Бүгінгі өрен – ертеңгі өркен
Қостанай аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен 5 мамырда «Алтын дән» мәдениет үйінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай «Ер Төстік» батырлар сайысы өтті.
Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел тірегі дегендей, балабақша қабырғасындағы және мектепке даярлық тобындағы балғын бүлдіршін – болашақтың бағдары. Тал шыбықтай майысқан сәттен бастап оған дұрыс ақыл‑кеңес, тәрбие берсек, жақсылық та соған қарай иіледі. Жақсы азаматты тәрбиелеу – тек ата‑ана мен мектептің ғана емес, барлық қоғамның міндеті. Осы ұстаныммен кітапхана жыл сайын ұлттық тәрбиені насихаттайтын сайыстар ұйымдастырады.
«Ер Төстік» сайысы 5 кезеңнен тұрды: зін‑өзі таныстыру, өнерін көрсету, асық ату, бата жатқа оқу, костюм үлгісі.
Әр кезең ұлттық тәрбиенің, салт‑дәстүр мен әдеп‑ғұрыптың алтын діңгегі болатын маңызды элементтерді қамтыды. Асық ату – тек ойын емес, балаларды шапшаңдыққа, қырағылыққа, икемділікке үйрететін ұлттық спорт. Бата айту кезеңі болса болашақ абыз азаматтардың – отбасына алтын діңгек болар ұрпақтың – рухани сабақтарын тереңдетеді.
Жарысқа 5 балғын үлкен дайындықпен келді. Қазылар алқасының шешімімен
«Шымыр жігіт» – Қанатұлы Раян (Абай атындағы негізгі орта мектеп), «Мерген жігіт» – Азиз Темірбек (Жданов жалпы білім беретін мектебі), «Батыл жігіт» – Нұрлан Нұрмұханбет (№ 1 Заречный жалпы білім беретін мектебі), «Өнерпаз жігіт» – Ержігіт Бексұлтан («Әдемі» бөбекжай‑бақшасы), Бас жүлде – Қуаныш Әзім Нұртайұлы (Айсары жалпы білім беретін мектебі) номинациялары бойынша марапатталды.
Әзім Нұртайұлының ұстаздары мен ата‑анасы қазақы дәстүрмен өрілген ерекше сахналық көрініс қойып, көрермендердің шынайы ықыласына бөленді. Ең үздік костюм номинациясын Заречный ауылы «Әдемі» бөбекжай – балабақшасының тәрбиеленушісі Ержігіт Бексұлтан еншіледі.
Осындай тәрбиелік мәні зор сайыстар арқылы бүлдіршіндердің бойына ұлттық рух пен рухани құндылықтар сіңіріліп, болашақ азаматтардың саналы да сапалы өсіп‑жетілуіне берік негіз қаланады.
Дана МЫРЗАБАЕА,
Қостанай аудандық орталық балалар
кітапханасының кітапханашысы
Добавить комментарий