болады ғой. Әсiресе, сол өткен ғасырдың 60 жылдары игерiле бастаған мұнай-газ саласында әлі де қазақтың болмауы қалай?! Елбасының «Бiз онда акционер емеспiз бе? Олар Қазақстанда жұмыс iстеп жатып, бiздiң мамандарды неге тәрбиелемейдi? Бұған неғып жол берiп қоясыздар?! Олар бiздiң адамдарды қоғаммен байланыс менеджерi етiп қояды, одан жоғары ешкiм жоқ. Осыған назар аударыңыздар» деген сөзiнде ащы шындық жатыр.
1960 жылдары Қытайда ұлттық модернизациялау жылдарына дейiн дәл қазiр бiздiң елiмiзде жүргiзiлiп жатқандай саясат орын алыпты. Шетел инвестициясын елдiң iрi өндiрiс орындарына салғаннан ештеңе өндiре алмасын байқаған Қытай реформаторы Дэн Сяопин өн-дiрiс басшыларымен кеңес өт-кiзiп, мәселенi ашық талқыға салып, нақты міндеттердi айқындап берiптi. Мәселе былай болған: Қытай үкiметi шетел инвесторын құрметпен күтiп алып, оларға мәдени сауық-сайрандар көрсетумен, қала аралатып, түр-
лi сый-сияпат жасаумен ғана уақыт өткiзiптi. Олардың еңбек тәртiбiне, жұмыс iстеу тәжiрибесiне назар аудармаған. Нәтижесiнде, бiрнеше жылдар босқа өтіпті. Осыны дер кезiнде аңғарған Қытай көсемi ұлтқа пайдасы жоқ барлық мәдени шараларға қатаң тыйым сала отырып, шетелдiк мамандардың озық iс-тәжiрибесiн үйрену жөнiнде арнайы тапсырма берген. Осыдан соң iс өзiнiң нақты пайдасын бере бастапты.
Тағы да Абайға жүгiнемiз. Данышпан бабамыз бұл жерде де құрғақ ақыл айтып ғана қоймайды, жаңа нарықтың замана қаракетiне елдi үндейдi. Ол үшiн қолөнер үйренуге, өнерді игеруге шақырады. «Алдау қоспай адал еңбегiн сатқан қолөнерлi – қазақтың әулиесi сол». Ол ерiншек, жалқау, салғырт, кербездiкке салынбауға ақыл бередi, тасып, асып, мақтанып кетпеуге шақырады. Табысы құралмай, борышы асып, дауға айналып, адамшылықтан айырылып, қор болып кетуден сақтандырады.
Абай «Отыз жетiншi қара сөзiнде» азаматты ел үшiн еңбек етуге шақырады. «Өзiң үшiн еңбек қылсаң, өзi үшiн оттаған хайуанның бiрi боласың, адамгершiлiктiң қарызы үшiн еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлы боласың», – дейдi.

Ұлттың болашағы бәсекеде
Нарық заманының басты заңы – жаңғыру. Нарық – есеп, барды ұқсату, жоқты табу, кәсiби өнердi меңгеру, iскерлiк, белсендiлiк таныту. Қоғамдағы әр адамның орнын табу, әлемдiк бәсекелестiкке түсу, айласын асырып озып шығу, өзiн, ұлтын таныту.
Шетел инвестициясына мемлекет экономикасы бойын үйретіп алды. Одан айырып, еуропалық нарық мәдениетiн қалыптастыру қажет. Француздар «бүрге саудасы» нарық емес деп ескерткен.
Кез келген қоғамның тиiм-дiлiгi мен оның дамуы бүгiнгi таңда мемлекеттiң интеллектуалдық қорларының сапасына байланысты. Интеллект және әрбiр азаматының бiлiмi қаншалықты жоғары болса, мемлекеттiң бүгiнгi әлемдiк қауымдастықтағы бәселекестiкке қабiлетi соншалықты биiк болмақ. Қазiргi кезде мемлекеттер интеллектуалдық қорларымен бәсекелеседi. Жалпы, дамыған мемлекеттердiң ұлттық байлығының 75 пайызы тек адам капиталына арқа сүйеу арқылы жасалатыны тегiннен тегiн болмаса керек. Министрлiктер мен ведомстволар бұл мәселеге селқос қарап отырғаны да жасырын емес.
