Балалар қиялына қанат біткенде…

Балалар қиялына қанат біткенде…

Қостанайда республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Қазақстан балалары шексіз әлемде!» атты республикалық кинофестиваль өтті. Тобыл жерінде екі кезеңнен (қалалық/аудандық және облыстық) іріктелген үздіктер бас қосты. Байқауда Жамбыл орта мектебінің оқушысы Андрей Крешко да бақ сынады.

134 оқушы,
9 номинация…
Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың мәжіліс залында екі күнге жалғасқан бұл шара «Рухани жаңғыру» бағдарла¬ма¬сын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды.
Байқау кезінде республикамыздың түкпір-түкпірінен келген 134 оқушының туындылары көрермен назарына ұсынылды. Дарынды балалар өз қиялдарын қойылымдар арқылы шебер суреттей білген. Айта кететін жайт, жас режиссерлер көбіне ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа, аз қамтылған отбасынан шыққан балалардың тұрмыстық тауқыметіне, жасөспірімдерге арналған гаджеттің әсеріне, достық, жалғыздық тақырыптарына ерекше назар ауда¬рған. Сонымен қатар, картиналары арқылы өлкетану бағыты бойынша туған жерге үлес қосуға ұмтылыстары мен сананы жаңғыртуда ұлттық кодты басымдықта ұстанатындарын да байқатты. Жас өскіннің бұл байқау арқылы шығар – машылық ой-қабілеті дамып, кино мәдениетіне деген қызығушылықтары артатыны сөзсіз. Сол себепті үміткерлер «Деректі фильм», «Әлеуметтік жарнама», «Ойынды кино», «Видео арт», «Анимация», «Музыкалық клип», «Stop-motion», «Ералаш», «Киножурнал» сынды 9 жанрды құрайтын ереже бойынша цифрлы технологиялардың көмегімен түсірілген 3 минутқа дейінгі қысқаметражды фильмдерін ұсынды.

Мақсат – дарындыларды анықтау
ҚР Білім және ғылым министрлігінің республикалық қосымша білім беру, оқу-әдістемелік орталығының сарапшысы Әсемгүл Нұрланованың іс-шараның ашылуында кино кез келген мемлекеттің мәде¬ниет айнасы іспетті екенін атап өтті.
«Негізгі мақсат – балалардың шығармашылық деңгейін, олардың танымдық кеңістігін, ой ұшқырлық деңгейін анықтау. Бұл жерде балалар өздерінің еліндегі, туған жеріндегі әртүрлі мәселелерді объектив көзімен, өздерінің түсінігімен жеткізе алады. Біз мұнда «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын басты ұстын етіп алдық», – деді Әсемгүл Нұрланова іс-шараның ашылуында..
Ол жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар күтіп тұрғанын айтып, сәттілік тіледі.
«Елу жылдық еңбек өтілі бар мен секілді педагог үшін бұл байқау шынымен де маңызды көрініп тұр. Өйткені, жан-жақтан жиналған дарындылар бас қосып, бір-бірімен сөйлеседі, тәжірибе алмасады. Бір жағынан олар өздеріне ұнайтын іспен айналысып, айналадағы кейбір жағымсыздықтардан бойларын аулақ ұстаса, екіншіден, өнердегі шеберліктерін шыңдайды. Біз Алматы облысынан 8 оқушы алып келдік. Олар жүлде алар-алмас, осы фестивальге келуінің өзі бірталай жетістік деп санаймын», – деді Мүслима Үсенбаева.

Қазылар не деді?
Қазылар алқасы 134 оқушының еңбегін сараптап, бағалау оңайға түспегенін айтады.
«Көбі кино жанрды таңдауда, оны түсіру кезінде қателескен. Мәселен, кейбірі кино, телевизия саласында жүрген кәсіби шеберлерге еліктеп түсірген. Тіпті, кейбірі студиялар дың кәсіпқой киногерлерін жалдап фильм түсіргендерін де мойындап жатты. Сондай-ақ, «Ералаш» әзіл-сықақ бейнеролигінде еңбектенбестен, дайын орысша каналдарда қойылып жүрген дүниелерді көшіре салғандар да бар. Қалай дегенмен, балалар байқауындағы туындылар сол кіршіксіз баланың ой-қиялы желісі арқылы жүзеге асырылу керек еді», – деді қазылар алқасының мүшесі Шұға Қоңқабай.

Үздік шыққандарға бағалы сыйлықтар берілді
Байқау қорытындысына облыстық білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.
«Құрметті жас режиссерлар, сценаристер, операторлар, актерлар! Сіздерді Қазақстан кино өнерінің болашағы деп білемін. Екі күн ішінде біз қандай дарынды ұрпақ өсіп келе жатқанына куә болдық, қуандық. Шығармашылықтарыңыз шыңдала берсін», – деді Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысы Василий Цымбалюк марапттау сәтінде.
Жалпы командалық есепте бірінші орынды Алматы қаласы жеңіп алса, екінші орынды Түркістан облысы, үшінші орынды қостанайлықтар еншіледі. Сонымен бірге, номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға планшеттер, ұялы телефондар және смарт-сағаттар табыс етілді. Жүлдегерлерді дайындаған жетекшілерге де сый-сыяпат үлестірілді.
Жеңімпаз атанғандардың бірі – түркістандық Бекзат Балтабай. Оның жұмысы «Киножурнал» аталымында үздік деп танылды.
«25 жасында қыршын кеткен әйгілі мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен туралы шағын киножурнал жасап шығардым. Фильмімде оның нағыз патриот болғанын көрсеттім. Келешекте кино немесе ІТ саласында жұмыс істегім келеді», – дейді Бекзат.
Фестивальге Жамбыл орта мектебінің оқушысы Андей Крешко да қатысқан болатын. Ол «Stop-motion» номинациясында бақ сынап көрді.
«Мен ұстаздар күніне арнап түрлі картиналарды біріктіріп жасаған бейнеролигімді көрсеттім. Ұзақтығы 2 минуттан сәл ғана асады. Әрине, менің жетістіктерім әлі алда. Сондықтан, орын алмадым деп қам жемеймін. Бұл орайда жетекшім Анна Кузнецоваға алғысым шексіз», – дейді 9-сынып оқушысы Андрей.
Жүлдегер атанған қостанайлықтар арасында Ділназ Әмірбекова («Киножурнал», 3-орын), Виктория Панкова («Музыкалық клип», 2-орын), Николай Борщевский («Stop-motion», 2-орын), Артур Пан («Видео арт», 2-орын) сынды оқушылар болды.
Асыл ҚАСЫМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!