Бiзге жәй маман емес, дәл қазiр «өмiрде жетiстiкке жететiн адам, жұртқа және өз елiне пайдасы тиген адам» ұранына бас ұратын маман қажет. Кезiнде Американы аспандатқан осындай ұрандар болған. Президент Джон Кеннедидiң «Бiзге бұрын ешқайда, ешқашан болмаған нәрсенi армандауға қабiлеттi адамдар керек!» деген сөзi қоғам өмiрiне үлкен сiлкiнiс әкелген болатын. Қазiр халықаралық «Мак Кинси» компаниясы «Алға жылжы немесе жолды босат!» принципiмен жұмыс iстеуде. Қа-зiргi заманғы экономикада акцент материалдық құндылықтарға – тауарлар мен қызметке ғана емес, зияткерлік әлеуетке көбiрек аударылады. Ұлттың қабiлетi қазiргi заманғы бiлiмдi өзiне сiңiре бiлуiне, оқыту арқылы жұмыс күшiнiң интеллектуалдық потенциалын көтеруге тәуелдi болады, ол бәсекеге қабiлеттiлiк үшiн аса маңызды. Кадр мәселесiнiң әлi жұтаң болуы да осы тұрғыдағы жетiмсiздiк сияқты.
Адамдардың бiлiмi әрбiр он жылда жаңаланып, дамып отырады. Бiлiм ең бағалы әрi қажеттi ресурс. Әйтсе де, бiлiм мен кәсiптiң, бiлiктiлiк ұлттық құндылықтарға, рухани байлыққа, қоғамға борышкерлiк сезiмге, әлеуметтiк ынтымақтастық iспеттi маңызды құндылықтарға негiзделмесе, жасампаздық күшiн өмiрге әкеле алмайды. Бұл жөнiнде Елбасымыз: «Интеллектуалды ұлт – 2020» ұлттық бағдарламасын жүзеге асыруда үшiншi қажеттiлiк ретiнде жастардың рухани тәрбиесi екенiн ерекше атап өткен болатын. Бұл – жоғарыдағы ұранға жауап беретiн ең маңызды жауабымыз.
Былтырғы жолдауында алдыңғы қатарға ақылмен қосылу қажеттігін айтқан президент шенеуніктер мен компаниялар басшыларын цифрландыру үде-рісіне ерекше назар аударуға шақырған. «Үшінші жаңғыру бағдарламасы еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыруды, біздің тауарлардың экспортын кеңейтуді талап етеді. Индустриалды саясаттың негізгі бағыты технологияларды енгізуге қатысты болып отыр. Бұл бағыттың мән-жайын тыңғылықты түсіну керек. Осыған байланысты «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы дайын. Сондықтан оны жүзеге асыруға барлығы қатысуы керек, яғни әрбір министрлік, әкімдік, сондай-ақ, Қазақстандағы әр компания қатысуы тиіс», – деген еді.
Президент ел экономикасын шикізат нарығындағы тұрақсыздықтан қорғаудың жолын да көрсетіп берді. «Бүкіл әлемдегі сияқты екінші экономика жасауымыз керек. Өздеріңіз көріп отырсаңыздар, алдыңғы қатарлы мемлекеттерде, Оңтүстік Кореяда мұнай мен металл тұрмақ бір түйір көмір де жоқ. Сингапурда қандай көмір, темір, мұнай-газ бар? Бірақ ақылмен, оймен алдыңғы қатарлы елдердің легінде болды. Сондықтан біз білектің күшімен жерді қазып, қопарып, кенді далаға шығаратын қазақ болмай, жұрт сияқты ақыл-оймен, парасатпен ақша табуымыз керек… Біз кең даламызда кеннің бәрін қазып, шығарып, қатырып жатырмыз деп ойлаймыз. Қиын болса да индустриялық бағдарламаны қолға алдық. Бұл – біздің болашағымыз, еліміздің өркендеген мемлекеттер қатарына қосылу жолы. Бұл – біздің кадрларды дайындаудың мәселесі. Ендеше, жастарды басқаша жұмыс істеуге дайындау керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл – қазақтың болашағы. Сондықтан не болса соны жасамай, керекті, бәсекеге қабілетті дүниелерді шығаруымыз қажет», – деді.
Ақылды технологияларды кәсіпорындарға, ауыл шаруашылығына енгізу туралы айтты биылғы жолдауында. Ал, осы бетбұрысқа біздегі мамандар қаншалықты дайын? Президент жүктеген міндетті қазақ қоғамы түсінді ме, жоқ па? Оның нәтижесін бірер жылда көрерміз.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!